Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

КҮНІ КЕШЕ ҒАНА АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДЕ  КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ АУҒАНСТАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАНЫНА  33 ЖЫЛ ТОЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КОЛЛЕДЖ  ҰСТАЗДАРЫ МЕН СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА 3Х3 БАСКЕТБОЛДАН ЖАРЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде.  Спорттық шара барысында жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге  тәрбиелеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз екендігі айтылды.

 Додаға  технологиялық бөлімнен екі команда, шетел бөлімі, қазақ бөлімі, қыздар құрамасы және оқытушылар командасы қатысып, өз бақтарын сынап көрді. Хакім Абайдың есімімен аталатын  колледжде өткізілетін әрбір спорттық шара тартысты. Жас буын өкілі ұстаздарымен бірге жиі достық жарыстарға қатысып, қабілеттерін шыңдап тұрады. Осы  жолы да жарыс қызықты өтті. Барлық командалар бір-бірімен ойнап шықты.

«3х3 баскетболының болашағы жақсы. Бұл спорт классикалық баскетболға қарағанда әлдеқайда серпінді», - дейді дене шынықтырудың оқытушысы Конкина Елена Александровна.

Ақтық мәреде технологиялық бөлімі (1) және қазақ бөлімінің командалары кездесті. Жарыс өте шиеленісті болды. Қатысушылар әр ұпай үшін күресті, ойын жылдамдығы жоғары болды. Нәтижесінде технологиялық бөлімі ептілікті қажет ететін қызу тартысты спорт ойынында жеңіске жетіп, 1-орынға ие болды. Ал, «Қазақ бөлімі» тобы  2-орынға жайғасты. 3-орын «Ұстаздар» командасына бұйырды.  ШИ 9-18 тобының студенті  Дария Дамир  және дене шынықтырудың оқытушысы Елена Конкина «Үздік ойыншы»  деп танылды.

 Дина ӘБДІҒАЛИЕВА