Иттер күзетшілік, мал бағып, жаюға пайдаланылып, аңшылық кезінде аң аулау сияқты көптеген қызметтерді атқарып, адамға көмектеседі. Десек те осы жануардан қоғамға, адамдарға қаншалықты зиян келетінін ұмытпаған жөн. Оларды жылма жыл құтырмаға қарсы вакцина егіп, эхинококкозға қарсы дәрілеп тұрмаса адам мен жануарларға ортақ көптеген ауруларды таратады.
Туберкулез, бруцеллез, құтыру, эхинококкоз сияқты аурулардан жыл сайын көптеген адам зардап шегеді. Адамдарды тістеу фактілері де азаяр емес. Қысқасы, ит иттігін жасайды. Мұндай қаңғыбас иттердің өмірімізге қаншалықты қауіпті екенін біле тұра, олардың санын көбейтпеуді қазірден бастап дұрыстап қолға алған жөн. Иә, қаңғыбас иттердің көбеюіне өзіміз себепкер боламыз. Себебі, күшік кезінде асырап, бағып-қағып, кейін өскен соң бос жібере саламыз. Осыдан келіп қаңғыбас итке айналады. Иттер өте тез көбейетін жануарлар, 6 айдан бастап күшіктейді. Олардың санын реттеп отырмаса аурулар таратуы, санитарлық тазалықты нашарлатуы мүмкін. Оларды аулап, жоюға қаншама қаражат жұмсалатынын да ұмытпаған жөн.
Осыны ескере отырып, тұрғындардан сұрайтынымыз, ит ұстасаңыз жауапкершілікпен қарап, ветеринариялық мекемелерге есепке тұрғызып, ветеринариялық төлқұжат рәсімдеп, құтыруға қарсы жыл сайын вакцина ектіріп, гельминттерге, эктопаразиттерге қарсы дәрілеп, бос қойып жібере салмай арнайы орында байлап немесе қамауда ұстап, адамның қадағалауымен серуендетіп жағдайын жасаңыздар. Және де қажеттілік болмаса ит-мысықтардың бей-берекет көбеюіне тосқауыл қойып, көшедегі тастанды күшіктердің санын азайтуға үлес қосыңыздар. Ол үшін мал дәрігеріне немесе ветеринариялық клиникаларға апарып, биологиялық стерилизация жасатыңыздар.
Үй ауласынан шығып, бақылаусыз, шылбырсыз, тұмылдырықсыз жүрген иттердің иелеріне ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 408-бабына сәйкес, облыстардың жергiлiктi органдары белгiлеген, қалаларда және басқа да елдi мекендерде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу болып саналады және ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш, яғни 9189 теңге мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 30630 теңге айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл бағыттағы әкімшілік істерді ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 729 бабының 3 тармағына сәйкес қалалық, аудандық, ауылдық округтерінің әкімдіктері жүргізеді.
Қаңғыбас иттерді және мысықтарды аулауды қалалық ветеринариялық станциялардың ит аулаушы топтары жүзеге асырады. Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан түскен шағымдар бойынша қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары қала көлемінде жүргізілуде. Қала тұрғындарының назарына жеткізе отырып, үй жануарларын (ит-мысықтарды) аулаларынан шығармай ұстауларын, жеке бақылауларына алуларын сұраймыз. Егер өздеріңіз тұрып жатқан мекенде көшеде жүрген қаңғыбас иесіз және ауруға күдікті иттер мен мысықтарды байқасаңыздар, Қарағанды облысы ветеринария басқармасының «Қарағанды қаласы ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК-ның Саран қаласындағы филиалына хабарлауды сұраймыз, Саран қ. Жамбыл көшесі 85 А, тел.: 5-82-51.
«ҚР АШМ ВБжҚК Саран қалалық аумақтық инспекциясы»
мемлекеттік мекемесі