16 ақпан күні «Adal komek» жобасы аясында Саран қаласы әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желісінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова тікелей эфирге шығып, қала тұрғындарын «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметі туралы» дайындаған баяндамасымен таныстырды.
Ғалия Төлегенқызының айтуынша, қазіргі уақытта қала тұрғындарының құқықтық білім деңгейін арттыру мақсатында мәдениет мекемелерінде бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Бүгінде барлық мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда мемлекеттік тілде іс жүргізуге жауапты мамандар тағайындалған. Саран қаласының әкімі аппаратында және оған қарасты барлық мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілде іс жүргізуге қатысты тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ, жыл сайын дәстүрлі түрде басқа ұлт өкілдерінің тәрбиеленушілері арасында балабақшаларда «Балабақша – тіл үйрену бастауы» конкурсы, қазақ тілі курсының тыңдаушылары арасында «Үздік тыңдаушы» конкурсы, «Тілдерді оқытудағы жаңа технологиялар» практикалық семинарлары, «Аударма мәдениеті, ресми құжаттардың сауаттылығы, мемлекеттік тілде іс жүргізу» әдістемелік семинары өткізіледі.
Биыл мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру арқылы қала тұрғындарының қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, білім бөлімі және жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Тілі бірдің-тілегі бір» атты жобасын іске қосты.
Одан бөлек, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанынан қоғам қайраткерлері, белсенділер, ақсақалдар, жетекші филологтардан құралған «Тіл қорғаны» жұмыс тобы құрылған. Топ мүшелері қазіргі уақытта шағын және орта бизнес өкілдері үшін ҚР «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарының талаптарын түсіндіру бойынша жоспарға сәйкес рейдтерге шығып тұрады. Жыл басынан бері топ мүшелері көрнекі ақпаратты зерттеу мақсатында 443 нысанды қамтыды.
Эфир барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова «Жедел желі» арқылы 85 кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілгендігін, 960 ақпараттық парақша таратылғандығын айтты. Бұдан басқа, кәсіпкерлер үшін Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының қызметкерлері азық-түлік дүкендері, киім дүкендері, тұрмыстық техника, сұлулық салондары, автожанармай құю станциялары үшін әр сала бойынша әзірленген сөздіктерді таратып, қысқа мерзімді оқыту курстарына шақырылды. Қазіргі уақытта қысқа мерзімді курстардан пошта қызметкерлері, сауда үйлерінің қызметкерлері өтуде. Оларға арнап арнайы тілашарлар да әзірленген.
2021 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында «Мәміле» жобасы іске қосылды. Қазіргі таңда клубта мемлекеттік тілді 23 адам оқып жатыр. Пандемияға байланысты сабақтар Zoom платформасында өткізілуде. Ал, Саран қаласы мен Ақтас кентінің мәдениет үйінде 46 клубтық құрылымдар жұмыс істеп тұр. Барлық ниет білдірушілер үйірмелерге тегін қатыса алады.
Эфир соңында Ғалия Төлегенқызы барлық іс-шараларға шолу жасап, алда әлі де бірталай жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА