Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЕЛІМІЗ БОЙЫНША БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕП БЕРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ. БҰЛ – СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ҮДЕРІС. ӘКІМДЕРДІҢ ЕЛ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ ТИІСТІ ДЕҢГЕЙДЕ БАҒАЛАП, ОРЫНДАЛМАҒАНДАРЫН ЖЕДЕЛ ТҮРДЕ ШЕШУ ҮШІН КҮШ ЖҰМЫЛДЫРУҒА ЖӘНЕ ДЕ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАП, НАҚТЫЛАУҒА МҮМКІНДІК ТУҒЫЗБАҚ. СОНДАЙ-АҚ, БҰЛ ӘКІМДЕРДІҢ ІСКЕРЛІГІ СЫНАЛАТЫН КЕЗЕҢ.

Сөйтіп, жылдағы есеп беру науқаны басталып кетті. Әңгіме шаһарымызға қарасты Ақтас кентінде өткен есеп беру туралы болмақ.

Кенттегі мәдени-сауық орталығында өткен жиынға ақтастықтармен бірге Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов, қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетов, қала әкімінің орынбасарлары мен мемлекеттік мекеме басшылары арнайы келіп қатысты.

ЭКОНОМИКА

Кент әкімі Бауыржан Ақанов 2021 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2022 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша есеп берді.

Бауыржан Заруханұлының сөзінен аңғарылғандай, есепті кезең ішінде көп іс тындырылғанға ұқсайды. Көшелерді жарықтандыру, жөндеу, асфальттау, абаттандыру бағыттарында да айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Жыл өткен сайын кенттің келбеті жақсарып, санитарлық тазалығы да артып келеді.

Кент әкімі мәлімдегендей, 2021 жылы Ақтас кентінің бюджетіне түскен түсімдердің көлемі 319 миллион 839 мың теңгені құраған, оның ішінде 29 миллион теңге, яғни 9,3% - салықтық /салықтық емес түсімдер бойынша меншікті кірістер. Ал 90,7% - ның едәуір бөлігін трансферттер алып отыр.

Коммуналдық меншікті тиімді басқаруды қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы коммуналдық мүліктің 55 объектісі бойынша құжаттама ресімдеу жұмыс жүргізілген.

Шағын және орта бизнесті дамыту қашан да мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып келеді және де солай болып қала бермек. Бүгінгі таңда кенттің өнеркәсіптік кәсіпорындарының өнім өндіру көлемі 3 миллиард 320 миллион 800 мың теңгені құрап отыр.

КӘСІПКЕРЛІК

Ал шағын және орта бизнестің 313 субъектісінде 824 адам жұмыс жасайды, өз кезегінде бұл салада жұмыспен қамтылғандардың саны 109% - ға дейін артқан. 2021 жылы аталған субъектілердің тауарлар, жұмыстар мен қызметтер шығару көлемі 2 миллиард 810 миллион теңгені құраған.

Ақтас кентінің ерекшелігі өнеркәсіптік сипатта екенін ескеретін болсақ, кенттегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 259 миллион 200 мың теңгені немесе 2020 жылдың көрсеткіштерге қарағанда 103,2% - ды құрап отыр. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығына себепті ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының пайда болу жағдайлары тіркелмеген.

Апта сайын жексенбі күндері «демалыс күндерінің сауда-саттығы» өткізіліп тұрды. Мәселен, қазан айында «Ауыл-береке» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдері мен бірінші кезектегі қажетті деген тауарлар бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік берген.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Бауыржан Заруханұлының өткен жылдағы атқарылған жұмыстары бойынша тілге тиек еткен келесі бағыты әлеуметтік салаға қатысты болды. Атап айтсақ: білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау салалары.

Аталған салада мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында халықты әлеуметтік қолдаудың барлық шаралары толық көлемде қамтамасыз етілді дейді кент әкімі.

Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 125 адам жұмысқа орналастырылса, 58 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген, ал Ақтас кентінің 8 тұрғыны кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқудан өткен екен.

Бұдан бөлек, 22 отбасыға 7 миллион 784 мың 800 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, 17 отбасыға 300 мың 900 теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалып, ерекше балаларды үйде оқытатын отбасыларға 466 мың 700 теңге сомасында 9 жәрдемақы төленген.

Сонымен қатар, жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына 15 миллион 763 мың 300 теңге сомасында қолдау көрсетілді дейді Ақтас кентінің әкімі.

БІЛІМ

Бауыржан Заруханұлының баяндауынша кенттегі мектептердің жобалық қуаты білім алушылар санына сәйкес келеді. Мектептер  мультимедиялық кабинеттермен, оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен толық көлемде жабдықталған. Есептік кезеңде 35 бірлік компьютерлік техника сатып алынған.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Карантинге қарамастан кент тұрғындары қалыпты жағдайда өмір сүріп, жұмыс жасауларын жалғастыра берді. Отбасылық денсаулық орталығында шұғыл науқастарды қабылдау үшін фильтрден өткізу жұмысы жалғастырылуда, жоспардағылар жазба бойынша қабылданады. Науқастар 36 миллион 100 мың теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Сондай-ақ ақысыз түрде халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жүргізілді. 2021 жылы 1 компонентпен кенттегі 4008 адам немесе тұрғындардың жалпы санынан 61,8%, ал 2 компонентпен 3852 адам немесе тұрғындардың жалпы санынан 59,4% егілді.

Біз өз тарапымыздан коронавирустың алдын алу және вакцинация жасатудың қажеттілігі туралы белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

Карантиндік шектеулер әдеттегі жұмыс әдістерінің өзгеруіне әкеп соқты, мәдениет саласы да бұл өзгерістерден тыс қалмады дейді Бауыржан Заруханұлы.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудың маңызды бір бөлігі - жылумен, жарықпен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету.

Бұл тұрғыда жазғы кезеңде әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандардың 2 қазандығы мен 3 автономды жылыту жүйесінде жөндеу жұмыстары жүргізілген екен.

Десекте, үй ішілік инженерлік жүйелердің тозуы және жеке тұрғын үй иелерінің жылыту маусымына сапасыз дайындығы салдарынан туындаған авариялық жағдайлар орын алған көрінеді. Осылайша, есепті кезеңде 46 апат жойылған. Бүгінгі таңда қазандықтар штаттық режимде жұмыс жасауда дейді кент әкімі.

2021 жылы Ақтас кентінде судың жиі тоқтап қалуы байқалған болатын. Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетуші желтоқсан айында Қарағанды қаласында диаметрі 800 мм су таратқышты кесу бойынша жұмыс жүргізді, яғни енді Ақтас кентіне су таратқыш Михайловка ауданы арқылы қоректендірілмейді, осылайша судың тоқтап қалу проблемасы өз шешімін тапты.

«Қарағанды Жарық» энергиямен жабдықтаушы ұйымымен әуе және кабельді электр беру желілерінде және трансформаторлық қосалқы станцияларда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Көше жарығы бойынша Ақтас кентінде жарықшамдары бар 29 бағана орнатылса, кенттегі Привольная, Космическая, Ленинградская көшелері бойынша  54 бағанада жарықшамдар ауыстырылған.

АБАТТАНДЫРУ

Бұдан бөлек, жалпы ауданы 5000 шаршы метрден асатын 4 ауланың аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, Орталық алаң абаттандырылған, балалар ойын кешені, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, Ленинградская көшесінде орналасқан № 24 тұрғын үйдің ауласындағы футбол алаңына жөндеу жұмыстары жасалған екен.

Сондай-ақ, аялдама павильондарын сырлау, қураған ағаштарды кесу, ағаштарды, бордюрлерді әктеу және автомобиль жолдары бойындағы  қоқыстарды жинау жұмыстары жүргізілді.

Көлік инфрақұрылымын жөндеу бойынша жалпы ауданы 2000 мың шаршы метрден асатын 1-ші және 2-ші Гражданский тұйық көшелері бойынша автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жасалған.

2022 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН

НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕР

Біріншіден, жер телімдерін пайдаланғаны үшін төлем жасау, жер телімдерін сатудан түскен түсімдерді аудару, жер телімдерін жалға беру құқығын сатқаны үшін төлем жасау сынды салықтың 3 түрін ауыл бюджетіне аудару есебінен жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту және салық салынатын базаны кеңейту бойынша жұмыстар басымдықта қала бермек.

Екіншіден, халықты тұрақты коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету міндеті алға қойылмақ. Қазіргі таңда 18 орамдағы қазандықты демонтаждау және одан әрі 13, 18 орамдардың тұрғын үй қорын жылыту жүйесіне қосу мақсатында 5 аса қуатты жылыту қазандығы мен 2 сорғы станциясын орната отырып, «Нұрлы Жол» қазандығын қайта жаңарту мәселесі қарастырылуда.

Сондай-ақ, Саран қаласы әкімінің қолдауымен ағымдағы жылы Ақтас кентіндегі үйлерді орталық газбен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңмен қосу бойынша жұмыстар жоспарланып отыр.

Үшіншіден, кентті абаттандыру бойынша жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ. Көшені жарықтандыру бойынша 12 көшеге энергия үнемдейтін шамдармен жаңа жарықтандыру тіректерін орнату жоспарланған.

18 орамдағы футбол алаңы жөнделеді, сондай-ақ Привольная көшесіндегі 26,28, Кржижановский көшесіндегі 12, 14, 21, 23 көпқабатты тұрғын үйлерге қарасты 2 аула абаттандырылатын болады.

Кржижановский көшесі, 29 және 1, 2, 3 шағынаудандардағы үйлердің ауласында; Первомайская көшесі, 5, 10; Космическая көшесі, 9, 15; Привольная көшесі, 28, Ковыльная көшесі, 44 және Ленинградская көшесі, 22 бойынша  балаларға арналған 9 ойын алаңдарын орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, кент бойынша қосымша 30 бейнебақылау камерасын орнату қарастырылуда.

Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында: зираттағы жолды және Бородина тұйық көшесі бойындағы кварталішілік автомобиль жолын (Бородина көшесінен Кржижановский көшесіне дейін) орташа жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, Привольная көшесі, Лихачев көшесі, Первомайская көшесінің жұп жағы бойынша Мәдени-сауық орталығы мен Кржижановский көшесі бойындағы «Колонка» аялдамасы ауданындағы жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Әлеуметтік сала бойынша халықты мемлекеттік қолдаудың заңда көзделген барлық шаралары толық көлемде қамтамасыз етілмек.

Тағы бір атап өтетін жәйт, Саран қаласы әкімінің қолдауымен 2022 жылға кентті қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр дейді Ақтас кентінің әкімі.

Ақтас кенті мәдени-сауық орталығында өткен жиынға қатысқан кент тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Қойылған әрбір сұраққа кент әкімі тұщымды жауап беріп, тұрғындар көтерген мәселе үнемі назарда болатынын жеткізді.

Осының бәрі кент тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Елдегі ахуалға қарамастан Ақтас кентінде оңды өзгерістердің орын ала бастағаны шындығында да қуанышты жағдай.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ