ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ БАС МҮФТИ НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ ҮСТІМІЗДЕГІ 2022 - ЖЫЛДЫ «ИСЛАМ - ЫНТЫМАҚ ЖӘНЕ БІРЛІК» ЖЫЛЫ ДЕП ЖАРИЯЛАҒАН БОЛАТЫН.
Осы орайда, өткен аптаның соңында Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасына сәйкес имандылық, бірлік және салауатты өмір салты сынды ислами құндылықтарды жастарға насихаттау мақсатында Саран қалалық орталық мешітінің ұйымдастыруымен шағын футболдан «Бірлігіміз-жарасқан» атты турнир өтті.
Игі іс-шараның ұйымдастырылуына Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы Саликов Мұхаммедқали қажы Сапарғалиұлы ұйытқы болды. Жамағатты жарастыруда өзіндік бағыты бар Саран қалалық орталық мешіті ұйытқы болған футбол сайысына жергілікті жамағат пен мешіт шәкірттері қатысты. Атап айтқанда, Саран шаһары мен Ақтас кентінің жамағаты мен шәкірттерінен құралған 8 команда ала допты қақпаға дөп тебуден өзара бақ сынасты.
Мешіт жамағаты арасында ұйымдастырылған футбол турнирінің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл жастары арасында спортпен шұғылдануға ықпал ету, жамағат арасындағы байланысты нығайту. Сонымен қатар, татулық пен ауызбіршілікті одан әрі нығайту болып табылады.
Сегіз команда қатысқан сайыста үшінші орынды «Саран мешіті» құрама командасы иеленсе, «Болото» командасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Ал, бәйгенің бас жүлдесі «Саран мешітінің шәкірттері» командасының қанжығасына бұйырды.
Сондай-ақ, бақ пенен бап сыналған сайыста сыннан сүрінбей өтіп, табандылық танытқан ойыншылар қосымша «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Сұрмерген» номинациялары бойынша марапатталды.
Бұдан бөлек, аталмыш турнирді өткізуге атсалысқан Саран қаласының Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Сыздықов Раймбек Өмірбекұлы мен спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қуат Талғат Қуатұлына Саран мешітінің атынан қасиетті «Құран» кітабы сыйға табысталды.
Бас имам Мұхаммедқали қажы Сапарғалиұлы марапаттау рәсімі барысында сөйлеген сөзінде «Бүгінгі күнде мешіт – тек мінәжат орны ғана емес, рухани һәм дүнияуи қажеттіліктеріміздің іске асар құтты мекені» деп атап өткен болатын.
Жамағат арасында өткен аталған турнир бас имам айтқан межеден шыға білді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ