Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДЕ ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМДІ ОЯТАТЫН ТАНЫМДЫҚ КЕШ ӨТТІ.

Таяуда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде «Жігер» жастар ұйымының ұйымдастыруымен «Ауғанның отты жалыны» атты тақырып аясында Ауған соғысының ардагері Төлеубай Сутемгеновпен кезекті «Сыр-сұхбат»  жүгізілді.

-  Сіздер білесіңдер 14 ақпаннан бастап біздің колледжімізде бірталай іс-шаралар өтті. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 33 жыл толуына байланысты тәрбие сағаттары, оқ атудан, баскетболдан жарыс өтті. Енді осы іс-шараларды  қорытындылау  мақсатында  сыр-сұхбат өткізуді жөн көрдік. Бүгінгі іс-шара жақсы өтеді деген ойдамын, - деп  Саран қаласы мәслихатының депутаты, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев  өзінің кіріспе сөзінде атап өтті.

Осы жолы сыр-сұхбаттың қонағы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ынтымақ ауылының тумасы, төрт баланың асқар таудай әкесі, Ауған соғысының ардагері Төлеубай Сутемгенов болды.

Төлеубай Тұяқұлы өзінің бір жарым жылын Ауғанстанда өткізген. 1986 жылы жылы Ауғанстанда аттанып, сұрапыл кезеңді басынан өткерді. Ауғанстанға аттанбас бұрын, Түркіменстанның астанасы Ашхабадқаласында  арнайы алты айлық курстан өтті.

 «Ең бастысы – аман-есен оралдық. Аяқ-қолымыз сау, ешқандай жаралану, контузия болған жоқ», - деді Ауған соғысының ардагері.

Колледждің бірінші және екінші курс студенттері аталмыш әдеби шараға жақсы дайындалған.  Ауған соғысының ардагеріне арнап бейнеролик жасап, оның өмірбаяны мен жүріп өткен жолы жайлы тереңнен сыр шертті. 

 «Жігер» жастар ұйымы  жастардың патриоттық сезімін оятатын, ерлік пен қайсарлықты дәріптейтін, отбасылық құндылықты көрсететін көріністі назарға ұсынды. Ардагер көріністі тамашалап, өзінің жастық шағын еске алып, бүгінгі жастарымыз өз елінің нағыз патриоты болуы тиіс екендігін айтты.

«Қазіргі жастар өз Отанын, Қазақстанды қорғауы керек. Қазақстанды қорғау үшін не керек? Денсаулық керек. Қару-жарақты білу керек. Қазақ айтады: «Жау жоқ деме, жау арасында», - деп. Ұлдар болсын, қыздар болсын қашан да бәріне дайын болуы керек», - деді Ауған соғысының ардагері.

Сыр-сұхбаттың соңында студенттер ардагердің марапаттары мен құрмет грамоталарымен жақын танысты. Ерен ерлігін ұлықтады. Өлең жолдарын арнап, арнайы кешке дайындаған презентациясын көрсетті. Іс-шараны жүргізген «Жігер» парламентінің үйлестірушісі Алишер Манаш Ауған соғысының ардагері Төлеубай Сутемгеновке алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

 Суреттерді түсірген:  Камила ОСПАНОВА