АБАЙ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ БІРІНШІ РЕТ «COWORKING» ОРТАЛЫ АШЫЛДЫ. БІЛІМ ОРДАНЫҢ КІТАПХАНАСЫНДА ОРНАЛАСҚАН ОРТАЛЫҚТА ОҚУШЫЛАРДЫҢ СҮЙІКТІ ІСІМЕН АЙНАЛЫСУЫНА БАР ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН.
18 ақпан күні Қарағанды облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың бастамасымен, Саран қаласы білім бөлімінің қолдауымен Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылардың жан-жақты болуына мүмкіндік беретін «Коворкинг» орталығы ашылды.
Ашылу салтанатына Саран қалалық мәслихатының хатшысы Өміржан Баймағанбетов, Саран қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайрбек Омаров пен қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев қатысып, мектептің бірінші қабатынан бастау алатын Абай залымен танысып, екінші қабатта білім алушылардың кітап оқып отырған сәтін тамашалады.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Саран қалалық мәслихатының хатшысы Өміржан Баймағанбетов пен Саран қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайрбек Омаров қазіргі заманда бұрынғыдай кітап тапшылығы жоғын айтып, оқушылардың ізденіп жақсы білім алуына, өз қабілеттерін шыңдауға бар жағдай жасалынып жатқандығын тілге тиек ете отырып, білімнің кәусәр бұлағы – кітап екендігін айтты.
Орталықтың ашылу қуанышында 2000-2003 жылдар аралығында аталмыш мектепте директордың қызметін атқарған, 2021-2022 оқу жылындағы облыстық «Оқырмандар отбасы» байқауының жүлделі ІІ орын иегері, саясаттанушы, қоғам қайраткері Серік Мұстафин құрметті қонақ ретінде шақырылды.
«Мектепте коворкинг орталығының ашылғанына қуаныштымын. Бұл орталықтың мақсаты – балалардың орталыққа деген кітап арқылы өнерге деген құштарлығын ояту. Талаптарыңыз нұрлы болсын», - деп ізгі тілегін білдірді саясаттанушы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, заманға сай жабдықталған коворкинг орталығы – оқушыларға тың бизнес-идеяларды ойлап табуға, жан-жақты дамуына, сондай-ақ, оқу және педагогикалық бағдарламалар аясында жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға қатысқан қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев: «Бірінші коворкинг орталығын Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте ашып отырмыз. Бұл біздің алғашқы қадамымыз. Енді бұл істі әлі де жалғастырамыз», - деп өскелең ұрпақ пен жігерлі жастарға арналған орталық қызметіне сәттілік тіледі.
Хакім Абайдың есімімен аталған білім орданың оқушылары жыр мен өлеңнен шашу шашып, мектеп қабырғасында заманауи орталықтың ашылғанына қуанышты екендігін жеткізді.
- Мектеп ұжымын осы коворкинг орталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Өзім де өте қуаныштымын. Себебі кітап оқу арқылы әрбір адам тіл байлығын дамытады және де функционалдық сауаттылығын да арттыра алады, - деп Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп парламентінің президенті, 8 –сынып оқушысы Мәуленқызы Жанерке өз пікірін білдірді.
Қазіргі таңда Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте 790 бала білім алуда. 2021 жылы мектептің бірінші қабатында «Абай залы» жасалынып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханасына екінші өмір сыйланды. Іші заманға сай жабдықталып, оқушылардың рухани азық алуына барлық жағдай жасалынды. Биыл кітапхананың қоржыны 400 ертегі мен 700 әдеби кітаппен толықтырылды.
Таяуда ғана ашылған коворкинг орталығы кітапхананың ішіне ерекше сән беріп тұр. Бір жағынан оқушылардың зейіндерін ашуына септігін тигізсе, екінші жағынан бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік беруде. Орталыктың ішіне кірген бетте сөрелерді қат-қабат тізіліп тұрған әдеби, тарихи кітаптарға еріксіз көз түседі. Оның өзінде ғылыми тәжірибе жасауға, танымдық белсенділікті арттыруға арналған және бейресми кездесулер мен демалыс аймақтары бар. Одан бөлек, заманауи жоғары жылдамдықты интернетпен, WI-FI желісімен, электронды панельмен, ноутбуктармен, кітап сөрелерімен, кітап көрмелерімен жабдықталған. Жеке жұмыс жасауға арналған алаң да бар. Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Гүлден Иманкулованың айтуынша, кітапхананың іші жылда білім саласындағы кітаптармен жаңартылып тұрады.
«Коворкинг орталығы – балалардың бірлесе оқуына жағдай жасау, интеллекті ойындар ойнауға, бір-бірімен пікіралмасуға, оқыған кітаптарымен ой бөлісуге арналған орталық. Балаларды бос уақыттарын осы жерде тиімді пайдалануға шақырамыз», – деді мектеп директоры.
Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлының айтуы бойынша, белгіленген жоспарға сәйкес, 25 мамырға дейін қалалық білім бөліміне қарасты барлық мектептерде коворкинг орталықтары ашылмақ. Осы аптада № 13 жалпы білім беретін мектепте заманауи коворкинг орталығын ашу жоспарлануда.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген: Камила ОСПАНОВА