Саран қаласынан 16 оқушы жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде өз білімін сынап көреді.
Саран қаласында 14-22 ақпан аралығында жалпы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылардың арасында өткізілетін республикалық олимпианың екінші қалалық кезеңі өтті. Дәстүрлі олимпиаданың ашылу салтанаты онлайн форматта ұйымдастырылды. Барлық білім бөлімі мен әділ-қазылар алқасы жиналған жиында Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев алғы сөз сөйлеп, олимпиадаға қатысуға бел буған білім алушыларға сәттілік тіледі. Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы М.Ю.Ишмуратова да мектеп оқушыларға деген жылы лебізін білдірді.
Сынақтың алғашқы күндері (яғни жаратылыстану-математика циклі бойынша) екі пәннен өтіп тұрса, кейін қоғамдық-гуманитарлық пәндер циклі басталған кезде бір күнде үш пәннен өткізілді. Олимпиадаға қатысқан 243 оқушы он алты пәннен сынақ тапсырған. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, 17 мектеп-гимназиясының базасында өткен аталмыш олимпиада биыл «Бір оқушы – бір компьютер, бір камера» деген принцип бойынша өтті.
- Биыл олимпиада онлайн және оффлайн режимде өткізілді. Арнайы платформа арқылы үш жерден бейнежазба жүргізілді. Балаларды компьютерлердің алдынғы камералары түсіріп отырса, одан бөлек балалардың жұмыс үстелі де назарда болды. Сондай-ақ, онлайн режимде арнайы ютуб трансляция жүргізілді, - деді қалалық білім бөлімінің әдіскері Дәурен Бейсенұлы.
Олимпиаданың барысы онлайн-оффлайн форматта өткендіктен балалар бірінші арнайы республика ұсынған «okulyk.kz» платформасында жеке логин мен парольдарымен кіріп, берілген тапсырмалармен танысқан. Кейін оффлайн режимде жауап парақшаларға дұрыс нұсқасын белгілеп отырған. Дәурен Бейсенұлының айтуы бойынша, биылғы олимпиаданың тағы бір өзіне тән ерекшелігі – ата-аналар мен ұстаздар оқушылардың нәтижесін Саран қаласы білім бөлімінің ресми сайтынан көре алуында.
«Олимпиада өте жоғары деңгейде, барынша әділ, нақты тұрғыда өтті десек болады. Ешқандай бұрмашылық болған жоқ. Олимпиада барысында барлық санитариялық-эпидемиологиялық жағдайлар сақталды. Балалардың барлығы арнайы масканы тағып, бір жарым метр ара қашықтықты сақтады. Сондай-ақ, барлық кабинеттер кең жолақты интернетпен жабдықталған, балалардың интернетке кіру жағы жақсы қамтамасыз етілді. Әрбір бала жеке өзіндік ноутбукпен жабдықталып, сонымен жұмыс жасады. Ағылшын және неміс тілдері пәндері бойынша арнайы құлаққаптармен жабдықталды. Сондай-ақ, олимпиадаға Қарағанды облысы білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» аймақтық-ғылыми-практикалық орталығынан бақылаушы өкіл Әлібек Бейсенбаев қатысты»,- деді Дәурен Бейсенұлы.
Осы тұста ескеріп кететін жайт, олимпиаданың жалпы үш лекпен ұйымдастырылуы. Бірінші легте 9-сынып оқушылары сағат 10:00 мен 12:00 уақыт аралығында тапсырса, екінші болып 10-сынып оқушылары 13:00-ден 15:00-ге дейін тапсырып шығуы тиіс, ал 11-сынып оқушылары 16:00-ден 18:00-ге дейін олимпиада тапсырмаларын орындаған. Оқушылар тапсырған жұмыстардың өзі арнайы шифрланып тұрды. Яғни, тексеріс барысында мұғалімдер мен әділ-қазы алқасы барлық ұсынылған жауап парақшаларды бірдей көріп, әділ бағалауға мүмкіндік берді.
Осы жолы әділ-қазы мүшелігіне көптеген оқу орындары шақырылды. Қарағанды мемлекеттік университетінен, Орталық-Қазақстан академиясынан, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің оқытушылары мен қалалық білім бөліміне қарасты білікті мектеп ұстаздары қатысты.
Биыл жалпы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылардың арасында өткізілген республикалық олимпианың екінші қалалық кезеңінің нәтижесі бойынша, олимпиадаға қатысқан 243 оқушы ішінен тек 16-сы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қалалық кезеңнен сүрінбей өткен білім алушылар енді келесі облыстық кезеңге дайындалатын болады. Саран қаласының намысын қорғайтын мектеп оқушыларына сәттілік тілейміз. Алар асуы мен бағындырар белестері көп болсын.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА