Көктем мезгілі – Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі үшін қарбалас тіршілікке толы маусым. Себебі қыс бойы жиналып қалған жұмыстар, еріген қар, су тасқыны секілді айтып келмейтін төтенше жағдайлардың барлығы дәл осы мезгілде көп орын алады. Апат айтып келмейді. Оған қашан да дайын болу үшін жыл сайын «Көктем – 2022» оқу-жаттығулары ұйымдастырылып тұрады.
Ағымдағы жылы дәстүрлі шара 3 наурыз күні «Сұңқар» стадионының алаңында сап түзеуден бастау алды. Оқу-жаттығуға Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов қатысып, қаламыз қаншалықты төтенше жағдайларға дайын екендігіне, дайындық әзірлігіне өзі көз жеткізді. Оқу-жаттығуға қалалық полиция бөлімі, азаматтық қорғау өртке қарсы қызметі, инженерлік қызмет, медициналық көмек көрсету қызметі және басқа да төтенше жағдайлар құрылымдары мен мекемелердің өкілдері қатысты.
«Көктем 2022» оқу-жаттығуын бекіте түсу үшін Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенконың басшылығымен практикалық сабақтар өткізілді. Шара шеңберінде су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілді. Арнайы техниканың көмегімен қар үйінділері тазартылып, ерікті жастардан құралған «Еріктілер» тобының көмегімен аз қамтылған көпбалалы анаға көмек көрсетілді. Қар басып қалған үйдің ауласы қардан тазартылды. «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» демекші, өртке қарсы қызметтің қызметкерлері мотопомпа арқылы артық суды шығару әдісін бір пысықтап алды.
- Біз төтенше жағдайларға әр секунд сайын, минут сайын дайын болу керекпіз. Кез келген апатқа дайынбыз, - деді № 24 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Арман Бексеитов.
Сондай-ақ, оқу-жаттығу барысында қаланың су тасқыны қаупі бар учаскелер назарға алынды. Қауіпті кезеңде бетпе-бет келетін төтенше жағдайларды жою жоспары және халықты эвакуациялау, су басуы мүмкін аймақтардан төрт түлік пен материалдық құндылықтарды сақтап қалу жоспары қарастырылды. Су тасқыны мен су тасқынына байланысты төтенше жағдайларды жою бойынша жұмыстарды жүргізу тәртібі мәселесіне қатысты нұсқаулық - әдістемелік сабақтар өткізілді. Қала тұрғындарына сақтық шараларын ескертетін нұсқаулықтар таратылды. Одан бөлек, қалалық аурухананың қызметкерлері төтенше жағдайға тап болған адамға алғашқы көмек көрсетті.
Биыл «Көктем – 2022» оқу-жаттығуына дайындық барысында Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі оқу-жаттығудың басшылық штабы құрылды. Саран қаласының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып оқу-жаттығуды өткізу жоспары бойынша қажетті құжаттар пысықталған болатын.
Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, шаһарда авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының бөлімшелерімен практикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес командалық-штабтық оқу-жаттығуларға 13 құрылым, 55 адам және 24 бірлік техника тартылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Фото: Камила ОСПАНОВА