Жыл сайын әлемнің барлық мемлекеттерінде 1 наурыз күні – Дүниежүзілік Азаматтық қорғау күні атап өтіледі. Бәрімізге мәлім, біздің елімізде көктемнің алғашқы күні бір-бірімізге алғыс айтудан басталады. Осы атаулы қос мереке аясында Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен қалалық аурухананың өкілдері Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен кездесті.
Кездесу басталмас бұрын Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің алғашқы әскери технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Аманбек Бидахметов жоғары сынып оқушыларға эвакуация кезінде ұстанатын тәртіп пен ережелермен таныстырып, адам денсаулығына зиян келтірмейтін қауіпсіз жерге шығу жолдарын егжей-тегжей түсіндіріп берді.
Кейін төтенше жағдайлар бөлімінің аға-инженері Лаура Алпысбаева білім алушылармен сұрақ-жауап жүргізіп, төтенше жағдайларға қаншалықты әзір екендігін тексеріп көрді. Лаура Алпысбаеваның айтуынша, ағымдағы жылы Қарағанды облысы бойынша барлық іс-шаралар «Азаматтық қорғаныс және апат кезінде көшірілген адамдармен жұмыс, еріктілердің рөлі және пандемияға қарсы күрес» атты ұранмен өткізілмек.
Сондай-ақ, оқушыларға Саран қаласының 24-ӨСБ өрт сөндірушісі Айдос Торғаев өрт сөндірушілердің дайындық әзірлігін көрсетіп, санаулы уақыт ішінде арнайы жұмыс формасын үстіне киіп көрсетті. Кездесу барысында білім алушылар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шаралармен және зардап шеккен адамға қалай дұрыс алғашқы көмек көрсету керектігімен танысты.
Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінде жылына бірнеше рет төтенше жағдайларға қарсы оқу-жаттығу жұмыстары жоспарлы түрде өтіп тұрады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Фото: Камила ОСПАНОВА