Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай  Саран қаласының мәдениет үйінде аяулы арулардың құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шарада қаламыздың қоғамдық өміріне атсалысып жүрген, түрлі салада белсенділігімен көзге түскен нәзік жанды мамандар марапатқа кенелді.

Көктем мезгілімен бірге айналаның барлығы да әдемі қанық түстерге боялып, күннің шұғылалы сәулесі бойға жылулық сыйлап, көңілге қуаныш ұялата түседі.  Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін мейрамда ару қыз-келіншектерге ерекше ілтипат көрсетіліп, қадір-қасиеттері арта түседі.  Биыл да Саран қаласында ерек мерекелік шара өткізілді.  Концертке қатысқан барлық қыз-келіншектерге хош иісті гүл шоқтары беріліп, ізгі тілектер айтылды. Әуезді әннің сүйемелдеуімен  сахнаның дәл ортасында ілініп тұрған «Led» экран арқылы қаламыздың арулары көрсетілді.

Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні сахна төріне қала әкімі Ержан Темирханов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетов  нәзік жанды әйелдер қауымына ізгі тілегін жолдап, түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен жандарды «Күміс алға» төсбелгісімен, құрмет және алғыс хаттармен марапаттады.

- Құрметті нәзік жандылар, аяулы аналар сіздерді келе жатқан көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз –  Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Сіздер әрдайым қуат пен шабыттың көзісіздер. Сіздер бүкіл қоғамды гүлдендіріп, жақсарта түсесіздер. «Ана», «Жар», «Әпке», «Қызым» деген сөздер әрқашан жылулық пен нәзіктік сезімімен байланысты. Біздің қаламыздың әйелдері тек отбасында, үй шаруасында ғана емес, әр түрлі қызмет түрлерінің шыңына жететінін атап өткен жөн, - деді құттықтау сөзінде қала әкімі Ержан Темирханов.

Келесі болып сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетов: «Аяулы аналарымыздың жетістіктері бүкіл халықтың мерейі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан әйелдерінің ақыл-парасаты, ерік-жігері мен жасампаздығы барлық қиындықты еңсеріп, сын-қатерлерге төтеп беруімізге септігін тигізуде» деп айтқан болатын. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің іргесін бекітіп, абыройын асқақтату жолында ер-азаматтармен қатар өңірде, саясатта, дін саласында, медицинада, әлеуметтік заң салаларында еңбек етіп жүрген әйел-аналарымыздың еңбегі орасан зор»,- деп атап өтті.

 Салтанатты шарада № 9 арнайы мектеп – интернатының тәрбиешісі Салтанат Султанбекова, көпбалалы ана Акгул Тауакил «Күміс алқа» төсбелгісімен, № 6 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Аброева, қалалық орталық аурухананың аға мейірбикесі Наталья Картанович, «Колобок» бөбекжайының дене шынықтыру нұсқаушысы Наталья Меньшикова және  № 13 жалпы білім беретін мектептің химия пәні мұғалімі Гульназиф Разагулова облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.  

Сондай-ақ, Саран қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алмагүл Қарабекова, «Саранькоммунсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның экономисті Надежда Богатыренко Саран қаласы әкімінің Құрмет грамотасына кенелді.

№ 2 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяжан Күзенбаева, № 7 мектеп-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күнімай Молдабаева, «SUNPAPER» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі менеджері Анна Власова, «QazTehna» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сату жөніндегі менеджері Анна Выдрицкая, Саран қаласының орталық ауруханасы Саран қаласының № 1 отбасылық денсаулық орталығының жалпы практика дәрігері Гүлжан Омарова  және «QazTehna» ЖШС персонал бойынша басқармасының басшысы Мария Щелупанова қала әкімінің алғыс хатына ие болды.

-              Құрметті әйел адамдар, аналар, әріптестер сіздерді бүгінгі 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын! Зор денсаулық, еңбекте табыс, өмірде бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қазақстанның барлық әйелдерін мерекемен құттықтаймын, - деді № 2 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяжан Күзенбаева

Қала әкімінің алғыс хатымен марапатталған Анна Александровна да барлық аруларға арнап ақжарма тілегін жолдап, шарадан алған әсерімен бөлісті.

-              Әрбір әйел, ана үшін сахнаға шығып, алғыс сөздерін есту үлкен мәртебе. Саран қаласының әкіміне көп рақмет. Қаламыздың ең үздік әкімі. Біз үшін көптеген жетістіктер жасалды, қаламызды дамытуға, көркейтуге көп істер атқарылды. Барлық әйелдер, аналар, әжелер, қыздар сіздерді келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Әлемдегі барлық аналарға айтар алғысым шексіз, - деді «SUNPAPER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілік мәселелер жөніндегі менеджері Анна Власова. 

Сол күні қалалық мәдениет үйінің киелі сахнасында айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әндердің бәрі-бәрі  отбасындағы бақыт пен берекенің ұйытқысы болып келетін асыл анаға, адал жарға, аяулы апа-қарындастарымызға арналды.

Эстрада әншісі Райымбек Сатыбалдының орындауында «Махаббатым», «Счастье» әндері көрерменнің жүрегін баурап алса, Еуропа Чемпиондары «J and J» дуэтінің шеберлігі  дүйім жұртты тамсандырды.  «300 тобы» вокалдық-иструменталдық тобының, Азат Туранел мен Гульбану Серикованың орындауындағы әндер тыңдаушының жүрегінен орын таба білді.  Мерекелік шараға қатысқан әрбір нәзік жан сол күні рухани демалып, жақсы кештің куәсі болды десек, артық айтқанымыз емес.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

ФОТО: Камила ОСПАНОВА