Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ШАҺАРЫНДА МЕЙІРІМДІЛІК ПЕН СҰЛУЛЫҚ, ДАНАЛЫҚ ПЕН РУХАНИ ҚУАТТЫЛЫҚ САЛТАНАТ ҚҰРҒАН, ЯҒНИ, 8 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ТҮРЛІ ШАРАЛАР РЕТ-РЕТІМЕН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, САРАНДЫҚ АЯУЛЫ АНАЛАР МЕН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ.

Осы орайда, Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында, ұстаздар қауымын құттықтады. Мерекелік шара қалалық «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының акт залында өтті.

Салтанатты жиынға қала мектептерінің ұстаздары мен білім саласының ардагерлері қатыстырылды.

Ұстаздарды құттықтау барысында білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлы: «Бүгінгі қоғамда нәзік жандылар сан түрлі саланың қыр – сырын меңгерген. Әсіресе, білім саласында ұлағаттылықтың ұлы жолын таңдаған ұстаздар қауымында – нәзік жандылардың алар орны ерекше. Бұл дегеніміз әйел-ұстаздардың еліміздің ең басты байлығы адами капиталын дамыту жолында, яғни өскелең ұрпаққа білім беру жолындағы белсенділігі, беделі мен мәртебесінің көрінісі. Расында, болашақ ұрпақтың бойына саналы білім нұрын құйып жүретін, жауапты да ұлағатты еңбек иелері - ұстаздар қауымының қашанда орны бөлек, тұғыры биік.

Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз, аяулы арулар!» - дей келе, нәзік жандылардың қоғамдағы мәртебесі мен маңызына тереңірек тоқталды.

Шара барысында Арман Болатұлы 2 ұстазды Қарағанды облысы білім басқармасының грамотасымен, 2 ұстазды аталған басқарманың алғыс хатымен, бір ұстазды Қарағанды облысы әкімдігінің алғыс хатымен, 3 ұстазды Саран қаласы әкімдігінің грамотасымен, 2 ұстазды қалалық әкімдіктің алғыс хатымен, 11 ұстазды Саран қаласы білім бөлімінің грамотасымен, 20 ұстазды қалалық білім бөлімінің алғыс хатымен марапаттады.

Сонымен қатар, шаһардың ер-азаматтары мен балғын бөбектер сахнада орнатылған арнайы экран арқылы, ұстаздар қауымына деген жүрекжарды тілектерін жолдады.

Салтанатты жиын барысында жергілікті өнерпаздар барша қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, бүлдіршіндер аяулы жандарға әсем әндерін арнады.

Әйел – отбасындағы бақыт пен берекенің ұйытқысы. Бар әлем әйелді тіршіліктің бастауы, адамзаттың анасы деп құрметтеп, қошемет көрсетеді. Әйел заты – сарқылмайтын күш, тіршілігіміздің қайнар бұлағы.

Ендеше, тағдырдың тезінен қажымай, қиындықтарды жеңе отырып, жан-жағына мейірім шапағатын сыйлайтын барлық нәзік жандыларды әрбір отбасының берекесі, мемлекетіміздің мерейі деп біліп, үнемі құрметтеп жүрейік!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ