Таяуда «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы Қарағанды облысы білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес колледж студенттері арасында облыстық пікірсайыс турнирін ұйымдастырды.
Жарысқа қатыспас бұрын ең алдымен әрбір колледж ішіндегі лигалар арасында облыстық турнирге қатысу үшін іріктеу ойындары өткізілген. Саран қаласының жігерлі жастары да бұл турнирден қалыс қалмай, бақтарын сынап көрді.
- Турнирге біз барынша мұқият дайындалдық. Бізге резолюцияны турнирге дейін бір апта қалғанда жіберді. Балалармен бәрін қарастырып талқыладық. Колледжішілік дебаттық турнир өткізілді. Оның қорытындысы бойынша бізде бірінші орынды Кобзева Виктория мен Дария Дамир иеленді. Жеңімпаздар облыстық ойындарға жолдама алды, - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің қоғамдық пәндер оқытушысы Айсенім Айткенқызы.
Пікірсайыс қозғалысын дамыту және насихаттау мақсатында өткен облыстық турнирге жиырма төрт орыс лигасы қатысуға ұсыныс білдірген. Оның тек төртеуі ғана финалға өтті. Бұл додада Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Негізінде аталмыш білім орданың студенттері үшінші жыл қатарынан дебат ойындарынан машықтанып жүр. Қазіргі уақытта зияткерлік үйірмесіне 15 студент қатысып, пікірсайыс ойынына деген қызығушылығын білдіруде. Дебат үйірмесіне жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық курс студенттері қатыса алады. Топ мүшелері аптасына бір рет жиналып, американдық парламенттік формат бойынша өз ойларын дөп жеткізуден жаттығуда.
- Біз жыл сайын облыстық турнирге қатысамыз. Өткен жылы пікірсайыс турнирі пандемияға байланысты онлайн форматта өтіп, онда біздің команда екінші орынға ие болды. Сол жылы біздің спикер Кобзева Виктория облыстың «Үздік спикері» атанды, - деп толықтырып өтті Айсенім Айткенқызы.
Биыл облыстық турнир мемлекеттік және орыс тілінде өтті. Бастапқыда іріктеу кезеңі онлайн режимде болса, жартылай финал мен финалдық ойын оффлайн форматта өткізілді. Барлық жеңімпаз және жүлдегер командаларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА,
тілші