Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ЕҢБЕК ЕТПЕЙ ЕЛГЕ ӨКПЕЛЕМЕ, ЕГІН ЕКПЕЙ ЖЕРГЕ ӨКПЕЛЕМЕ». БҰЛ МАҚАЛ ӘСІРЕСЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢГЕ САЙ АЙТЫЛЫП, ЕНЖАРЛЫҚТАН ЕТЕК-ЖЕҢІН ЖИЯ АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕРГЕ ҚАМШЫ БОП ТИСЕ ИГІ. ҚАЗІРГІ КҮНІ «ІС ҚЫЛАМЫН, ҚОҒАМҒА ПАЙДА ТИГІЗЕМІН» ДЕГЕН ЖАСТЫҢ ЖОБАСЫ ДАЙЫН, ЖОЛЫ АШЫҚ.

Бар мәселені қаржыға тіреместен, арманын мақсатқа, мақсатын іске асырған талапкердің бірі – Саран қаласының тұрғыны Ардан Баймолдин. Ол былтырғы жылы қала әкімінің 1 миллион теңге грантын жеңіп алып, Саран шаһарындағы тұңғыш әрі жалғыз «Nomad» ұлттық спортты дамыту орталығын ашқан болатын.

Араға көп уақыт салмай, аталған орталық өз нәтижесін де көрсетіп үлгерді. Оған дәлел, осы наурыз айының басында Қарағандыда дәстүрлі садақ атудан өткен республикалық турнирде «Nomad» ұлттық спортты дамыту орталығының шәкірті Қалым Әсем Талғатқызының үшінші орынды қанжығалауы. Ә дегеннен-ақ, Әсемнің мұқым қазақ елінің түпкір-түпкірінен жиналған байрақты бәсекеде құралайды көзге атқан 150 мергендерінің ішінен топ жарып, жүлделі орынға табан тіреуі өте үлкен жетістік. Бұл бір.

Екіншіден, «Nomad» ұлттық спортты дамыту орталығын ашып отырған Ардан Өміртайұлының шәкірт дайындаудағы ерен еңбегі, алға қойған мақсаты мен атқарған ісінің нәтижелі көрсеткіші.

Республикалық ашық турнирде 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің мергендік өнерін паш етті. Ұлттық спорт түрінен біріншілік төрт жас санаты бойынша өтті: 7-ден 9-ға дейін, 10-нан 12-ге дейін, 13-тен 15-ке дейін және 16-дан 18 жасқа дейін. Сонымен қатар, топтар ұлдар мен қыздарға бөлінді. Мергендер үш бағытта жарысты. Жас спортшылар олимпиадалық (фито), түрік (путо) және қазақ (жамбы) нысаналарына оқ атты. Ардан Өміртайұлының айтуынша, соңғысы ең қиыны болды.

«Әсемнің дивизионында 13-тен 15 жасқа дейінгі 20 қыз болды. Нысанаға дейінгі ара қашықтық 20 метр. Ал біздің залдың ені 5 метр болса, ұзындығы 10 метр ғана. Осындай қысқа ғана дистанцияда дайындалып жүріп, Әсемнің республикалық сайыста бірден жүлделі үшінші орын иеленуі біз үшін жеңіспен пара-пар. Оның үстіне, осы орталық ашылған сәтте пандемияға байланысты елімізде ұлттық спорт түрлерінен қалалық немесе облыстық деңгейдегі ешбір сайыс өткізілген жоқ болатын. Сондықтан Әсемде дүбірлі додаларға қатысып, шыңдалатындай мүмкіндік болмады. Тек қана осы залда дайындалып жүрді. Ақыры бірден республикалық турнирге шақырту алдық. Басында мен тек тәжірибе жинау үшін қатыстырғым келген-тін шәкіртімді. Десекте, осы Әсемнің республикадан жүлдемен оралатынына менде бір іштей сенім болды. Нәтижесінде, Әсемнің сол сенімімді абыроймен ақтап отырған жайы бар», – деп ағынан жарылды жаттықтырушысы Ардан Баймолдин.

Кейбіреулер «белгілі бір бизнеске үлкен күш керек, қаржы керек» деп, «кәсіп» десе ат-тонын ала қашады. Нағыз ерліктің өзегі тәуекел екенін тіпті ұққымыз да келмейді. Қазір – жаңарған заман. Дәуір алмасып, жағдай түзелген шақ. Ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғыруда. Біздің қалада не көп, сан түрлі спорт залдары мен орталықтары көп. Ол жақсы әрине. Бірақ олардың ішінде не жетіспейді? Спорттың қай түрі даму жағынан кенде қалуда. Әрине, ол ұлттық спорт түрлері. Яғни, бізге не істеу керек? Ұлттық спортымызды дамытып, өскелең ұрпаққа насихаттауымыз қажет. Мінекей, Ардан Өміртайұлының негізгі ойы мен мақсаты да осында. Осы ой Арданның көкейінде жүрсе керек-ті. Ақыры әкімнің грантын ұтқан соң арманына ерік беріп, нар тәуекелге бел байлады. Ал нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар!

– Елімізде жастарға жағдай жасалып-ақ жатыр. Мұны жоққа шығармауымыз керек. Іс қыламын десең идея толып жатыр. Оған демеу де жоқ емес. Жыл сайын түрлі мөлшерде гранттар да беріледі. Соның біріне, яғни, 2021 жылы аймақ басшысының грантына қатысып, 1 млн. теңге жеңіп алдым. Шүкір. Ол қаражатқа ұлттық спорт орталығына қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Менің ойымша, бұл атқарған ісіміз ең бірінші ұлттық спорт түрлерінің құлашын кеңге жайып, дамуына қосқан үлесіміз деп білемін. Оны да атап өткен абзал. Осы бір талабымды қолдап, ісімнің оңалуына жәрдемдескен қала әкімі Темирханов Ержан Оралұлына алғыс білдіремін. Бизнес жоспар жасауда білгендерімен бөлісіп, қол ұшын созған «Саран қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлеріне де алғысым шексіз, – дейді жас кәсіпкер.

Асылында, бұл Саран шаһарындағы ең алғашқы әрі жалғыз ұлттық спорт орталығы. Ардан Өміртайұлының айтуынша, бұнда – тек садақ ату ғана емес, сонымен қатар қазақша күрес, асық ату сынды ұлттық спорт түрлері де бар. Әзірге залдың жетіспеушілігіне байланысты орталықта балалар ұлттық спорттың тек осы үш түрімен айналысуда. Алдағы уақытта тоғыз құмалақ, арқан тартысу, қол күрес, жекпе-жек сынды спорт түрлерін де енгізу жоспарда бар дейді Ардан Баймолдин.

Міне, кәсібін ашып, оны ары қарай дөңгелетемін дегендерге осылайша жағдай жасалып отыр. Ендігі жерде бизнес жоспары бар жастар осындай қолдаудың шарапатын сезініп, өзіндік жұмыстың өзегін жандандыруы қажет-ақ.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ