ЖЕРЛЕСІМІЗ ЩУЧИНСК ҚАЛАСЫНДА ӨТКЕН ГРЭППЛИНГ ГИ ЖӘНЕ НО ГИДЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КУБОГЫНДА БІР ДЕГЕН ДЕ ҚОС АЛТЫНҒА ИЕ БОЛДЫ.
Таяуда Щучинск қаласында жастар және жасөспірімдер арасында грэпплингтен жарыс ұйымдастырылды. Жан-жақтан келген кілең мықтылардың бәсекесінде Саран қаласының намысын талай дүлділдерді түлетіп ұшырған «Arystan» спорт клубының шәкірті Жанель Кусаинова қорғады.
Салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру және спортты, грэпплингті және оның бағытын одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылған спорттық дода екі күнге созылды.
Алғашқы күні қатысушылар грэпплинг но ги спорт түрінен сынға түсті. Онда біздің жерлесіміз 64 келі салмақ дәрежесінде қарсыласын жеңіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
- Жекпе-жектің бірінші күнінде біз кимоносыз күрестік, яғни грэпплинг но гиге қатыстым. Онда үш айқасты сәтті өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеттім, - деді жеңімпаз.
Ал екінші күні грэпплинг ги жекпе-жек түріне кезек берілді. Ол сынақтан да жерлесіміз сүрінбей, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жанель – спорт шебері, грэпплинг күресінен Баку әлемінің күміс жүлдегері. «Arystan» спорт клубында жаттығып жүргеніне бес жылдан асса да, бүгінде ауыз толтырып айта алатындай бір емес бірнеше жетістіктері бар. Қазіргі таңда ол «Болашақ» академеясының 3 курс студенті. Соған қарамастан, әр апта сайын сүйікті спорт түрімен шұғылданғанды ұнатады.
Жанель грэпплинг күресімен айналыспас бұрын оған дейін алты жылға жуық жүзумен, бір жылдай жеңіл атлетикамен айналысқан. Әкесінің ұсынысымен «Arystan» спорт клубына барып, кейін аталмыш спорт түріне деген қызығушылығы арта түскен. Жеңімпаз қыздың келешекке тілер арман-мақсаттары да көп. Солардың бірі – спорт әлемінде әрі қарай машықтану болса, екіншісі – ағылшын тілін жетік меңгеру.
Аз уақыт ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізген Жанельге сәттілік пен байрақты бәсекелерде топ жаруын тілейміз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА