НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ – ЕЖЕЛГІ ЗАМАННАН ҚАЛЫПТАСҚАН ЖЫЛ БАСТАУ МЕЙРАМЫ. ҚАЗІРГІ КҮНТІЗБЕ БОЙЫНША НАУРЫЗДЫҢ 22-СІ КҮН МЕН ТҮННІҢ ТЕҢЕСУІ КЕЗІНЕ КЕЛЕДІ. НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУ ДӘСТҮРІ ДҮНИЕЖҮЗІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ КӨПШІЛІГІНІҢ ТҰРМЫС-САЛТЫНДА БАҒЗЫ ЗАМАНДАРДАН ОРЫН АЛҒАН.
Жер аяғы кеңіп, көктемнің ұлық мерекесі – Наурыз да келіп жетті. «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген баталы сөздерден өз бастауын алатын мейрамның игілігі мен қуанышы ерекше. Тамырын тереңге жайған осынау мереке тазалық пен татулықтың, береке мен бірліктің тұғырын нығайтып, адамдарды шаттық пен қуанышқа кенелтеді. Табиғат тосын мінез көрсетіп, сіркірей жауған жауын-шашынға қарамаған байзақтық тұрғындар айтулы мерекені асқан ұйымшылдықпен тойлады.
20 наурызда Саран шаһарында ұлы дала төсінде құт пен береке бастауы, ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы – әз-Наурыз салтанат құрды. Күн мен түн теңесіп, жыл басы наурыз мерекесін көпшілікпен бірге тойлау үлкен мəртебе. Бірін-бірі құшақтай қарсы алысып, көрісе амандасқан ағайынның қуанышы - күллі елдің қуанышы. Көріскен жамағаттың жадыраған жылы жүзі осыны аңғартқандай еді.
Сарандықтар биыл әз-Наурызды қалалық «Сұңқар» стадионы алаңында орналасқан этноауылда тойлады. Сол тойға қала тұрғындарымен қатар кенді шаһардың әкімі Ержан Темирханов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетов те қатысты.
Мереке басталмай тұрып-ақ, қазақ халқының әуезді әндері мен домбыра үні естіліп тұрды. Одан әрімен сахна «Күн», «Жер-Ана», «Ауыл», «Қыдыр ата» сияқты көріністермен көмкерілді. Мерекенің мәнін басты тағам – наурыз көже мен қазақтың дәстүрі – шашу аша түсті.
Дүбірі алыстан естіліп жатқан мереке сағат 11-де ресми түрде басталып кетті. Жұртшылықтың да күткені осы еді. Ата-дәстүрімізде осындай ұлы күнді халықтың атқа мінер азаматтары бастаған. Осыған орай қала әкімі Ержан Темирхановқа сөз берілді.
– Наурыз – көктемгі жаңару мен жаңғырудың, нұр мен ізгілік табиғатының керемет мерекесі. Ата-бабаларымыздан күні бүгінге дейін сақталған осынау күнді тойлау дәстүрі шаһардың бас алаңындағы бірнеше сағаттық мерекелермен шектелмеуі керек. Ұлыстың ұлы күні әр үйде жалғасын таба берсін. Баршаңызды осынау айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, отбасыларыңызға амандық, дастархандарыңызға береке тілеймін, – деді өз жүрекжарды лебізінде қала басшысы.
Сонымен қатар, Ержан Оралұлы мерекелік күнге арнайы дайындалған киіз үйлерді аралап, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін тамашалады.
Мерекелік шарада сөз алған мәслихат хатшысы Өміржан Зейнешұлы: «Наурыз – бабаларымыздан мұра боп қалған мейрам, бұл күні табиғаттың өзі жанданып, тіршілік түлейді, адамдардың жүректері мейірім мен жылылыққа толады. Бүгін барлық сарандықтар ұлтына, дініне қарамастан, Наурыз мейрамын тойлауда. Ұлыстың ұлы күні еліміз бен жеріміз үшін ырыс пен берекенің, бақыт пен тұрақтылықтың, жаңару мен жаңғырудың бастауы болғай», – деп ақжарма тілегін білдірді.
Саудасы қызып жатқандардың құдайы берді. Сәнделіп безендірілген сауда сөрелері алыстан менмұндалайды. Шар сатушалар да қарап қалмады. Балалар үшін неше түрлі үлгідегі шарларды алып келіп, үрлеп қойған.
Наурыз көжені таратып жатқандардың ісін мақтауға болады. Олар дәмді елге тегін таратып, жұмсақ бауырсақтарын да қоса ұсынуда. Мерекенің бас ордасы болған «Сұңқар» стадионының тігілген киіз үйлер, сауда және қайырымдылық шатырлары тігілген. Орталық алаңда жиналғандардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Қала тұрғындары әз-Наурыз мерекесіне арналған концерттік бағдарламаны тамашалап, арнайы орнатылған экскурсиялық киіз үйлерде қонақта болып, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, өмір салтымен танысты.
Әсіресе, қолына қыран бүркітті отырғызып алған бүркітші бала көпшілік қауымның назарын өзіне аудартып, бүркітті өмірінде тірідей алғаш көріп тұрған қала тұрғындарының қызығушылықтарын тудырды. Жиналған жұрт селфилетіп, болмаса қасындағыларға өтініш білдіру арқылы кезекке тұрып, қыран бүркітті ұстаған жас бүркітшімен суретке түсіп жатты.
Қонақтар дәмдi наурыз көжеден, құрттан, ыстық ет пен сорпадан, бауырсақ пен бүйректен, ақ сүт пен айраннан дәм татып, мереке шуағына кенелдi. Сонымен бiрге, дастархан басына келген қонақтарды домбыраның сыңғырлаған сазды үнiн қосып, әсем әнмен қарсы алуға тырысып бақты.
Бұдан бөлек, орталық алаңға Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағынан түйе, ат, пони сынды жануарлар арнайы алынған болатын. Төрт аяқты үй жануарларына бүйрегі бұрған тұрғындардың бір бөлігі кезек-кезекпен түйе, ат немесе пониге мініп, қызыққа молынан батты.
Айта кеткен жөн, бұл күні ұлттық спорт та ұлықталып, түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Себебі дәл осы сәтте орталық алаңда шаһар тұрғындары арасында қол күресі, гір тасын көтеру, қазақ күресі сияқты ұлттық ойындар ойнатылды.
Шыны керек, ұлттық спорт түрінен өткен ойындар көптің көңілінен шықты. Әсіресе қазақ күресі мен қол күресінен болған сайыстарда жеңімпаздарға сыйлыққа тірі екі қой берілді. Сарандықтар бұл ойындарға бір кісідей атсалысты. Орталық саябақта мықтылар кір көтеріп мықтылығын танытса, палуандар боз кілемде күш сынасты.
Кішкентайлар алаң ортасына құрылған алтыбақан маңын жағалауда. Әткеншекке таласа мінген олар алтыбақанның адамға лық толғанына да мән берер емес.
Бұдан кейін мереке ән-думанға ұласты. Саран шаһары мен Қарағанды қаласы өнерпаздарының қатысумен қалалық мәдениет үйі ұйымдастырған концерттік бағдарлама көпшілктің назарына ұсынылды. Концерттік бағдарламалар сарандықтарға естен кетпес көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жалпы, айта кеткен жөн, екі жылдан астам уақыт ашық аспан астында думанды жиынға жиналмаған ағайынның да қарасы көп болды. Олардың дені мерекелік бағдарламаны тамашалап, киіз үйлерден дәм татып, алаңда құрылған сауда нүктелерін аралап, мәз-мәйрам күйге енді. Қала жұртшылығы жетi түрлi дәмнен жасалған наурыз көжеден дәм татты. Төс қағыстырып, амандық сұрасты. Алаңға келген қала тұрғындары мен қонақтары қазақша күрес, арқан тарту, асық және жамбы ату, гір тасын көтеру, қол күрес секілді жарыстарға белсене қатысып, тігілген жүлделерді ұтып алды.
Ең бастысы, осындай ұланасыр мереке сыйлаған жергілікті билікке жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, тарқасты.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, ағаштан бал, шөптен сүт тамған шуақты мейрамды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Наурыз несібесін бөліскен жалпақ жұрт Жаңа жылдан жақсылық күтеді. Ендеше, ұлт үмітін үкілеген ұлық мерекенің алты алашқа әкелер айтулы жеңістері көп болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА