Таяуда № 6 жалпы білім беретін мектептің қабырғасында «Шығармашылық әрекет арқылы экологиялық тәрбиені қалыптастыру» атты қалалық семинарға куә болдық. Семинарға қатысқан қалалық білім бөлімінің әдіскерлері: Елена Коробова мен Наталья Павловна және қалалық мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, география, биология мұғалімдері, әлеуметтік серіктестері № 6 жалпы білім беретін мектептің білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие жүйесімен жақын танысты.
Мектеп директоры Татьяна Мазина қалалық семинардың қатысушыларына алғысын білдіре отырып, мектеп ұжымы экологиялық мәселелерге бей-жай қарамайтындығын айтты. Тіпті мектеп парталарында тұрған су ішуге арналған стақандардың өзі пластиктен емес қағаздан жасалған.
«Қазір адамдарды оффлайн режимде жинауға мүмкіндік бар. Бұрын біз онлайн режимде жиналатынбыз. Сол себепті осы мүмкіндікті онтайлы пайдалана отырып, осы уақыт аралығында атқарған жұмыстарымызбен, жетістіктерімізбен бөлісуді жөн көрдік. Біз «ЭкоОбраз» жүйесінде жұмыс істейміз. Бұл бір реттік іс-шара емес, біз бұл шарамен 14 жыл көлемінде айналысып келеміз», - деді мектеп директоры.
«2008 жылдан бастап мектеп халықаралық жобаларға белсенді қатысып келеді. «ЭкоШкола», «Электр қуатымен жұмыс істейтін мектеп» жобасы және «Жас репортерлар қоршаған орта үшін» атты үш халықаралық жобамен тығыз байланыстамыз», - деп атап өтті № 6 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Антон Чагин.
Мектептің ішіне кірген бетте жайқалып өсіп жатқан жасыл гүлдерге, қабырғада тоқ көзін үнемдеуге шақыратын ескертпелерге еріксіз көз түседі. Бұл білім орданың оқушылары жастайынан суды бостан бос ысырап етпеу керектігін, тоқ көзін үнемдеу керектігін саналарына тоқып өскен. Нағыз табиғаттың, жануарлардың жанашырлары десек те болады. Себебі экологиялық акциялардан бөлек мектеп көп жылдар бойы қаламыздағы иесіз қалған үй жануарларға арналған баспанасымен тығыз жұмыс жасап келеді. Оған қалалық шара аясында да көз жеткіздік. Мектепте «Мейірімділік қорабы» бар. Бұл қораптың ішінде үй жануарларға ұсынатын сый жатыр. Семинарға келген кез келген қатысушы да өз атынан жануарларға көмек қолын ұсына алды. Одан бөлек бұл мектеп қайырымдылықпен жиі айналысады. Қағаз, пластик сынды қоқыстарды арнайы жәшіктерге жинап, кейін макалатураны қабылдайтын пункттерге тапсырып, одан жиналған қаражатты қайырымдылыққа береді.
Аталмыш қалалық семинардың өзі үш үлкен бөліктен тұрды. Бірінші бөлігі балалар мен ересектерді экологиялық қозғалысқа тарту, қоршаған ортаны сақтау, қалпына келтіру және қорғау проблемаларына назар аудару мақсатында «Школа за экологию: думать, исследовать, действовать» шарасымен бастау алып кейін түрлі бағыттағы экологиялық шаралармен жалғасын тапты. Атап айтқанда, оқушылар тұрмыстық қалдықтарды өңдеу тәсілдерін зерттеумен, бүгінде өзекті мәселелердің бірі – экологиялық мәселелер жайлы өз ойларын ортаға салды, осы айда оқып, тоқыған білімдерін қорытындылады. Сондай-ақ, «EcoMap - школьной среды» атты шара басында мектеп экожүйесінің экологиялық жағдайын сараласа, «Сами с усами» мультстудиясы 10 жыл ішіндегі өз жұмысының шеңберінде жинақталған экологиялық тәжірибесімен таныстырып, күн энергиясы туралы жаңа мультфильм жасау жұмыстары қалай жүріп жатқандығымен бөлісті. Сонымен қатар, иесіз қалған үй жануаралары жайлы мол мағлұмат берілді.
Бекітілген бағдарламаның екінші бөлігінде қонақтар экологиялық тәрбие бағытын жүзеге асыруда «Edutainment» әдістемесін қолданумен жақын танысты. Онда оларды «Экомарафон», «Зеленая школа», «Думай по-зелёному» атты зияткерлік ойындары, «Эковакансий» жәрмеңкесі мен қоршаған ортадағы экологиялық мәселелерді қарастыратын іс-шаралар күтіп тұрды.
Эко-старттан бастау алған семинардың үшінші бөлігі де қызыққа толы болды. Мектеп оқушылары энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану туралы әңгімелеп, әр түрлі шамдармен танысты. Оқушылар топтарымен бірлесіп қолда бар құралдардан электр энергиясын өндіру бойынша эксперименттер жүргізді. Эко-ойыншықтарды, экоқаламды ойлап тауып, тәжірибе жүзінде қолданып көрді.
Сондай-ақ, «Greenschool» шарасында балалар көк шөптің қалай шығатынын, гүлдердің тұқымын қалай дұрыс отырғызып, кейін жайқалып өсуі үшін қандай күтім жасау керектігімен танысты. Семинар соңында экологиялық марафон өткізілді.
Қатысушылар экологиялық семинардан алған өз әсерлерімен әлеуметтік желіде бөлісті. Ол үшін «WhatsApp» әлеуметтік желісінде арнайы чат құрылды. Яғни, осы арқылы семинардың әр қатысушысы өзіне ұнаған тұстарын, мектепке деген ізгі тілегін сол жерде қолма-қол жолдай алды.
Аталмыш білім ордасында экологиялық білім қарапайым мектеп сабағынан бастау алып, сабақтан тыс уақытта да жалғасады. Оқушылар 1-сыныптан бастап негізгі экологиялық идеялармен, табиғатты қорғау іс-шараларымен танысады. Кейін қоршаған ортаны қорғау қаншалықты қоғам үшін маңызды екендігіне көз жеткізеді. Ұстаздар бастауыш сынып оқушыларымен бірге түрлі өсімдіктер мен жануарларды бақылауға атсалысады. Экологияны сақтауға бағытталған әңгімелерді тыңдап, ойларын ортаға салады. Одан бөлек мектепте «Экоцентр Greens» экологиялық бірлестігі мен экологиялық комитет құрылған. Экологиялық комитеттің құрамына тек оқушылар мен мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар мектептің барлық құрылымдары, ата-аналар, ҮЕҰ мүшелері, ПИК төрағалары кіреді.
2013 жылы «Зеленый флаг» атты жоғары еуропалық марапатқа ие болған білім ордасында оқытудың ақпараттық-математикалық бағыты басым. STEAM технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Одан бөлек 32 үйірме мен 10 спорттық секция жұмыс істейді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Фото: Камила ОСПАНОВА