ШАДЫМАН ШАТТЫҒЫН ЖЕТЕЛЕП КӨКТЕМ ДЕ КЕЛДІ. АЛЛА НӘСІП ЕТІП, ТАҒЫ БІР АМАЛ АЙЫМЕН, ТАҒЫ БІР КӨКТЕММЕН, АЛЫС-ЖАҚЫНДАҒЫ АҒАЙЫНМЕН ҚАУЫШУҒА ЖАЗДЫ. ЖЫЛДА АСЫҒА КҮТЕТІН ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – ЖАЙМА ШУАҚ НАУРЫЗ БИЫЛ ДА ТАБАЛДЫРЫҒЫМЫЗДАН АТТАДЫ. ЕЖЕЛДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН КӨКТЕМ МЕЗГІЛІНДЕ ТОЙЛАНАТЫН БҰЛ МЕРЕКЕ ЫРЫСТЫҢ, БЕРЕКЕ МЕН МОЛШЫЛЫҚТЫҢ, БІРЛІКТІҢ, БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КӨКТЕМГІ ЖАҢҒЫРУДЫҢ МЕРЕКЕСІ, ОЛ ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮШІН ҚЫМБАТ. ҚОҒАМДА БЕЙБІТШІЛІКТІ, КЕЛІСІМДІ, ДОСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА ОНЫҢ АТҚАРАР РӨЛІ ЕРЕКШЕ.
Осы орайда, Наурыз мерекесін ұлттық салт - дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында 2022 жылдың 18 наурызында қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №17 мектеп-гимназиясының ғимаратында шаһардағы білім ордаларының Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге арналған «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шаралары өткізілді.
Аталған шара мектеп-гимназияның 1 қабаттағы фойесінде орналастырылған киіз үй макетінде ұйымдастырылған Балалар өнер мектебі өнерпаздарының орындауындағы поппури әндермен қонақтарды қарсы алудан бастау алып, мектептің акт залындағы салтанатты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Білім ордасында ұйымдастырылған мерекелік кешке қала басшылығынан Саран қалалық мәслихатының хатшысы Өміржан Баймағанбетов, Саран қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайырбек Омаров, қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев қатысып, жиналған жұртшылықты Әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, көпшілікке ақ тілектерін арнады.
– Осынау Ұлыстың Ұлы күнінде сіздерге зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Нұрлы Наурыз мерекесінде халықтың ұлы достығы мен береке бірлігі арта түссін! Қасиетті бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүр куәгері болған, осы көктем мейрамы әрбір шаңыраққа жақсылық, қуаныш, ырыс әкелсін! Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!, – деді Ұлыстың ұлық мерекесінің шымылдығын түрген мәслихат хатшысы Өміржан Баймағанбетов.
Иә, көктеммен бірге өміріне де шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз-Наурыз» деп айрықша әспеттеген. Сондықтан болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады. 14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстынын айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.
Осыдан кейін сөз алған қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Омаров: «Бұл мейрамда ағайын арасында кірбің болатын болса, оның бәрін ұмытып, болашаққа әділ көңілмен, жақсы үмітпен қарайтын кез. Сондықтан бір-бірімізге жақсылық, береке тілейік!» –, деп жүрекжарды жылы лебізін жеткізді.
Наурыз айы туғанда табиғатпен бірге адам жанының да ерекше түлеп, жасарып, жаңарып, жан әлемі жақсылық пен мейірімге шөліркеп, амал айында айналасына көңіл жылуын сыйлауға айрықша құмартатыны жаратылыстың өз заңдылығы болар. Жыл бойы көріспеген алыстағы ағайын-туысына арнайы ат басын бұрып, амандығын біліп, көрісуі – көңілден көңіл су ішер жүректі пенденің қай-қайсысына да ортақ қымбат сезім.
Ал білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев: «Жер-дүние жанданған шуақты көктеммен бірге елімізге, жерімізге нұрын шашып, қасиетті Наурыз мейрамы келді. Бұл мейрамды мұсылман халқы қуанышпен қарсы алып, дастархан жайып, бірін-бірі құшақтаса құттықтап қарсы алады. Жалпы Наурыз мейрамының жас ұрпаққа берер үлкен тәрбиелік өнегесі бар. Өйткені ұлттық рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңіру басты мақсатымыз. Жас ұрпақ ертеңгі ел болашағы. Ұлық мерекені № 17 мектеп-гимназиясының шаңырағында ұйымдастыруымыздың да басты себебі осыда. Наурызға барша қазақ еліне, Сарыарқа жұртшылығына Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын. Ақ мол болсын. Бар шаңыраққа бақ-береке тілеймін!», – деп ағынан жарылды.
17 мектеп-гимназиясының қабырғансында бас қосқан шаһардағы білім ошақтары барлық санитарлық талаптарды сақтай келе мәні бөлек мейрамдағы жөн-жоралғы амалдарды көрсетті.
Мектеп іші мереке құшағына бөленіп, оқушылар мен ұстаздар ұжымы, ата-аналар ұлттық киімдер киіп, бірін-бірі наурыз тойымен құттықтап, шынайы ақ тілектерін ақтарып жатты. Мектептің акт залында өткен салтанатты шарада Қызыр ата батасын беріп, шаһар оқушылары мен ұстаздары қауымы ұсынған театрландырылған көріністер қойылды.
Бұл күнi қаланың барлық білім ошақтарының оқушылары өнерлерін көрсетіп, өз алдына думан жасап, көпшiлiктi мерекелiк концертiмен баурап алды. Өнерпаздардың көктем-ана мен Қызыр бабаны, тоқшылық-берекенiң бастауы төрт түлiк малды бейнелеген сахналық көрiнiстерiне сүйсiнбеген жан қалмады. Мәдени мұра ретiнде туған халқымен қайта қауышқан «Қара жорға» биi биленiп, ары қарай ойын-сауыққа ұласты. Түрлi өнерлерiн көпшiлiкке ұсынған білім саласының қызметкерлері көрермендердің көңілінен шыға білді. Бұдан бөлек спорт алаңшаларында күштерін сынап көремін деушілердің арнайы дайындалған алаңда арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрестiру сияқты ойын түрлерiнен өтiп жатқан жарысы өз алдына бiр қызық дүние. Мерекелiк думанның қызған шағында ұлттық ойындар қаумалаған көпшiлiктi өзiне тартты. Мекеме қызметкерлері де мектеп ұжымдарымен бірге арқан тартуға қатысып, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын көрсетті.
Мектептің барлық қабаттарында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 2 қабаттың сол жақ қанатында қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан хабардар ету мақсатында «Салт-дәстүрлер көрмесі», ал оң жақ қанатында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлттық қолөнер көрмесі», 3 қабатта «Берекелі мереке» ұлттық тағамдар көрмесі, ал мектеп-гимназиясының спорт залында «Ұлттық спорттық ойындар» жәрмеңкесі өткізілді.
Мәселен, көпшіліктің назарын аударған «Берекелі мереке» ұлттық тағамдар көрмесінде № 1 мектеп-лицейінің ұжымы ұлттық тағам «құрт» түрлері мен оны жасау технологиясын көрсетсе, № 2 жалпы білім беретін мектептің ұжымы «ірімшік», «жент» түрлері мен жасалу технологиясын көрсетті. Ал Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің ұжымы «қазы», «шұжық» жасау технологиясымен, № 6 жалпы білім беретін мектеп «бешбармақ», «наурыз көже» жасау технологиясымен, № 7 мектеп-интернаты «бауырсақ», «нан тағамдарын» жасау технологиясымен, № 13 жалпы білім беретін мектеп «ет тағамдарын» жасау технологиясымен, № 16 жалпы білім беретін мектеп «сүт тағамдарын» жасау технологиясымен, ал № 17 мектеп-гимназиясы «шелпек», «чак-чак», «құстіл» және түрлі тәтті тағамдар жасау технологиясымен бөлісті.
Мектептегi Наурыз мейрамы осылайша көңiлдi мерекеге ұласып, көпшiлiктiң көңiлiнен шықты.
Айта кету керек, дәл осы күні Наурыз мерекесін тойлау әрбір білім ұйымдарының базасында әрі қарай жалғасын тапты.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА