Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ 16 МЕН 29 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАСТАР ҚАТЫСА АЛАТЫН САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ «ИДЕЯДАН ШЫНАЙЫЛЫҚҚА ҚАРАЙ» ЖОБАСЫ СӘУІР АЙЫНАН БАСТАУ АЛМАҚ.

Саран қаласында 2019 жылдан бастап жастар арасында жұмыссыздықты төмендету және жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Идеядан шынайылыққа қарай» екі кезеңнен тұратын ауқымды конкурс жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Таяуда ғана «Adal komek» жобасы аясында тікелей эфирге шыққан Саран қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафина жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы тереңнен тоқталып, сәуір айынан басталатын «Идеядан шынайылыққа қарай» жобасы жайлы айта кетті.

Биыл байқаудың «Бизнес-идея» атты алғашқы кезеңінде өз жобасын сәтті қорғаған он үміткерге 100 мың теңге көлемінде сыйақы беру жоспарлануда. Келесі «Бизнес-проект» кезеңіне сүрінбей өткен қатысушылар 1 млн теңге үшін бақ сынаспақ. Бұл қаражатқа тек ең үздік төрттік қана қол жеткізе алады.

Одан бөлек жастарды жұмыс істеуге бейімдейтін, бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» бағдарламасы пысықталды.

- «Жастар практикасы» білім беру ұйымдарының түлектері үшін, түлектердің алған кәсібі (яғни мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында ұйымдастырылады. «Жастар практикасы» белгілі бір мамандықты бітірген және жиырма тоғыз жастан аспаған жұмыссыздарға арналған. «Жастар практикасы» барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Практиканың ұзақтығы 6 айдан аспайды, - деп атап өтті жастар ресурстық орталығының басшысы.

Тікелей эфирде «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы да кеңінен талқыланды.

«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы - жұмыс іздеп жүрген түлектер мен 29 жастан аспаған жұмыссыздар, оның шінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастар үшін жүзеге асырылады. Жастарға мамандық бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға, кейде тұрақты жұмыс орнына қол жеткізуге септігін де тигізеді. Себебі жұмыс барысында жас маман жұмысқа деген икемділігін, құлшынысын көрсете алса, кейін сол жерде шыңдалып жұмысқа орналасуы да ықтимал.

Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстар жайлы мол мағлұмат берілді.

«Қоғамдық жұмыстар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын азаматтардың еңбегіне ақы төлеуді халықты жұмыспен қамту орталығы ай сайын жүргізеді», - деді Сәнді Далабайқызы.

Жұмыспен қамту бойынша барлық жастар ресурстық орталықтарында жаз мезгілінде ғана қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын қамтитын «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы жастар ғана қатыса алады. 14-16 жас аралығындағы жастарға – 60 мың теңге, 16-29 жас аралығындағы жастарға 90 мың теңге көлемінде жалақы берілмек.

Эфир соңында талай жастарға өзінің жеке кәсібін бастауға көмектескен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында қолға алынған «Бизнес бастау» жобасына шолу жасалынды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА