АБАЙ – АҚЫН, АБАЙ – ДАНА. ҚАЗАҚТЫҢ ОРТАҚ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ, АҚЫН, ФИЛОСОФ, ҒҰЛАМА АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ЕСІМІН ҰЛЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН ІС – ШАРАЛАР ҚАЛА КӨЛЕМІНДЕ ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ДЕ АУҚЫМДЫ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖАЙЫ БАР.
Ұлы дала философы және ағартушысының өмірден озғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі туған халқына, туған ұлтына жақындай түсуде. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік Туы төбемізде желбіреген кезеңде ұлы ойшылдың жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығы артып келеді. Бұл бүгінгі жаппай жаһандану дәуірінде де өте өзекті. XXI ғасырда өмір сүріп жатқан азаматтар, әсіресе, жас толқын үшін осы айтылған өсиеттердің құндылығына ешкім де шек келтіре алмайтын шығар.
Жуырда шаһардағы № 2 жалпы білім беретін мектепте ұлы ақын «Хакім Абай тағылымы – өскелең ұрпақтың адамгершілік һәм рухани бағдары» атты әдеби шара өткізілді. Ондағы мақсат – ақынның адами, рухани, жалпы адамзаттық құндылықтарын насихаттау, халықтың игілігіне асыру және жас ұрпақты осы тұрғыда тәрбиелеу.
Тағылымы мол шараға қадірлі қонақ ретінде К.С. Станиславский атындағы орыс драма театрының директоры Еспаев Дунай Амандықұлы, сонымен қатар Саран қаласының Аналар кеңесінің төрағасы әрі еңбек ардагері Жүсіпбекова Гүлжан Жүсіпбекқызы, қалалық білім бөлімінің өкілдері, қала мектептерінің кітапханашылары, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
«Хакім Абай тағылымы – өскелең ұрпақтың адамгершілік һәм рухани бағдары» атты әдеби шарада бас қосқан екі буын өкілі ақынның қара сөзі мен сүбелі жырларын талдап, таразылады. Іс-шара барысында кеш қонақтары да ұлы Абайдың артында қалған мұрасы туралы ой бөлісті.
Ал әдеби шараның шымылдығын түрген № 2 жалпы білім беретін мектептің директоры Алма Хамитова аталған оқу орнының жетістіктері жайлы айтып берді.
«Абай біздің елдігіміздің, ұлтымыздың, ұлттық рухымыздың ең биік шыңы. Желбіреп тұрған байрағы. Абайсыз біз еліміздің келешегін елестете алмаймыз. Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абайға арналған осы әдеби шараның мақсаты жастар арасында ақынның шығармаларын насихаттау, жастарды елі мен жерін, тарихы мен әдебиетін қадірлеуге шақыру», – деді өз сөзінде Алма Халимқызы.
Үш блоктан тұрған тағылымды шараның бірінші бөлімінде ұлы ойшылдың ақындық қыры талқыланса, екінші бөлімде Хакім Абайдың композиторлық, ал үшінші бөлімде оның аудармашылық қыры тілге тиек етілді.
Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын ұлықтауға арналған шарада мектеп оқушылары Абай өлеңдері мен қара сөзінен үзінділер оқып, театрланған қойылым қойды.
Ал іс-шара барысында сөз сөйлеген Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекқызы: «Біз Абай атамыздың рухани мұрасына қайта-қайта оралып, оның терең тұңғиығына бата түсеміз. Себебі Ұлы ойшыл атамыз шығыс поэзиясында қалыптасқан ұлы дәстүрлерді жалғастырушы ғана емес, сонымен қатар ол шығыстың бірқатар ұлы ойшылдарының ізбасары, рухани ойды одан ары дамытушы. Адамзат өркениетіне өз үлесін қосқан ұлы қайраткер», - деді.
Бұдан бөлек жиналған қауым Гүлжан Жүсіпбекқызының орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тыңдап, оқушылардың оқуындағы Абай өлеңдерімен сусындап қайтты.
Кеш барысында «Адам бол» атты адамгершілік кодексі бойынша да пікір алмасып, ой толғанды. Абайдың қара сөздері мен Абай афоризмдері адамгершілік оқуының кодекстері іспеттес. Сонымен бірге Абай афоризмдері, өнегелі сөздері өшпес мұра ретінде бүгінгі таңда да өзекті екендігі жайлы сөз айтылып, оқушылар қызығы құлшына тыңдады.
Іс-шара соңында жиналған қауым Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының желісі бойынша қойылған «Знай, потомок, дорогу я тебе стлал» атты театралды қойылымның авторы, К.С. Станиславский атындағы орыс драма театрының директоры Еспаев Дунай Амандықұлымен емен-жарқын сұхбат жүргізді.
Спектакльде Абай мен Құнанбайдың, әке мен ұлдың, бабалар мен ұрпақтардың арасындағы күрделі өзара қарым-қатынастар арқылы ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың шексіз қарама-қайшылығы сияқты күрделі мәселелер көрініс тапқан.
- Ұлы Ақынның 175 жылдығына арналған спектакль арқылы көрермендердің назарын Абай өмірінің философиясы мен трагедиясына тағы да аударғым келді. Екіншіден, басқаларға мүлдем ұқсамайтын «Өз Абайымды» қойғым келді. Біз Абай – философ, данышпан дейміз. Алайда, ол бәріміз сияқты ет пен қаннан жаралған адам. Бірақ мен оның прогрессивті ойларымен өз заманынан озғанын көрсеткім келді. Ия, тіпті туыстары мен жақын-жекжаттары оның жанын толық түсіне алмады. Сондай-ақ, өмір бойы надандықпен, өткеннің қалдықтарымен күрескен Абайды көрсеткім келді,-деді қоюшы режиссер Дунай Еспаев.
Іс-шараны қорытындылай келе, оқу орнының директоры Алма Халимқызы: «Абайдың «Толық адам туралы» тәлімі жоғары адамгершілік нормаларын, рухани мәдениетті және жастардан жан-жақты білімді талап етеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтып өтті. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі». Біздің мектептің әр оқушысы Абайдың шығармашылығын терең зерттеп, өзі үшін өмірлік маңызды бағыт-бағдарды табады деп сенеміз», – деп түйіндеді сөзін.
Абай шығармашылығы тек қазақ халқының ғана мұрасы емес. Шетелдіктер қазақты Абай арқылы таниды, ақынның жырлары арқылы бағалайды. Оның жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға толы шығармалары бүкіл халықаралық қауымдастыққа жатады, әлемдік мәдениеттің бөлігі болып табылады. «Адам білім ғылымды көбейту үшін екі қару керек: бірі пікірлеспек, екіншісі берік сақтау» – деп ұлы Абай айтпақшы.
Иә, Абай өз ғұмырының ақырына дейін қазақ балаларын оқуға, білім-ғылыммен айналысуға, рухани дамуға және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын бойға жинауға шақырғанын білеміз. Дана ақын келер ұрпақты «жүрегімнің қуаты, перзенттерім» деп бағалайды. Айтылған сөз, жазылған жауһар ойлар бірінші кезекте соларға бағытталады. Жат мінез-құлықтан аулақ болудың нақты жолдарын меңзейді. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» – деп толғайды ұлы ғұлама. Замана атты ұлы күштің, феодализм дәуірінің құрсауында қалып қоймай, ұлы бабамыз ұлтының бүгіні мен ертеңіне, болашағына алаңдады. Ол туған халқын қараңғылықтың бұғауын бұзып, жарқын күндердің шуағына бөленетін жолдарды іздестіруге шақырды, тіршілік мақсаты мен мұраты ілім мен ғылымда деген берік тоқтамға келді.
Осындай игілікті танымдық бағытқа арналған шаралардың жас ұрпаққа берер маңызы өте зор екені даусыз. Өйткені, білген үстіне біле түсу, білген білімін шыңдай түсу талапты оқушыларға өте қажет.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор