Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамалардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдары талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 7 ақпан мен 7 наурыз аралығында облыстық акциясы аясында «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты шара өтті.

Акцияның негізгі мақсаты - шағын және орта бизнес өкілдеріне сыртқы көрнекі ақпарат (жарнама) құралдарын әзірлеу барысында мәтіндерінің сауатты жазылуына, орналасуына әдістемелік көмек көрсету.

Акцияға бөлім қызметкерлері, «Тіл қорғаны» арнайы жұмыс тобының мүшелері, тіл еріктілері қатысты. Қаламызда акция кезінде 74 нысанның көрнекі ақпараттары зерделеніп, Оның ішінде тіл туралы заң талаптарына сай келмейтін көрнекіліктер саны-34, заң талаптарына сәйкестендірілген көрнекіліктер саны-28.

Акцияның соңында Ақтас кентінің кәсіпкерлермен кездесу өтті. Кездесуде «Саран қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ жанынан құрылған «Тіл қорғаны» арнайы жұмыс тобының төрағасы Мұстафин Серік Хамзиевич шағын және орта бизнес өкілдеріне ҚР «Тіл туралы» заңнамасының 21-бабына енгізілген өзгерістер туралы айтты. Ал «Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ тілдер жөніндегі бас маманы Жупенова Динара Тәрбиеқызы кәсіпкерлермен жүргізілетін жұмыстар туралы айтты: «Қаладағы көрнекі ақпараттың тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестігі үнемі қадағаланып отырады. Осы бағыттағы жұмысты жүргізу үшін қаладағы тіл жанашырларынан «Тіл қорғаны» атты жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының мүшелері ай сайын бекітілген кесте бойынша рейдке шығады. Рейд барысында мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтін шағын және орта бизнес нысандарына Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарының талаптары түсіндіріліп, ақпараттық парақшалар мен тілашарлар таратылады.

Мемлекеттік тілді үйрету жұмыстарымен шаруашылық субъектілерін барынша қамту мақсатында «Қызмет көрсетушілерге арналған тілашар» әзірленді. Тілашарға енгізілген әр сабақ «Саран газеті» газетінде, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жарияланды. 2021 жылы барлығы 41 сабақ жарық көрді.

Бөлім «Жедел желі» арқылы кәсіпкерлерге аударма бойынша тегін әдістемелік көмек көрсетеді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылады. Курстар әр сала бойынша өтеді, ұзақтығы 1-1,5 ай».

Меншік иелері маңдайша, жарнаманы ілмес бұрын жергілікті тілдерді дамыту бөлімімен хабарласып, жарнама мәтіндерінің аудармалары дұрыстығын тексертіп, білмегендерін сұрап алса мұндай қателіктер мен құқық бұзушылықтар орын алмас еді. Жалпы атқарылып жатқан істе, қол жеткізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. Жүргізілген бақылау да нәтижесіз емес. Алдағы уақытта акция өз жалғасын табады.

Д. Жүпенова,

«Саран қаласы мәдениет және

тілдерді дамыту бөлімі» ММ

тілдер жөніндегі бас маманы