ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ 30 НАУРЫЗЫНДА САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРАЛЫ ОСПАНОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОНЛАЙН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.
Zoom платформасында өткен жиынға шаһардағы мемлекеттік мекемелердің басшылары, жоғары оқу орындарының, жалпы білім беретін мектептердің, жастар ұйымдарының, прокуратура және құқыққорғау органдарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында комиссия мүшелері бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған кәмелетке толмаған балалар арасындағы қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жөніндегі жұмыстар және суицид пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі екі мәселені қарастырды.
Бірінші мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев пен Саран қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ерболат Балабеков баяндаса, екінші мәселе бойынша атқарылған жұмыстар туралы № 16 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Подвигина айтып берді.
Қалалық білім бөлімі басшысының мәлімдеуінше, құқық бұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік қауіпті жағдайдағы отбасыларды анықтау мақсатында қала мектептерімен тұрмысы нашар отбасылар мен әртүрлі есепте тұрған балалар тұратын отбасыларға 329 рейдтік іс-шаралары жүргізілген.
Мектептің қауіпсіздік командасы Қала мектептерінде кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг, зорлық-зомбылық және қатыгездік фактілеріне немесе белгілері бойынша жедел шаралар қолданатын мектептің қауіпсіздік командалары жұмыс жасайтын көрінеді. Осы мектеп қауіпсіздік командаларының бастамасы бойынша 3 отбасыға медициналық көмек, 11 отбасыға әлеуметтік көмек, 50 отбасыға құқықтық көмек және 68 отбасыға психологиялық - педагогикалық көмек көрсетілген екен.
Бұдан бөлек, шаһардағы барлық мектептерде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен жанжалды жағдайларды азайту мақсатында жұмыс жасайтын медиация қызметі бар екен. Үстіміздегі жылдың 1 жартыжылдығында аталған қызметпен 28 медиативтік келісім өткізілген. Сонымен қатар, барлық жалпы білім беретін мектептерде әлеуметтік-психологиялық қызмет жұмысы ұйымдастырылған. 1 жартыжылдықта мектеп оқушылары мен педагогтер үшін 372 (бастапқы және қайталама) консультация және оқушылардың ата-аналары үшін консультациялар өткізілген.
Сонымен қатар, Арман Болатұлы оқушылардың сабақтан тыс уақыттағы бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылықтарын дамыту мақсатында мектептерде үйірмелер мен секциялардың (2464 оқушыны қамтыған 50 үйірме, 2612 оқушыны қамтыған 72 спорттық секция) жұмысы ұйымдастырылғандығын мәлімдеді. Қазіргі таңда девиантты мінез-құлықты оқушыларды қала үйірмелері мен секцияларында сабақтан тыс жұмыспен қамту 100% құрап отырған жайы бар дейді білім бөлімінің басшысы.
Бұдан бөлек ол ата-аналар мен кәмелетке толмағандар арасындағы бұзақылықтың, мектептегі алаңдаушылықтың, балалардың жарақаттануының алдын алу, оқушылардың жас ерекшеліктері туралы 240 буклет таратылып, әлеуметтік желілерде жадынамалар мен парақшалар жарияланғандығы туралы да тілге тиек ете кетті.
Ал полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ерболат Балабековтың баяндауынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қадағалаусыздықтың алдын алу мақсатында Саран қ. ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі тобының учаскелік полиция инспекторларымен тұрақты негізде оқу орындарына бармайтын кәмелетке толмағандарды, өмірде қиын жағдайға тап болған қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілген. Мәселен, есептік кезеңде барлығы 4 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген.
Қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу бойынша жекелеген аудандар мен секторларға, оқу орындарына, үй шатырлары мен жертөлелерге апта сайынғы күндізгі жергілікті жұмыстар жүргізу тәжірибеге енгізілген екен.
«Қазіргі уақытта Саран қ.ПБ МЮП есебінде 32 кәмелетке толмағандар есепте тұр, оның ішінде «қадағалаусыз және панасыз қалған» санаты бойынша – 19 кәмелетке толмаған бала тіркелген. Осы балалармен оқу орны және Саран қ. ПБ МЮП инспекторлары тарапынан профилактикалық және жеке әңгімелесулер жүргізіледі. Күндізгі және кешкі уақытта оқу орны мен тұрғылықты жері бойынша тексеріледі», - дейді Ерболат Тыныбекович.
Бұдан кейін суицид пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мәселесі бойынша № 16 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Подвигина баяндап берді.
«Осы жылы облыс мектептері мен біздің шаһардың мектептерінде кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті және қауымдастырылған мінез-құлықтың алдын алу бойынша бағдарлама енгізілді.
Осы бағыт аясында оқушылармен бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицидтік мәселелерді шешу бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды», - дейді Лариса Ярославовна.
Мәселен, қиын жағдайдағы немесе аутодеструктивті мінез-құлықтың жоғары қаупі бар оқушыларды қалай тану және оларды көмек сұрауға сендіру үшін оларға қажетті қолдауды қалай ұсыну керектігін үйретуге бағытталған мектеп персоналына арналған семинарлар өткізе отыра мектептің барлық персоналын оқыту бойынша жұмыстар жүзеге асырылған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және оқыту мәселелері, баланың дене, психикалық, адамгершілік дамуындағы ата-ананың жауапкершілігін түсіндіру туралы ата-аналармен жиналыстар өткізілген.
Осыдан кейін оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі беймезгіл уақытта жүруін шектеу, ұсақ құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытында тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Комиссия отырысын қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Ералы Серікұлы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігіне байланысты мерзімінде рейд жұмыстарын жүргізуді, құқық бұзушылықтардың алдын алуда мектеп директорлары тарапынан қатаң бақылауға алуды жүктеді.
Сонымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тиісті сала басшыларына оқушылар мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді тапсырды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ