Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері волейболдан өткен облыстық жарыста жүлдегерлердің қатарынан көрінді.

Таяуда Қарағанды қаласында колледж студенттері арасында волейболдан облыстық жарыс өткізілді. Спорттық шеберлікті жетілдіру мен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған сайыста ұлдар мен қыздар құрама командасы бақ сынасты.

«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған осы жолғы спартакиадаға жан-жақтан 11 қыздар құрама командасы мен 13 ұлдар құрама командасы жиналды. Қатысушылардың саны көп болғандықтан командаларды үш топқа бөлген. Әр топ арасында оза шапқан команда финалға жолдама алған.

Облыстық додада Саран қаласының намысын Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің ұлдар мен қыздар құрама командасы қорғады.

Ұлдар құрама командасы топтық сайыста жақсы көрсеткіш көрсетіп, өткізген үш ойынды жеңіспен аяқтады. Ақтық сында Балқаш қаласының ойыншыларын 2:0 есебімен артта қалдырды. «Бірақ бап жаба ма, бақ шаба ма» деген бар, финалға жеткен келесі команда – Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері де осал емес еді. Тартысты ойында жерлестеріміз қарсыластарынан 1:2 ұпаймен жеңіліс тауып, жалпы командалық ойында екінші орынға жайғасты.

Облыстық жарыста ұлдар құрамасының мүшелігінде: Ақшолаков Олжас, Мухамбеткалиев Жандос, Мурат Ерслан, Бахыт Хамза, Сембі Дарын, Рысбеков Бекзат, Жусипахметов Тимур мен Иса Қасымжомарт болды. Ұлдар құрама командасының жетекшісі Арман Байхадамовтың айтуы бойынша, өз шеберлігімен, ептілігімен көзге түскен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің 4 курс студенті Олжас Ақшолақов республикалық жарыста өнер көрсетуі әбден мүмкін.

Сайыста қыздар құрамасы да жақсы ойын үлгісін көрсете білді. Топтық жарыста Қапан Зарина, Каримова Гаухар, Омарова Асель, Бенко Евгения, Багрянцева Анна, Шалкар Инкар, Максутова Сымбат, Сабырова Қазына мен Жаяубаева Дильназ екі қарсылас команданы шаң қақтырды. Алайда Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің командасына жол берді. Қыздар арасындағы волейбол секциясының жетекшісі Жанбол Қарымсақұлының айтуынша, дәл жарыс болар күні ауа райының қолайсыздығынан бұрыннан бері жаттығып жүрген Нұра және Қарқаралы ауданынан екі мықты ойыншы келе алмай қалды. Бұл өз кезегінде ойын барысына да әсер етті.

Қарағанды облысына қарасты колледждер арасында өткен облыстық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде ұлдар және қыздар арасында волейболдан қосымша секциялар өтіп тұрады. Қыздарды аталмыш колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев дайындаса, ұл балаларды дене тәрбиесі мен спорт оқытушысы Арман Байхадамов жаттықтырады. Қазіргі таңда ұлдар құрамасына 12 студент машықтанып жүрсе, қыздар құрамасына студенттер мен Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары да қатысып жүр. Бас –аяғы 25 ару волейболдан шеберлігін шыңдауда.

Бір ғасырлық тарихы бар аталмыш колледждің ұжымы мен студенттері салауатты өмір салтын әрдайым насихаттап келеді. Түрлі спорттық жарыстарға белсене қатысып, халықаралық, республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздары да, жүлдегерлері де атанып жүр. Жерлестерімізге әрдайым сәттілік тілейміз. Жоғары жетістіктерден көріне беріңіздер.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА