Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖЕМҚОРЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІҢ, ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫНА ТЕЖЕУ БОЛАТЫН, БОЛАШАҒЫНА КЕСІРІН ТИГІЗЕТІН ІНДЕТ. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУ БҮГІНГІ КҮННІҢ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕСІ БОЛЫП ОТЫР. ОҒАН ОСЫ БАСТАН ТОҚТАУ ҚОЙМАСА МЕМЛЕКЕТТЕ ТҰРАҚТЫ ӨСІП-ӨРКЕНДЕУ БОЛМАЙДЫ. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ТҮБЕГЕЙЛІ КҮРЕСУ ҮШІН ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТСЫЗДЫҒЫН ЖОЯТЫН, ҚҰҚЫҚТЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫНЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР.

Осыған орай, үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде Саран қаласының мемлекеттік архивінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықты болдырмай және алдын алу мақсатында «Сыбайлас – жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қалалық архивтің басшысы Айдын Құлжанбеков шымылдығын түріп, жүргізіп отырған жиынға шаһардың бас прокурорының орынбасары, кіші әділет кеңесшісі Бегаев Батырлан Тілеуұлы, «Amanat» партиясының Саран қалалық филиалының хатшысы Тәжібаева Нұргүл Сәбитқызы, аталған партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Шаяхметов Қайрат Үлгіліұлы, қалалық мәслихаттың депутаты Жаяубаев Жанбол Қарымсақұлы және БАҚ өкілдері қатысты.

«Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Кез келген дамыған қоғамда жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бірден-бір күрделі және маңызды мәселе», - деген қалалық архивтің басшысы Айдын Құлжанбеков, архив қызметкерлерінің өздеріне жүктелген қиын да жауапкершілігі мол қызметтерін адал атқаратынын, сыбайлас жемқорлық тақырыбында сабақтар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіліп тұратынын жеткізді. Сондай-ақ ол әр адам өз еліне, атқаратын қызметіне адал болуы тиіс екендігін тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, кездесу барысында мемлекеттік архив қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адалдық, әділдік, халықтың сенімін ақтау сөз етілді.

Айдын Құлжанбеков жемқорлық тәуекелін жою мақсатында мекемеде жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.

«Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Қоғам үшін қауіпті кеселмен күресудің тиімді жолы – оның алдын алу, оған мүлдем төзбеушілік танытып, күнделікті қарым-қатынаста ешқандай жол бермеу», - деген қала прокурорының орынбасары, кіші әділет кеңесшісі Батырлан Тілеуұлы Саран қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс барысы жайында баяндап, қаламызда орын алып отырған сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысқаша шолу жасап өтті.

Сонымен қатар, «Amanat» партиясының Саран қалалық филиалының хатшысы Нұргүл Сәбитқызы да сөз алды. Ол өз сөзінде біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болатындығы жөнінде тілге тиек етті.

Ал, «Amanat» партиясының Саран қалалық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайрат Үлгіліұлы қатысушыларға қоғамымызда кездесетін сыбайлас жемқорлық деректерімен қалай күресу қажет екенін түсіндіріп, болашақта еліміздің патриот – азаматтары ретінде сыбайлас жемқорлықпен күресте атсалысуға үндеді.

Өз кезегінде қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Қарымсақұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуді ең алдымен өзімізден бастап, елдің ішінде, отбасымызда, жиындарда, сыбайлас жемқорлықтың жаман індет екенін үнемі насихаттап халықтың ой-санасын өзгерту керектігін жеткізді.

Кездесу барысында қатысушылар өздерінің тараптарынан сыбайлас жемқорлыққа байланысты көптеген өзекті сұрақтарын қойып, оларға толықтай, мағыналы жауаптар алды.

Дөңгелек үстел барысында сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу, мемлекет пен қоғамның назарын оның алғышарттарын жоюға бағыттау төңірегінде қилы пікірлер айтылды.

Кездесудің соңында: «Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу-біздің басты міндетіміз», - деген қала прокурорының орынбасары Батырлан Тілеуұлы сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуы соңғы уақытта біршама азайып келе жатқанын, оның алдын-алу бойынша жұмыс жүргізуді үнемі басты назарда ұстау керек екенін тілге тиек етті.

Қала прокурорының орынбасарынан көкейдегі сұрақтарына жауап алған архив қызметкерлері алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс істеуге уағдаласты.

Ал алқалы жиынды қорытындылаған архив басшысы Айдын Құлжанбеков: «Жемқорлықпен күрес - бірлескен жұмысты қажет етеді, әсіресе, бұл үрдісте мемлекеттік қызметшілердің алар орны айрықша. Сондықтан еліміздің дамуы жолындағы еңбегімізді әділ әрі сапалы орындап, жемқорлық атты кеселді індеттен аулақ болуға барлық мемлекеттік қызметшілерді шақырамын», - деді сөз соңында.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ