Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІНЕ ҚАРАСТЫ № 17 МЕКТЕП – ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ СӘБИ СӘУЛЕТҰЛЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ.

Таяуда Сәтбаев қаласында «СССР ағарту саласының үздігі», «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», «Ы. Алтынсарин», «Қарағанды облысы білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгілерінің және «Құрмет» орденінің иегері, талай шәкіртке тәлім-тәрбие беріп, қанат қақтырған ұлағатты ұстазға арналған «Шабал Бейсенбекова оқуы - 2022» облыстық педагогикалық оқуы өтті.

Бұл ұстаздар қатысатын екі кезеңнен, төрт бағыттан тұратын дәстүрлі іс-шара. Биыл оған өңір бойынша жан-жақтан 170-тен астам мұғалім «Гуманитарлық білім берудегі тиімді педагогикалық технологиялар», «Білім беру үрдісіндегі цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері», «Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарындағы эстетикалық тәрбие» және «Ұрпақ тәрбиелеудегі халықтық педагогиканың маңызы» атты бағыттарға дайындалып, өз жобаларын ұсынды. Байқаудың алғашқы кезеңінде ұйымдастырушылар қатысушылардың баяндамаларымен, ғылыми және инновациялық жобаларымен, авторлық бағдарламалар мен оқу-тәрбие үдерісіндегі іс-тәжірибелерімен жақын танысса, екінші кезеңде іріктелініп алынған он екі ұстаздың жұмысы ғана қорғалды. Олардың қатарынан байқауға қатысуға ниет білдірген № 17 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Сәби Сәулетұлы да көрініп, білікті әріптестерімен ақтық сында онлайн жүздесті.

Жас маманның қызметке орналасқанына бір жыл уақыт қана болса да, бүгінде өзін жақсы қырдан көрсетіп, қоғамдық іс-шараларда өз белсендігілігімен көзге түсуге үлгерген. Әдеби іс-шараларда алдына жан салмайтын маман педагогтер арасында ұйымдастырылған байқауға алғаш рет қатысқандығын айтты.

- Мен «Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарындағы эстетикалық тәрбие» бағытына қатысып, онда «Графикалық органайзерлер арқылы әдебиет сабағындағы эстетикалық тәрбиені дамыту» атты ғылыми мақаламды қорғадым. Бұл жерде интернет платформалары арқылы жаңартылған білім мазмұнында компьютерлік бағдарламаларды қолдану аясында сабақты қалай қызықты өткізуге болады және әдеби тәрбие мен эстетиканы балаға қалай сіңіру керек деген тақырыптар қозғалған болатын, - деп атап өтті Сәби Сәулетұлы.

Дәстүрлі шарада басым көпшілігін тәжірибелі, білім әлемінде ойып тұрып орын қалдырған ұстаздар құрамы құрады. Байқауға асқан жауапкершілікпен қараған жас ұстаз үшін білікті әріптестерімен сынға түсу оңайға соқпады. Алайда жаңа білім мазмұнына деген жаңашыл көзқарасымен көзге түскен Сәби Сәулетұлы «Шабал Бейсенбекова оқуы - 2022» облыстық педагогикалық оқуында II дәрежелі дипломды иеленді.

- Мен қатысқан бағытта бірінші орынды білім саласында 30 жылдық тәжірибесі бар, білікті ұстаз алды. Өзім осындай педагогтер арасында ауқымды байқауға бірінші рет қатыстым, - деп толықтырып кетті жас маман.

Қарағанды облысы білім басқармасы, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен Сәтбаев қаласының білім бөлімі ұйымдастырған педагогикалық оқудың қорытындысы бойынша қатысушылардың жұмыстары мен мақалалары Сәтбаев қаласының білім бөлімінің және Қарағанды облысы оқу-әдістемелік орталығының сайтында жарияланбақ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталса, барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА