Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

КӨҢІЛДІТАПҚЫРЛАР АЛАҢЫ. ОЙЫ ЖҮЙРІК, ТАБАН АСТЫ ТАПҚЫР, ҚАЛЖЫҢЫ ҚАЛТАСЫНДА ЖҮРЕТІН ЖАСТАРДАН ҚҰРАЛҒАН ТОПТАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ШЫҢДАЙТЫН БІРЕГЕЙ ЖОБА. БҰЛ ЖОБАДА ӘЗІЛҚОЙ ЖАСТАР ӨТКІР, ТІЛІП ТҮСЕТІН ӘЗІЛДЕРІМЕН КӨРЕРМЕННІҢ КӨҢІЛІН АУЛАП, ТОПТЫҚ ҚҰРАМДА СЫНҒА ТҮСЕДІ.

Бұрнағы күні Саран қаласының «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының «Жас тілші» баспасөз орталығы үйірмесінің жетекшісі Бақытжамал Қасымованың ұйымдастыруымен «Көңілді тапқырлар алаңы» викториналық ойыны өтті.

Ондағы мақсат - еліміздегі саясатқа, халықтың жағдайы мен күнделікті өміріне қатысты шындықты адам психологиясына сәйкес әзіл-сынмен, қағытпа қалжыңмен, қала берді тапқыр һәм көңілді жастардың сахнадағы мимикасымен қысқа да нұсқа жеткізе алатын, сөз шеберлігі басым шәкірттерді баулу, жастар арасындағы белсенділік пен жауапкершілікті, шығармашылық пен ойлау қабілеттерін дамыту, сөзге шешен шәкірттерді тәрбиелеу болды.

Викториналық ойында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттерінен құралған «Не?», «Элита», «Тұмар» атты үш команда өнер көрсетті. «Таныстыру», «Викториналық ойын», «Әзіл әлемі» сынды үш кезеңнен тұрған сайысқа Саран қаласының «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының қосымша білім педагогы, қазақ тіліндегі КВН үйірмесінің жетекшісі Мұсабеков Алданыш Адамжанұлы, «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығындағы бұқаралық бөлімнің меңгерушісі Еркен Абай Қайратұлы, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің 4 курс студенті, айтыскер-ақын, шешен тілдің шебері, облыстық және республикалық жарыстардың жүлдегері Төкенов Нұрлыбек қазылық жасады.

Ә дегеннен-ақ, өнерпаздар қызықты әзілдерін ұсынып, көрерменнің қошеметіне ие болды. Жас әзілкештер осы сәтті өткен сайысты тыңғылықты дайындықтың нәтижесі деп біледі. Көңілді һәм тапқыр жастар түрлі тақырыптарды қамтып өтті. Талантты да, тапқыр жастар сахна төрінде тоғысып, өнерлерін ортаға салды. Өнерлі өрендер шеберліктерін ширатып, сайысқа қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасты.

Осындай шаралардың қатары сиремей, жиі ұйымдастырылса игі іс болар еді. Әсіресе, өскелең ұрпақ үшін үлкен бастама. Себебі жастардың ана тіліндегі астарлы әзілдері өздерінше қазіргі заманауи сленгтермен тілдерін бұрмалап жүрген әрбір көрерменнің көкейіне ой салып, мемлекеттік тілдің мерейін де өсірер еді. Ал бұл тіл тазалығының сақталуына бірден-бір себеп.

Тамаша өткен сайыстың қорытындысына келер болсақ, қатысқан барлық командаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. «Не?» командасы 1-орынды қанжығаласа, 2-орынды «Тұмар» командасы еншіледі, ал «Элита» командасына 3-орын бұйырды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ