Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Білімнің діндегі орны өте ерекше. Оған дәлел, тіпті, алғашқы түскен аятта мынадай: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» («Алақ» сүресі,1-5 аяттар). Осыған қарап-ақ, білімнің, оқудың әр адам үшін қажет әрі маңызды екенін көре аламыз.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) білім турасында машһур хадисте былай айтқан: «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз», деген. (Ибн Мәжә хадистер жинағы).

Ал білім алған адамның дәрежесі жоғары болатын жайында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді. (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175).

Сондықтан да қазіргі уақытта елімізде діни білім ізденушілердің қатары көп. Соның ішінде шет елге барып діни білім алғысы келетіндер де жоқ емес. Шет елден діни білім алғысы келген талапкер білуі тиіс жайттар бар. Кез келген мемлекеттің діни басқармасы бар. Және сол діни басқармасы арқылы ғана шет елге білім алуға шәкірттер жіберіледі. Сол секілді біздің елімізде де Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы арқылы ғана шет елге діни білім алуға шәкірттер жіберіледі. Оның ішінде арнайы келісімі бар, арнайы рұқсаты бар оқу орындарына ғана жіберіледі. Қай мемлекет болсын шет елге діни білім алуға талапкерлерді жібермейтін болса, онда ол жақтағы иман, ақида мәселесі өз елінің діни сеніміне ұлттық құндылықтарына сай келмейді деген сөз. Демек ол жаққа жіберудің қаупі бар. Сондықтан да ең бастысы біздің ұлтымыздың көзқарасына сай оқу орындарына ғана жібереді.

Бүгінде Аллаға шүкір заманға сай, жабдықталған діни оқу орындары елімізде жетерлік. Біз, зайырлы мемлекет болғанымызбен, дінімізді терең оқып-білу үшін елдегі әрбір азаматқа жағдай жасалғанын ұмытпайық. Оған дәлел, еліміздегі ірі қалалардағы медреселер, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам университеті. Осы оқу орындарында діннің түрлі салаларын жетік меңгерген білікті мамандар сабақ береді. Алла білімімізді арттырсын!

Саликов Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы,

Саран қалалық мешітінің бас имамы