Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жас мемлекетті жаңаша құрылымда қалыптастыру, егемендігімізді нығайту және мемлекеттік келешек дамудың дұрыс бағытын табу жолында қыруар еңбектер атқарып, соның арқасында ғана талай жетістіктерге қол жеткізді десек артық айтқан емес. Бұл ел тағдырының жақсы тұстарынан өнеге алып, ұлттық құндылықтардың бағасын біліп, оны саралай білуге де жетелейді.
Халқымызға тән толеранттылық сипаты, сонымен қатар ел басшылығының әділ саясаты арқасында Қазақстан саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда тығырыққа тірелуден аулақ болып, ХХІ ғасырға сәтті қадам тастады. Еліміз әлеуметтік-экономикалық және демократиялық жаңарулар бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, осының барлығы да Қазақстанның көпқұрамды халқының қоғамдық келісім мен бейбітшілік аңсарлы идеяға икемделуге жетектеген жетекші идеологиялық кешеннің әдепті қадамдардан-ақ пәрменді күшке айналдырылған қызметі арқасында іске асады.
Қазақстанның осынау жетістіктерін айтар кезде оның қарқынды дамуының тірегі болып саналатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімді жадымыздан шығармауымыз қажет. Бұл біздің еліміздің алға қарай нық қадам басуына мүмкіндік беретін зор алғышарт болып табылады. Алайда, адамзат дамуының тарихы көрсеткендей, сан алуан халықтар арасындағы достық, келісім мен бейбітшілік мәңгілікке орнай салатын игілік емес. Оны сақтай білу үшін ел болып жұмылған күйде күнделікті және тұрақты түрдегі тынымсыз әрекеттер жасалынуы қажет. Міне, сонда ғана Қазақстанда етене өмір сүретін сан алуан ұлт және конфессия өкілдерінің дауысы бір қуатты сарынға айналатын болады.
Осы орайда, республикамызда конфессияаралық сипаттағы мәселелерге баса назар аударылғанын білеміз. Қазақстан – ұлан-байтақ даласында 140-тан астам ұлт өкілдері және көптеген конфессия мен ұлт өкілдері қатар өмір сүріп келетін көпқұрамды мемлекет. Осындай саналуандыққа қарамастан, бүгінгі күні мемлекеттік және әлемдік масштабтағы ресми өкілдер орталарында Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келеңсіздіктері жоқ санаулы ғана «оазистердің» бірі болып табылады деген түсінік қалыптасты.
Әлемдік дамудың жаңа тарихи кезеңі адамзат баласының әлемдік діндердің қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін және өркениеттердің жаңа серпінмен рухани бірлесуі қажеттілігін түсінуімен сипатталады. Ол түсінікке сәйкес, ұлтаралық және дінаралық әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы өркениеттердің өзара үнқатысуы әлемнің үйлесімділікте дамуының негізгі шарты болып табылады. Осыған орай, өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысу бүгінгі күннің күн тәртібіндегі түйінді мәселеге айналады.
Қазақстанның бастамалары осы өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарын алға тартып, өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра білді. Ойды қорыта айтқанда, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның өзін ұлтаралық және конфессияаралық сұхбаттың белсенді алға тартушысы ретінде ұстануы бостан бос емес. Сан алуан ұлт және конфессия өкілдері мекен ететін біздің еліміз олардың тығыз өзара әрекеттесуінің мол тәжірибесіне ие және сондықтан өркениеттер мен конфессиялардың жемісті сұхбатының мекені болу атағына бірден бір лайықты ел.
Ақтас кентінің «Ақ шаңырақ» қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жаңғырту бойынша қоғамдық этномәдени бірлестігі қазіргі таңда өзге ұлт өкілдерімен бірлесіп отырып мәдени-шаралар өткізіп отырады. Атап айтсақ: «Якташлар» татар-башқұрт этносы, «Актасские зори» еңбек ардагерлер хоры.
Бүгінгі таңда ұлттық мерекелер халқымыздың бейбітшілік пен келісімінің қазақстандық үлгісін әлемге танытушы айрықша дәстүрге айналды.Әрбір қазақстандық азамат үшін ұрпақтар сабақтастығы арқылы тарихи қалыптасқан татулық, сенім мен тең құқықтылық ең маңызды қасиеттер екенін дәріптейді. Халық бірлігі-мемлекеттілігі негізі қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана алдымызға болашағы күшті, өркендеп дамыған жаңарған Қазақстан елі туралы мақсаттар қоя аламыз.
М. Супьянова,
«Ақ шаңырақ» ЭМБ жетекшісі