2022 жыл басталғалы бері елімізде біршама тәртіпсіздік жағдайлар орын алып, ел тұрғындарының ынтымағы мен бірлігіне сызат түсіретін бейберекетсіз әрекеттер жасалғанын білесіздер. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы халқымызды бірлікке, тыныштыққа шақыруға үндейтін насихат жұмыстарын күшейте түсу мақсатында 2022 жылды «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» деп атап, сол бағытта жыл бойы тиісті іс-шараларды атқаруды тапсырған болатын.
Бас мүфти берген тапсырмаларды орындауды шаһар имамдары бастап та кетті. Оған дәлел, Саран қалалық орталық мешітінің найб имамы Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлының Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттерімен өткізген «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» тақырыбындағы маңызды кездесуі.
Қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің көкейінде жүргені мәлім. Әсіресе, жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр.
Шара барысында «Ислам-ынтымақ және бірлік діні» тақырыбы аясында кеңінен насихат айтылды. Студенттердің Рамазан айына қатысты және түрлі діни сұрақтарына жауаптар берілді. Саран қалалық орталық мешітінің найб имамы Әбілхайыр Кәсенұлы жастық шақтың қадірін сезіну, ең керемет сәтті сауапқа толы амалдармен өткізудің мәні жөнінде уағыз жүргізіп, қасиетті Құран аяттарын, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерін мысал етті.
«Қай кезеңде де қазақ жерінде толеранттық пен дін еркіндігіне негізделген әртүрлі ұлыстардың, мәдениеттер мен діндердің өкілдері ғасырлар бойы татулықта тұрғанын ұмытпауымыз керек. Жастар дін мәселесіне байланысты ұстаз таңдауда сақ болып, қоғамда қалыптасқан іс-әрекеттері, жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалар мен заңдылықтарын ұстанып, саналы әрекет етулері тиіс. Мұндай жағдайда кез келген адамның қателігі өзінің туған-туысқандарының өміріне әсерін тигізетінін түсінуі керек.
Сол себептен де өз тарихын білу, тіл мен мәдениетті дамыту, өз халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, отбасы институтын сақтап қалу мен ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған мұрагерлігін нығайту жастар алдындағы басты міндет. Жастарымыз әркез Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмір жолын өзіне үлгі ететін болса, бұл шынайы, ізгі мұсылманның хақ жолы болмақ», - деді наиб имам Әбілхайыр Мәулен.
Қаңтар оқиғасы қоғам үшін үлкен сабақ болды. Қарулы қақтығыстар салдарынан қан төгілді. Жалпақ жұрт жапа шекті. Жазықсыз жандар жазым болды. Дін атын жамылған деструктивті ағымдар әрекеті адасушылыққа әкеп соқтырды. Асылында, ата дініміз дүрдараздықты емес, достықты үгіттейтінін жеткізген наиб имам, аталған ғибратты кездесуді қоғамдық бірлікті сақтау мақсатында өткізіп отырғандығын тілге тиек етті.
«Жат ағымдар жетегінде кетіп, келеңсіздікке кезікпеу үшін сауат ашу жұмыстарын жандандырған жөн. Бұқара арасында бұл мәселе бұрыннан бері қолға алынып келеді. Мысалы, былтыр «Ихсан жылы» аясында аудандарда арнайы мамандардың қатысуымен діни сауаттылықты арттыратын жұмыстар жүргізілді. Шарапатты шара шағын елді мекендерде де көрініс тапты», - деп атап өтті жиын барысында Әбілхайыр Мәулен.
Әрине, ұрпақ тәрбиелеуде жаңылысуға хақымыз жоқ. Әсіресе, желкілдеген жастарға тікелей мешіт имамдары мен ұстаздарынан білім алса, ол құптарлық іс. Ғибраты мен берері мол жүздесудің бір ғасырлық тарихы бар шаһардағы білім ордасының қара шаңырағы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде өтуі де қуантарлық жағдай.
Рухани әңгіменің түймесі ағытылған кездесуде уағызға шөліркеп қалған студент жастар наиб имамның сөзін ұйып тыңдады. Көкейін дүдәмәл ойлар мазалағандар аз емес екен. Сұрақ-жауап бөлімінде бастырмалата сауал қойғандарға Әбілхайыр Кәсенұлы байыппен, тұщымды жауап берді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ