2022 жылдың 8 сәуірінде Қарағанды облысының білім басқармасы «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп Қарағанды облысы білім басқармасының «Саран қаласы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Балалар өнер мектебі» КМҚК «Ән жайлауым – Сарыарқа!» І облыстық дәстүрлі ән орындаушылар фестиваль-байқауын өткізді.
Байқау қашықтық форматта өтті. Қарағанды облысы бойынша Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай қалаларының, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарының, Топар кенті мен Дубовка ауылы өнер мектептері мен музыка мектептерінің дәстүрлі ән сыныбының білім алушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Фестиваль-байқауға қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты кіші, орта және үлкен топ болып үшке бөлінді. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Майралардың ізін жалғап келе жатқан дарынды, жезтаңдай жас әншілер сайыс барысында бірінен-бірі асып түсіп жатты. Әр өңірден жиналған 58 өнерпаздың орындаған әндеріне Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Домбырамен ән салу» бөлімінің аға оқытушысы, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің жанындағы «Арай» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Аркенов Дауренбек Максутбекович, мамандандырылған музыка мектеп интернатының «Домбырамен ән» бөлімінің оқытушысы Түсіпбек Азамат Қайыртайұлы, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Домбырамен ән салу» бөлімінің оқытушысы Әбдіғалым Азат Әсетұлы баға беріп, әділ шешімдерін шығарды.
Кіші топ бойынша топ жарып бас жүлдені иеленген Мыңбаев Мағжан (Қарағанды қ.), І орын Төлеубек Айзере (Топар кенті), ІІ орындарды: Салауатова Адия (Топар кенті) және Қалкен Зере (Қарағанды қ.) бөліссе, ІІІ орындар: Ахмет Рамазанға (Қарағанды қ.) Нұрлыбаев Арғынға ( Қарағанды қ.) және Игілік Күнсұлуға (Бұқар жырау ауданы) бұйырды.
Орта топтағы өнерпаздар бәйгесінен оза шауып бас жүлдені Нұрлыбаев Талғат (Қарағанды қ.) қанжығасына байласа, І орынды ерекше көзге түсіп Жаңғабыл Нұрсила (Саран қ.) алды. ІІ орындарды: Тақсин Қайыржан (Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылы) мен Сайлаубек Сәкен (Қарағанды қ.) қанжығалап, ІІІ орындарды: Қайырбек Санжар (Қарағанды қ.), Ошақбаева Аружан (Қарағанды қ.), Рахметова Арина (Қарағанды қ.) бөлісті.
Үлкен топта топ жарып бас жүлдені Серік Ақтілек (Бұқар жырау ауданы) алса, І орынды Туяков Нұрәли (Саран қ.) иеленді. ІІ орындарды: Дәмежан Әли (Теміртау қ.) мен Сейфулла Бақтияр (Ақтоғай ауданы) бөлісіп, ІІІ орындар: Байназаров Абылайханға (Теміртау қ.), Қасқатай Айшаға (Қарағанды қ.) және Ақшалова Алуаға ( Абай қ.) бұйырды.
Қазақтың дәстүрлі ән өнері халқымыздың асыл қазынасы. Сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының одан әрі дамуына бүгінгі талантты әнші балапандарымыздың қосар үлесі мол екенін қазақтың ән-жырсыз өтпеген той-томалақтарында ғана емес, осындай жарыстарда да көп байқалып жатады.
Ж. Аскаров,
Саран қаласы «Балалар өнер мектебі»
дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы