15 СӘУІР КҮНІ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІМЕН БІРЛЕСЕ ОТЫРЫП, ДӘСТҮРЛІ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІН ӨТКІЗДІ.
Сол күні қалалық мәдениет үйіне жиналған қауымның қарасы қалың болды. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі басталмай жатып, есік алдында жұмыс іздеп жүрген жандардан ұзын-сонар кезек қалыптасты. Олардың қатарынан болашақ мамандық таңдауда ойланып жүрген түлектер де бар.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биылғы жәрмеңкеге 800-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Саран қаласының 24 жетекші кәсіпорны мен оқушыларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру мақсатында қала және облыстың 14 жоғары және орта білім беру ұйымның өкілдері жиналды. Одан бөлек қылмыстық-атқару жүйесі, прокуратура, полиция, пробацияның қызметкерлері мен жеке сот орындаушылары болды.
- Сондай-ақ «KamaTyresKZ» шина зауыты, «QazTehna» автобус шығаратын зауыт қатысты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қазір қабылдауды бастады. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне екі өкілі келді,- деп атап өтті Саран қаласының жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Черкасова.
Бұл күні жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген 1000-нан астам азамат қатысып, жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрды. Қалалық мәдениет үйінің бірінші қабатында тек Саран қаласынан ғана емес, Қарағанды, Теміртау қалаларының білім беру ұйымдары тұрды. Жәрмеңкеге келген түлектер мен жастарға оқуға түсу және оқу шарттары бойынша қолма-қол сол жерде кеңес беріліп, қызықтырған сұрақтарға жауап берілді. Ал оның екінші қабатында қаламыздың жетекші кәсіпорындарының өкілдері тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесуге атсалысты.
Жәрмеңкеде жұмыс іздеп келген жандар өздеріне лайықты жұмыс тауып, жұмысқа орналасуға, жастар тәжірибесіне, алғашқы жұмыс орнына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына жолдамалар алды. Сондай-ақ «Бизнес-Бастау» бағдарламасы мен атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу бойынша кеңестер берілді. Әрі «KamaTyresKZ» ЖШС шина шығаратын жаңа зауыттың өкілдеріне өздерінің түйіндемелерін тапсыру мүмкіндігіне ие болды.
- Біз әрдайым бос орындар жәрмеңкесіне қатысамыз. Тек Саран қаласының аумағында ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қарағанды облысы бойынша өтетін бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысуға тырысамыз. Бүгінгі жәрмеңке өте қызықты өтіп жатыр. Біздің «KamaTyresKZ» компаниясына да белгілі бір қызығушылық байқалуда, - деді «KamaTyresKZ» ЖШС директорының көмекшісі Дедов Виталий.
Жәрмеңкеге қатысқан жандардың санында есеп жоқ. Бірі түйіндемелерді толтырып жатса, енді бірі өзі қалаған жұмыс орнын тапқанына қуанышты. Бастысы – жәрмеңке көпшіліктің көңілінен шығып отыр.
«Жәрмеңке бүгін жақсы өтуде. Жаңадан ашылған шина зауытына тіркеліп жатырмыз», - деп өз пікірін білдірді Ақтас кентінің тұрғыны Құндыз Әбжанова.
«Мұндай жәрмеңкелер азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін өте жақсы жасалған деп ойлаймын», - деп атап өтті жәрмеңкеге арнайы Қарағанды қаласынан келген Қаиржан Мухамбетжанов.
Бір қуантарлығы, сол күні жәрмеңкеде талай жас маман өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Олар үшін үлестірме материалдар, анкеталар, ақпараттық буклеттер дайындалды. Енді тек бел шешіп, білек сыбана іске кірісу керек. Жаза кетейік, Саран қаласында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жылына бірнеше рет ұйымдастырылады. Алдағы уақытта да мұндай жәрмеңке өз жалғасын табатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА