Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖАСЫРАТЫНЫ ЖОҚ, БҮГІНДЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ЖАСТАР САЯСАТЫН ЖҮРГІЗУГЕ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН. ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫНАН БАСТАП, ШАЛҒАЙ АУЫЛДЫҚ МЕКЕНДЕРДІҢ ӨЗІНДЕ ЖАСТАР ІСІ ЖӨНІНДЕГІ НҰСҚАУШЫЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛЫП ОТЫР. МҰНДАҒЫ МАҚСАТ - МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН ЖОБАЛАРДАН ЖАСТАРДЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ ХАБАРДАР ЕТУ.

Үгіт-насихат жұмыстарына келгенде кенжелеп тұрған тұстарымыз жоқ. Осы салаға жауапты құзырлы органдар тарапынан жастарды ақпараттандыру бағытына баса көңіл бөлініп отыр.

Мәселен, жуырда ғана «Саран қаласының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Гүлзият Ханафина Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесті.

Кездесу барысында Гүлзият Келдібекқызы студент жастарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, олардың өздері қалаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуларына жасалатын мүмкіндіктер туралы айтты.

Жиын барысында жастар ресурстық орталығының инспекторы Гүлзият Ханафина «екі қолға бір күрек» іздеп жүрген жастарға «Болашақ», «Жасыл ел» бағдарламалары, ал шағын кәсіптерін дөңгелеткісі келгендерге Саран қаласы әкімінің «Идеядан шынайылыққа қарай» сыйлығы мен «Қыран» жастар сыйлығы жөнінде баяндама жасап, жастарға кеңінен түсінік берді. Сондай-ақ ол «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы бірқатар еңбекке құштар жастардың тұрақты жұмыспен қамтылғанын да атап өтті.

«Мемлекетіміз жастарды барынша қолдап, көптеген бағдарламар мен жобаларды жүзеге асыруда. Жас қазақстандықтар қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуда, елімізде жоғары білім алу үшін білім гранттары бөлінуде, түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО–ның студенттерін, оның ішінде халықтың осал топтарына жататын отбасылардың балаларын жазғы айларда жұмыспен қамтуды көздеген республикалық жазғы еңбек жасақтарының «Жасыл ел» бағдарламасы 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы Саран қаласы және Ақтас кенті бойынша 50 сарбазды қамту жоспарланған. Жазғы еңбек жасақтарының қатысушылары тегін киіммен (бас киім, футболка, спорттық костюм, рюкзак) қамтамасыз етіледі. Әрбір қатысушыға арнайы киім тігілетін болғандықтан Басқарма нұсқауымен өтінімдер 31 наурызға дейін қабылданып, тізім жасалды. Сонымен қатар, 14-15 жастағы балаларды жасақ қатарына қабылдау тек Қарағанды облысында ғана қарастырылған»,- деді жастар ресурстық орталығының инспекторы Гүлзият Келдібекқызы.

Иә, мемлекеттік жастар саясаты – қоғамның стратегиялық ресурстарының дамуының маңызды бағыттарының бірі. Болашақтағы Қазақстанның жолы жас ұрпақпен тікелей байланысты. Бүгінгі күні жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие. Осы үшін кәсіби мансап пен тұлғалық өсу қалыптастыруда тең мүмкіндіктер құрылуда.

Мәселен, шаһарымыздағы жастарға қатысты жанданған бірегей жобалардың бірі - Саран қаласы әкімінің «Идеядан шынайылыққа қарай» сыйлығы мен «Қыран» жастар сыйлығы.

Гүлзият Келдібекқызының айтуынша, жастардың жетістікке жетуіне жағдай жасау мақсатында қаламызда 2019 жылдан бері ұйымдастырылып, өткізіліп келе жатқан қала әкімінің «Идеядан шынайылыққа қарай» сыйлығына 3 жыл ішінде 200-ден астам шаһар жастар қатысып, оның 9-ы 1 миллион теңге сомадағы әкім грантын алу мүмкіндігіне ие болған.

«Өз бизнес идеяларыңыз болса, маусым айының 10-на дейін өтінім беріп, бақтарыңызды сынасаңыздар болады. Жобаға 16 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады», - деді кездесу барысында жастар орталығының инспекторы.

Сонымен қатар, Гүлзият Келдібекқызы Саран қаласы әкімінің «Жас маман», «Мемлекеттік тіл – болашағым (өзге ұлт өкілдері үшін)», «Отан қорғаушы», «Жас кәсіпкер», «Жас жұмысшы», «Жас талант», «Жас спортшы», «Үздік медицина қызметкері» сынды 8 номинация бойынша берілетін «Қыран» жастар сыйлығы туралы да тілге тиек етті.

АЙТПАСА СӨЗДІҢ АТАСЫ ӨЛЕДІ

Қазақта: «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген жақсы аталы сөз бар. Формуласын білеміз, енді қарқынды іс керек!

Бірақ, билік басындағылардың «құлағына алтын сырға». Біздің елімізде істен қорқып, еңбек етуден қашып отырған жастар жоқ. Оларды толғандыратын бір ғана мәселе бар. Ол мемлекет ұсынып отырған жұмыстардың айлығының төмендігі. Сонымен қатар, ол тек жастарға ғана қатысты мәселе емес.

Біз қазір материалдық құндылықтар бірінші орынға шыққан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл адамның кінәсі емес, сол адамдар өмір сүріп жатқан заманның талабы. Сондықтан, кез келген жас жұмысқа орналасар алдында, көштен қалмауы үшін ең алдымен жұмыстың өзіне емес, айлығына қызығады. Айтпағым, осыны ескерсек екен дегім келеді.

Егер «ерім деген ел болмаса, елім деген ер» қайдан шықпақ. Сондықтан ел ертеңі жастарды қолдағымыз келсе, ең алдымен ұсынып отырған жұмыстың материалдық жағын дұрыс ескеріп алғанымыз жөн деп есептеймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, формуласын білеміз, енді тек қарқынды іс керек!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ