САРАН ҚАЛАСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҒАШЫҚТАР КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН БАЙҚАУДА ҚОЗЫ КӨРПЕШ ПЕН БАЯН СҰЛУ АНЫҚТАЛДЫ.
Елімізде жылдағы дәстүр бойынша «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні 15 сәуір күні атап өтіледі.
Қозы Көрпеш - Баян Сұлу – XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасында қағазға түскен қазақ халқының лиро-эпостық жыры. Поэманың өзі Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындардың орындауында ауызекі тілде кең таралған. Шамамен елге жеткен жиырмаға жуық нұсқаның ішінен ең танымалы - Жанақтың нұсқасы. Әдеби туындыны оқығанда қос ғашықтың бір-біріне деген ілтипатын, махаббат жолындағы күресте нәзік сезімдерін сақтай білгендерін сезінуге болады. Олардың махаббат тарихы осы адалдықтарымен құнды болған. Шаһарымызда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі жыл сайын қазақ лиро-эпостық жырының кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың құрметіне арнап мерекелік іс-шара ұйымдастырады. Биыл да бұл дәстүр байқау түрінде өз жалғасын тапты.
Ұлттық ғашықтар күнінде «Жігер» жастар ұйымының бастауымен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күніне орай мамандықаралық жұптық сайыс өткізілді. Осы жолғы байқауда студенттерден құралған алты жұптың өнерін қара шаңырақтың киелі сахнасынан тамашаладық. Жастар сайысқа жеңіл-желпі қарамай, сақадай сай дайындалғандығын үстілеріне киген ұлттық нақыштағы киімдерінен, дайындықтарынан-ақ байқалды. Биыл байқау әдеттегідей төрт кезеңмен шектелмей, «Үй тапсырмасы» атты кезеңімен толықтырылды деп отыр ұйымдастырушылар.
- Иә, біз жыл сайын 15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнін міндетті түрде атап өтеміз. Былтыр енді карантинге байланысты осылай оффлайн түрінде бола алмады. Енді биыл карантин бітіп, оффлайн түрде әр топ арасында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күніне арналған байқау өткізіп жатқан жайымыз бар, - деп атап өтті «Жігер» студенттік парламентінің жетекшісі Алишер Манаш.
Студент жастардан құралған жұптар бас-аяғы бес сайыстан сүрінбей өтуі тиіс. Алғашқы кезеңі дәстүрлі «Тегімді менің сұрасаң...» атты таныстырудан бастау алса, келесі «Өнерлі бала – елдің көркі» деген кезеңде бойындағы өнерлерін көрсетті. Бірі сыңғырлаған үнімен, қоңыр дауысымен тамылжыта ән салса, енді бірі сахналық қойылымдарымен ерекшеленіп жатты. Ал «Бар ізгілік тек білімнен алынар» кезеңінде үміткерлер сұрақ-жауап ойынын ойнап, ұйымдастырушылар дайындаған ұлттық құндылықтармен, қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарымен байланысқан сұрақтарға кідірмей жауап беріп отырды. «Сұлулық сыры» кезеңі өз атында тұрғандай сән үлгісінен салтанат құрды. Соңғы «Үй тапсырмасы» атты кезеңінде әр жұп жеті минуттан аспайтын махаббат пен сыйластықты, әдеп-ғұрыпты дәріптейтін топтық көріністерді дайындаған.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы, қазақ тілі мен әдебиеті облыстық әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Анар Баймолдина, «Amanat» партиясы Саран қалалық филиалының консультанты Айнұр Аяганова мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің кітапхана меңгерушісі Алмагүл Сүлейменова әділ-қазы мүшесі ретінде үміткерлердің сахна мәдениеттілігіне, шеберліктері мен шығармашылық талғамына, өнерлеріне әділ бағасын беріп отырды.
- Бүгін ерекше күн болды. Біраздан бері мұндай мерекелер болмаған еді. Бүгін қатты толқып, қуанып отырмыз. Балалардың да мерекелерді сағынғандығы байқалады. Бүгін алты жұптың арасында сайыс болды. Сайыс болғаннан кейін әрине жеңімпазы болуы керек. Үшеуіміз бір ортақ шешімге келіп, жеңімпаздарды анықтадық, - деп Анар Сабырқызы ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын жеткізе отырып, марапаттау салтанатына көшті.
Өз заманында тағдырдың тауқметіне қарамай бір-біріне деген сезімдерін, ыстық ықыласын сақтай білген Қозы Көрпеш мен Баян Сұлу бүгінгі таңда қаншама жастарымыздың махаббат символына айналып отыр. Ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мерекеге орай ұйымдастырылған сайыста ОтӘ-9-20 тобының студенті Берікбол Сагжан мен ОтӘ-9-21 тобының студенті Қайыржанқызы Ақсезім «Көрермендер көзайымы» атты номинацияны иеленді. Жүлделі үшінші орынға бір дегенде қос жұп ие болды. Олар: ДТ-9-20 тобының студенті Жамкенов Мухаммеджан мен ДТ-9-21 тобының студенті Шалкар Іңкәр және КИ-9-19 тобының студенті Оралбек Данияр мен КИ-9-21 тобының студенті Маратқызы Әлия. Өнерлі топтардың бірі БДТ-11-21 тобының студенті Масакбаев Серiк пен ДТ-9-19 тобының студенті Абайкызы Айгүл екінші орынға жайғасты. БҚТӘ-11-21 тобының студенті Бекежан Дамир мен БМ-9-20 тобының студенті Халиолла Ақзере бірінші орынмен марапатталды. Ал бас жүлде ҚТӘ-9-18 тобының студенті Қуат Еламан мен ҚТӘ-9-20 тобының студенті Калабаева Айшагүлге табыс етілді.
Бәйге ішінен оза шауып, сынға түскен алты жұптың ішінен дараланып «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» атанған студенттер өлең жолдарынан паш етіп, ұлттық нақыштағы көріністі дайынған. Жеңімпаз жұп байқауға бір жұма қалғанда ғана дайындала бастаған.
- Байқаудан керемет әсер алдым. Барлығы дерлік мықты қатысқан, - деп «Қозы Көрпеш» атанған ҚТӘ-9-18 тобының студенті Қуат Еламан салмақты жауап қайтарса, «Баян Сұлу» атанған ҚТӘ-9-20 тобының студенті Калабаева Айшагүл керісінше іштегі қуанышын жасыра алмады.
- Барлығы жақсы болды. Ойлаған жоқпыз бірінші орын аламыз деп. Үшінші немесе екінші орын алатын шығармыз деп ойладық. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» атанғанымызға әлі сене алмай отырмын, - деп байқаудан алған әсерімен бөлісті Айшагул Калабаева.
Сайыстың басынан-аяғына дейін үміткерлерге қолдау көрсеткен көрермен қауымы барынша ду-қол қошеметін аямады. Марапаттау сәтінде де белсенділіктерін көрсетіп, қуаныштарына ортақтасты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА