Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ОСПАНОВ ЕРАЛЫ СЕРІКҰЛЫНЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ЖИЫНДА МАМЫР АЙЫНДАҒЫ МӘНІ МЕН МАҒЫНАСЫ МАҢЫЗДЫ МЕРЕКЕЛЕРГЕ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ.

Ералы Оспанов үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде өткен жиналыста бөлім басшыларын жинап, 1 және 9 мамырда өтетін атаулы даталарға дайындық барасын талқылап, құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Ералы Серікұлының айтуына қарағанда биыл, әдеттегідей 1 мамыр күні ұйымдастырылатын ұлттар мәдениетінің шеруі өткізілмейді. Қала басшылығы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған қалалық іс-шараларды «Сұңқар» стадионының алдында орналасқан орталық саябақта өткізуді жоспарлап отыр. Орталық алаңда орнатылатын мерекелік сахнада концерттік іс-шаралар ұйымдастырылып, шаһардағы түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен асханасын таныстыратын экспозициялық көрме секілді палаткалар жайғаспақ. Сонымен қатар, орталық алаңда мерекелік жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Айтпақшы, мәдени іс-шаралардан бөлек, спорттық шаралар да болады. 30 сәуір күні Достық туын көкке самғатып, 500-ге жуық адамды қамтыған велошеру өтпек.

Ал 1 мамырда «Сұңқар» стадионындағы футбол алаңында футболдан қалалық блиц-турнир, ал стадионның өзінде шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату және қол күрестіру бойынша сайыстар өткізілетін болады.

Биыл әдеттегідей Жеңіс күнінде қала көшелерімен жүріп өтетін дәстүрлі әскерилер шеруі мен «Мәңгілік полк» шерулері өткізілмейтін болды. Дегенмен «Мәңгілік полк» шеруі онлайн форматта ұйымдастырылмақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ералы Оспанов жиналыс барысында мәлімдеді.

Ал 9 мамыр күні Жеңіс стеласында гүл шоқтарын қою рәсімі мен Ұлы Жеңіс күніне арналған қалалық іс-шара өтетін болады.

Атаулы мерекелердің сән-салтанатымен өтуіне түрі бөлек болғанымен тілегі бір қала жұртшылығы, шаһар жастары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері шаһардағы өнер жұлдыздары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталық ұйымдарының өкілдері атсалысатын болады.

Демек бұл күндері сарандықтарды қызыққа толы шаралар күтіп тұр. Келіңіздер, көріңіздер, тамашалаңыздар!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор