ӨНЕР МЕН МӘДЕНИЕТКЕ БАЙ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА ТОЛЫ «ЗОЛОТОЕ НАСЛЕДИЕ» АТТЫ VII ҚАЛАЛЫҚ БИ ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ.
Екі жыл. Екі жыл қатарынан пандемияға байланысты балалардан құралған хореографиялық ұжымдар киелі сахна төрінде өнер көрсете алмады. Күнделікті көзайым болып жүрген іс-шараларды халықпен бірге өткізе алмай, онлайн режимге бейімделуге тура келді. Ал биыл Балалар жылында қалалық мәдениет үйінің киелі сахнасы ерекше түрлене түсті.
Саран қаласында Балалар жылына орай көпшіліктің көңілінен шығып, дәстүрге айналған «Золотое наследие» атты VII қалалық би фестивалі өтті. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ольга Голеваның бастамасымен жетінші рет өткен фестивальде биыл 8 үздік балалар хореографиялық ұжымы өнер көрсетіп, 27 нөмірді көрермен назарына ұсынды.
- Мен неге қалалық би фестивалін «Золотое наследие» деп атадым. Себебі балалар - біздің алтын мұрамыз. Адамның байлығы, пәтері, көлігі және т.б. мүлкі көп болғанымен, оның ісін жалғастырушысы – баласы. Сондықтан біздің балаларымыздан асыл да қымбат ештеңе де жоқ, - деп атап өтті Ольга Демьяновна.
Қай елде болмасын сахна өнері, оның ішінде би өнері ерекше қошеметке ие. Талғам мен сезімге, жинақылық пен нәзіктікке толы биылғы фестиваль «Детство» үлгілі би ансамблінің «Весна» атты биімен ашылып, сахнаны жандандыра түсті. «Жұлдыз» (жетекшісі Прадан Людмила Николаевна), «Каприз» (жетекшісі Попова Марианна Владимировна) хореографиялық ұжымдары, «Томирис» (жетекшісі Нысамбаева Аида Газизовна), «Амадеус» (жетекшісі Кан Наталья Леонидовна) би ансамбльдері мен «Танцующая долина» неміс хореографиялық ұжымы (жетекшісі Пеннер Александра Васильевна) және «Realize» көше және заманауи билер клубы (жетекшісі Алибек Рахимжанов) өздерінің шығармашылық қойылымдарымен, көріністерімен ерекшеленді. Бәрінен Қарағанды облысы Саран қаласының АӘҚКО «Жұлдыз» ансамблінің өнері көпті тәнті етіп, халықтың ду-қол қошеметіне бөленді. Бекзат өнердің иелері би тілімен адамның ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын жеткізе білді десек те болады.
Хореографиялық өнерді дамыту, қаланың талантты және ерекше хореографиялық ұжымдарын қолдау мақсатында өткізілген фестивальде әр ұжым өздері дайындаған екі-үш нөмірін ұсынды. Басты талап - шараның «Дадим шар земной детям!» атты ұранына сәйкес келу. Осы арқылы ұйымдастырушылар балаларға деген қамқорлығын, сүйіспеншілігін жеткізгісі келді. Фестивальдің өзі балаларға арналғандықтан, бойындағы өнерін аша түсетін қойылымдар қойылып, ажарларын көріктендіре түскен сахналық киімдер тігілген.
- Біз соңғы нөмерді «Мы ждем перемен» деп атауымыз да кездейсоқ емес. Біз шынымен, өзгерістерді күтеміз. Біз әлемде бәрі жақсы, таза болғанын қалаймыз. Жас ұрпақты ізгі құндылықтарға тәрбиелеу керек. Жастарымыз үлкенге құрмет көрсетуге, білімге ұмтылуы тиіс, - деп толықтырып кетті Ольга Демьяновна.
Сондай-ақ, дарынды жастар өнер көрсеткен фестивальде басынан-аяғына дейін болған Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова: «Біз бүгін шынымен балаларымыздың жемісін көрдік»,-дей келе ата-аналардың, хореографтардың, жетекшілердің еселі еңбегін атап өтіп, сахна төрінде өнер көрсеткен барлық ұжымды арнайы дипломдармен марапаттады. Бұл күні хореографтар мен жетекшілер қатарына жас, талантты Екатерина Диденко қабылданды. Ол жастайынан «Realize» көше және заманауи билер клубына қатысып, бүгінде атамыш клубтың кіші тобына жетекшілік етуді қолға алған.
Мерекелік концерттерді тек үлкендер ғана емес, балалар да қатты сағынып қалғандары байқалды. Мәдениет үйінің залында ине шаншар жер болмай, тіпті тұрып та тамашалаған көрермендер қатарын көрдік. Бәрінен сахна төрінде өнер көрсеткен балаларына жанкүйер болып келген ата-аналардың қуаныштарында шек болмады.
- Біздің жетекшіміз – Прадан Людмила Николаевна. Балалар өнер мектебінде жаттығып жүргенімізге екінші жыл. Бүгін «Гномы-лилипутики» нөмерін дайындап келдік. Пандемиядан кейін барлығы жоғары деңгейде өтіп жатқандай, - деп қызының өнерін үлкен сахнада тамашалаған аяулы ана Шакирова Екатерина пікірін білдірді.
- Бүгін баламды қолдауға келдім. Ол үш жасынан бастап «Амадеус» би ансамблінде өнер көрсетеді. Жетекшіміз - Кан Наталья Леонидовна. Менің кенже балам да сонда айналысады. Ал бүгінгі концерт маған өте қатты ұнады, - деп шарадан алған әсерімен бөлісті Саран қаласының тұрғыны Инна Клюева.
Осымен жетінші рет ұйымдастырылған фестиваль өз дәрежесінде өтіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Тұрғындар рухани демалып, би өнерінің қыр-сырын барынша тамашалай алды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА