«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫН ҚОРҒАУ ОНЫҢ ӘРБІР АЗАМАТЫНЫҢ ҚАСИЕТТІ БОРЫШЫ ЖӘНЕ МІНДЕТІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. АЗАМАТТАР ЗАҢДА БЕЛГІЛЕНГЕН ТӘРТІППЕН ЖӘНЕ ТҮРЛЕРДЕ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ АТҚАРАДЫ» ДЕП, ТАЙҒА ТАҢБА БАСҚАНДАЙ ЕТІП ЖАЗЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ 36 БАБЫНДА.
Біздің елімізде жауынгерлік ерлік пен әскери қызмет ерекше құрметке ие. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің шекарасын күзету, халықтың тыныштығы мен әл-ауқатын қорғау - ерекше абырой мен сенім.
Сәрсенбінің сәтті күнінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде 44803 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері студент жастарға арнап ерлік сабағын өткізді. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған жайы бар.
Ержүрек азаматтардың ерлігін тереңінен насихаттауға, жас ұрпақты елжандылыққа, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында өткен жиынға 44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Рамазан Бақтияров, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қызметкері А.С. Орумбаева, келісім-шарт бойынша қатардағы әскери қызметкер Н.Б. Кошмағамбетов, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев, колледж студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ерлік сабағы ежелгі дәуірден бастап XVIII-XIX ғасырларға дейінгі уақыт аралығында әлем елдеріндегі қарулы күштердің құрылу тарихы мен сол замандардағы соғыс тактикаларына арналды.
44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Рамазан Бақтияров студенттерге «Ежелгі дәуірдегі (Грекия және Рим) соғыс жүргізу тактикасы», «Орта ғасырлардағы соғыс жүргізу тактикасы», «XV ғасырдың соңынан бастап XVII ғасырдың соңына дейінгі уақыт аралығындағы соғыс жүргізу тактикасы» және «XVIII-XIX ғасырлардағы соғыс жүргізу тактикасы» тақырыптарында қызықты әңгіме қозғап, студенттерге әскери ұрысты жүргізудің әдіс-тәсілдері туралы қызықты тарихи деректер келтірді. Осылайша ол студенттердің тарихи танымын жаңғыртты.
- Біздің мақсатымыз - оқушылардың бойына патриоттық сезімін қалыптастыру, ерлікке, Отаншылдыққа, ұлтжандылыққа баулу, ардагерлердің ерлігін насихаттау, - деді 44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Рамазан Бақтияров.
Ең бір қызықтысы, ерлік сабағы тек бір тараптан ғана баяндама оқу форматында өткен жоқ, керісінше дәріс барысында Кеңес Одағы кезінде түсірілген және атағы әлемге әйгілі Америкалық Голливуд студиясымен түсірілген тарихи фильмдерден үзінділер көрсетіле отырып, сұрақ-жауап форматында өтті. Бұл өз кезегінде аталмыш шараға деген студенттердің қызығушылығын тудырып, олардың дәріс барысындағы белсенділіктерін арттырды десек, артық айтпаған боламыз.
Сонымен қатар, студенттердің ерлік сабағы барысында келтірілген деректер мен көрген бейнероликтерден алған білімдерін тексеру мақсатында іс-шара соңында қызықты ойын ойнатылып, олар әскери бөлім қызметкерлерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жас ұрпақтың патриоттық сана-сезімін көтеруде осындай шараның маңызы зор. 44803 әскери бөлімінің әскери қызметкері тәлімді дәріс оқып, жастар тарапы өздерінің ыстық ықыластары мен лебіздерін білдірді. Жасөспірімдер әскери қызметке қатысты көкейде жүрген сауалдарын қойып, қажетті ақпараттарын алды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор