САРАН ҚАЛАСЫНДА «АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ РАЙЫМБЕК БАТАЛОВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ӨҢІРЛІК КЕҢЕСІНІҢ АШЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.
22 сәуір күні қалалық мәдениет үйінің қабырғасында өткен ашық отырысқа Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Кикимов пен Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Болатбек Байменов қатысты.
«Қазіргі таңда өңірлік кеңес ірі және шағын кәсіпорындардан және микробизнестен тұрады. Бүгінде аймақтық кеңестің құрамы мықты десек те болады. Бұрыннан бері жұмыс істеп келеміз. Барлық кәсіпкерлердің мол тәжірибесі бар», - деп аталмыш жиынның өту барысымен тоқталып кеткен Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Болатбек Ғизатұлы ең алдымен өңірлік кеңестің тыныс-тіршілігіне шолу жасап шықты.
Келесі болып сөз алған «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов болса бизнесмендерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының трансформациясы және елдегі бизнесті дамытуға қатысты тұжырымдамалық тәсілін таныстыра отырып, өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдаудың маңыздылығына жіті назар аудартты. Ұсынылған тұжырымдама қатысушылар тарапынан да қолдау тапты. Кәсіпкерлердің пайымы бойынша, осындай бастамалар моно және шағын қалаларда бизнестің дамуына зор септігін тигізіп, оң ықпал бермек.
- Жиын өте жақсы өтті. Менің ойымша, Райымбек Анварұлы ұсынған әдістеме бүгінгі күнге дейін біз білетіндер ішінен ең тиімдісі, - деп «Алтын арна» компаниясының басшысы Ренат Минхаиров пікірін білдірді.
Сол күні өңірлік кеңестің ашық отырысына 50-ге жуық кәсіпкер, өңірлік кеңес өкілдері мен бизнесмендер келді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасымен кездесу барысында қатысушылар шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс, мемлекеттік сатып алу, Палатаның жұмысына қатысты бірнеше өзекті мәселелердің басын көтеріп, көптен бері көкейінде жүрген сауалдарын қойды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Суретті түсірген автор