Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ТӘРТІПКЕ БАС ИГЕН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ» ДЕП ЕР БӘУКЕҢ АЙТҚАНДАЙ, ТӘРТІПСІЗ МЕМЛЕКЕТТІҢ ІРГЕТАСЫН НЫҒАЙТУ МҮМКІН ЕМЕС. МҰНЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨЗ ЖОЛДАУЫНДА ДА БАСА АЙТТЫ. ОСЫҒАН ОРАЙ САРАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ, ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ ЕРЛАН ОСПАНОВ ШАҺАР ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСЕП БЕРДІ.

«Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен жиынды полиция бөлімінің бастығы Ерлан Бітімбайұлы ішкі істер органдарының міндеті – тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру, полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылатындығын жеткізді. Сонымен қатар, баяндамашы шаһардағы қылмыстық ахуал және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Мәселен, 2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Саран қаласы аумағындағы криминогендік жағдайдың жай-күйі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 14,3% - ға (336-дан 288-ге дейін) жалпы төмендеуімен байқалады.

Атап айтатын болсақ, Ерлан Бітімбайұлының мәлімдеуінше, ауыр және аса ауыр қылмыстар 35,7% - ға (98-ден 63-ке дейін), зорлау 200% (2-ден 0-ге дейін), ауыр дене жарақаттары 81,8% - ға (11-ден 2 - ге дейін), ұрлық 50,0% (8-ден 4-ке дейін), алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар - 69,0% (35-тен 14-ке дейін), кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 33,3% - ға (3-тен 2-ге дейін) төмендеген. Сонымен қатар, ол өткен жылы қарақшылық, мал ұрлау, атыс қаруын қолдана отырып қылмыс жасау фактілеріне жол берілмегендігін атап өтті.

2021 жылдың 12 айында жүргізілген жедел – профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде 735 адам профилактикалық есепке алынған, профилактикадағы тұлғалар тарапынан 570 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Профилактикалық есепте тұрған барлық адамдарға құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеу туралы ескертулер берілді.

Сонымен қатар, есепке алынған тұлғаларды жұмысқа орналастыру бойынша да бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, 2021 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан 15 адам бостандыққа шығып, оларды Саран қ. ПБ есепке қойғаннан кейін жұмысқа орналастыру мәселесін шешу үшін Саран қ. әкімдігі жанындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығына жіберілген.

Бұдан бөлек, дүкендердің, кәсіпорындардың, ұйымдардың техникалық нығайтылуына 260 тексеру актісі өткізіліп, нәтижесінде дүкендер мен кәсіпорындардың иелеріне объектілердің техникалық нығайтылуы бойынша бірқатар ұсыныстар берілген.

Полиция бөлімі бастығының айтуына қарағанда, құқық бұзушыларға қатысты пәрменді алдын алу шараларының бірі әкімшілік қамауға алу болып табылады. Бұл тұрғыда тәртіп сақшылары құқық бұзушылыққа бейім адамдарды уақытша ұстаудың арнайы үй-жайына орналастыру жөнінде арнайы жұмыстар жүргізген.

Осылайша, 2021 жылдың 12 айында арнайы 380 құқық бұзушы уақытша ұстаудың арнайы үй-жайларына, 317 адам әкімшілік қамауға алынған.

Өткен жылы учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйлер мен аулаларды аралау жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғындарға ұрлық пен алаяқтықтың алдын алуға бағытталған, соның ішінде дабыл және бейнебақылау камераларын орнатуға бағытталған ақпараттық жұмыстар жүргізген.

Өз кезегінде жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы ұрлықтың да, басқа да қылмыстардың азаюына ықпал етті дейді полиция полковнигі Ерлан Бітімбайұлы.

Сонымен қатар, Ерлан Бітімбайұлының мәлімдеуінше, бекітілген әкімшілік учаскелердегі ахуалды мониторингілеу, сондай-ақ «сервистік модельді» енгізу және «кері байланысты» орнату мақсатында учаскелік полиция инспекторларының үй иелерінің (тұрғындардың) чаттарына, әлеуметтік желілер топтарына қатысуы қамтамасыз етілген.

WhatsApp әлеуметтік желісінде барлығы 6 тобы құрылған (әр ПУП бір-бірден), олардың әрқайсысында 50-ден 70-ке дейін белсенді азаматтар тіркелген. Бүгінгі күні қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердің тұрғындарымен әрбір УПИ-дің WhatsApp топтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде дейді ол.

Сонымен қатар, полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары «Instagram» әлеуметтік желісінде 28 мыңнан астам қала тұрғындары тіркелген «Подслушано Сарань» қалалық чаты бар екендігін айтып, осы әлеуметтік желіде тұрғындар полицияның құзыретіне кіретін сұрақтарды қояды, құқық бұзушылықтар туралы хабарлайды, сондай-ақ полиция қызметін жақсарту және қаланың басқа да проблемалық мәселелері (жарықтандыру, рұқсат етілмеген қоқыс орындары және т.б.) бойынша өз ұсыныстарын енгізетіндігін мәлімдеді.

Саран қ. ПБ-де «Инстаграмм» әлеуметтік желісінде «оtdel_policii_gsarani» атты өз парақшасы құрылған, онда жергілікті БАҚ-пен тығыз ынтымақтастықта ПБ тұрақты негізде жүргізілетін профилактикалық іс-шаралары бойынша ақпарат, сондай-ақ қылмыстың әртүрлі түрлерінің алдын алу бойынша әлеуметтік бейнелер жарияланып тұрады. Аталған парақшада 1218 тіркелген оқырманы бар, парақшада бүгінгі таңда 2000-нан астам материал жарияланып үлгерген дейді полицей.

«Тәжірибе көрсеткендей, бар мәселелерді полицияның репрессиялық әдістерімен ғана шешу мүмкін емес. Егер бүгін біз сіздермен бірге қылмыс жасағандармен бірігіп күреспесек, тек полицияның көмегімен қалаған нәтижеге жету қиынға соғады. Бұл тұрғыда қоғамдық құқық қорғау құрылымдарымен, соның ішінде волонтерлік қозғалыстармен белгілі жұмыстар жүргізілуде», - дейді Ерлан Оспанов.

Мәселен, полиция бөлімі бастығының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 10 қоғамдық полиция көмекшісі есепке алынған. 2021 жылы қоғамдық тәртіпті қорғауға белсене қатысқан 9 қоғамдық көмекші жалпы сомасы 180 000 теңгеге ынталандыру сыйлықтарымен марапатталған екен.

Сондай-ақ, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кәмелетке толмаған М.Д. Абдукодиров есімді азаматты тауып алған ерікті В.А. Микишев марапатталып, оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің рәміздері бейнеленген қол сағаты табысталған.

Ерлан Бітімбайұлының айтуынша, қоғамдық тәртіпті қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысқан адамдарды ынталандыру тәжірибесі биылғы жылы да жалғасын таппақ.

«Қауіпсіз қала» атаулы бағдарламасы шеңберінде аулалардағы 339 бейнебақылау камераларына қосымша 2021 жылы қала аумағында және іргелес кенттерде 166 бейнебақылау камералары орнатылыпты, олар ЖЖЕ бұзушылықтарын тіркейді, оның ішінде 10 бейнекамера жылдамдық режимінің бұзылуын тіркейді. Аталған камералар қаладағы криминогендік жағдайды мониторингілеу үшін ПБ кезекші бөліміне қосылған.

Жылдамдық өлшегіштерге қатысты тәртіп сақшылары талдау жасаған. Нәтижесінде жылдамдық өлшегіштерді орнатудың жағымды әсері байқалған.

Осылайша, өткен жылдың қазан айындағы жұмыс істеудің бірінші айында аталған бейнебақылау камераларымен 10 млн 596 мың тонна сомаға 1118 бұзушылық тіркелген. Ал ағымдағы жылдың үш айында 5 млн 888 мың теңге соманы құраған жылдамдық режимінің 502 бұзушылығы анықталған. Бұл дегеніміз, жүргізушілер тәртіпке бағына бастаған деген сөз.

Ал патрульдік полицияға келетін болсақ, олардың жұмысы қала көшелеріндегі және қоғамдық орындардағы жедел жағдайды ескере отырып, ұйымдастырылған. Күнделікті талдау негізінде, қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік және қарауылдық құрамдарды орналастыру жұмыстары жүргізілген екен.

Криминогендік жағдайды тұрақтандыру, оның ішінде көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында, қызмет көрсету аумағында 26 жергілікті профилактикалық жұмыстар жүргізіліпті.

2021 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстардың арқасында қалада тіркелген жол-көлік оқиғалары санының 7,1% - ға (14-тен 13-ке дейін) төмендеген, бұл өз кезегінде ЖКО кезіндегі қаза тапқандар санының 40% - ға дейін (5-тен 3-ке дейін) азаюына септігін тигізген.

Бұдан бөлек, полиция бөлімі бастығының мәлімдеуінше, шаһарда жедел байланыстың 4 терминалы (ЖБТ) орнатылған, олар бойынша қала тұрғындары шұғыл көмек алу үшін жедел басқару орталығына жүгіне алады, аталған терминалдар Мәдениет үйінің алдындағы Ленин даңғылында, 1 «А» шағын ауданындағы 5 үйдің маңындағы проспектте, 1 «А» шағын ауданындағы Жеңіс Стеласында және автостанцияда орналасқан.

Келесі кезекте Ерлан Бітімбайұлы интернет-алаяқтық сияқты қылмыстың алдын алу және ескерту мәселесі бойынша баяндады.

Арман Бауыржанұлының айтуына қарағанда, Саран қаласы бойынша тіркелген интернет алаяқтықтар бойынша жүргізілген талдау интернет алаяқтықтың негізгі бөлігі несие ресімдеу жолымен, одан кейін olx, колесо.кз, домсад.кз сынды әртүрлі сайттарда, бұдан бөлек микрокредиттік ұйымдар арқылы жасалғанын көрсеткен. Негізінен ақша қаражаты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге аударылған.

«Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Негізгі себептер Интернетте сатып алуды жүзеге асыру кезінде қолма-қол есеп айырысудан бас тарту және халықтың ақпараттық сауатсыздығы болып табылады», дейді Ерлан Оспанов.

Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие OLX, Kolesa.kz сайттарында кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды», деген криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Ерлан Оспанов қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертіп өтті.

Есеп беру кездесуінің соңында Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Оспанов жиналған халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, халықты мазалаған мәселелердің ешбірі де жауапсыз қалмайтынын баса айтты.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор