«ШЫНЫҚСАҢ – ШЫМЫР БОЛАСЫҢ» ДЕМЕКШІ, ДЕНЕ ЖАТТЫҒУЫ АДАМ БАЛАСЫНА ҚАШАН ДА ПАЙДАЛЫ. КҮНІ БОЙЫ ӨЗІҢДІ СЕРГЕК СЕЗІНІП ЖҮРУДІҢ ДЕ БІР ТӘСІЛІ – СПОРТ.
Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен. Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп бекер тұжырым жасамағаны анық. Күніне кем дегенде 20 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам өзін сергек, көңілді әрі өзіне сенімділігін арттыратыны анықталғаны белгілі.
Ғалымдар АҚШ-тың Пенсильвания университетінің 200-ге жуық студентіне зерттеу жүргізген. Олар күніне 20 минуттан астам уақытын түрлі дене жаттығуларына арнаған. Ал сегіз күннен кейін қатысушылар өздерінің басынан өткеріп жүрген күйлерін жазып тапсырған. Нәтижесінде көбісі ұйқысыздықтан, әлсіздіктен құтылғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, дәрігерлер қатысушылардың психикасында оң өзгерістер барын анықтаған. Студенттер болса, жаттығу жұмыстарынан кейін көңіл-күйлерінің көтеріліп, өздерін бақытты сезініп жүргендерін жеткізген.
Дене жаттығулары адамның көңіл-күйін ғана көтеріп қоймайды, қанайналым жүйесін жақсартады. Қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені, әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жетісе бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді екен. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз. Бұл да спорттың, дене жаттығуларының бір құдіреті.
Ендеше, мен бүгінгі мақаламда ең қызықты спорт түрі туралы тілге тиек етпекпін.
Әлемдегі әлеуеті зор һәм ең танымал спорт бағыттарының бірі - біздің Саран шаһарында да қарыштап даму үстінде. Ол қандай спорт түрі дейсіздер ме? Таныс болыңыздар - «Аrystan СrossFit» клубы: минималды уақытта – максималды нәтижеге жетудің ең тиімді жолы.
Бұл спортта сіз жаттығуларға күніне бір сағат уақытыңызды ғана арнап, денеңізді сергіту, күш пен жылдамдықты дамыту, денсаулығыңызды нығайту және эндорфиндерді шығару мүмкіндігіне ие бола аласыз. Және де бұл мен ойдан шығарып отырған ертегі емес. Бұл CrossFit – әлемдегі ең жылдам әрі қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі һәм бірегейі.
CrossFit – бұл үнемі өзгеріп отыратын жоғары қарқынды функционалдық жаттығулардан тұратын заманауи спорт түрі. Бастапқыда crossfit АҚШ–тағы арнайы мақсаттағы әскерлерге, полиция мен әскери қызметкерлерге арналған толыққанды жаттығу кешені ретінде әзірленген бағдарлама болатын. Бірақ 2001 жылдан бастап бағдарламаның танымалдылығы арта бастады да, нәтижесінде ол бүгінгі таңда барлығына қол жетімді спорт түріне айналып отыр. Қазіргі кезде crossfit біздің шаһарда да қарқын алуда және сарандық crossfit жанкүйерлерінің саны күннен күнге арту үстінде. Спорттың осы түрін сүйетіндер бас қосатын орынның бірі – Саран шаһарындағы алғашқы әрі жалғыз «Arystan CrossFit» клубы.
«CrossFit адамды белгісіз һәм беймәлім жәйттарға дайындауды мақсат тұтады», – дейді осы спорт түрінің негізін қалаушы Грег Глассман өзі жазған мақалалардың бірінде. Иә, crossfit жаттығуларының міндеті – адамның физикалық дамуына негізделген, яғни, дененің төзімділігін мен икемділігін, реакция жылдамдығын, қозғалыстардың үйлесімділігін және дәлдікті арттыру. Сонымен қатар, crossfit жаттығулары жүрек–қан тамырлары мен тыныс алу жүйелерінің жұмысын жақсартуға, спорттық жүктемелердің өзгеріп отыруына байланнысты, оған адамның тез бейімделу дағдысын арттыруға бағытталған.
«Arystan CrossFit» клубындағы жаттығулар процесі олардың барынша тиімді және қызықты өтетіндей етіп ойластырылған. Бағдарламада ауыр атлетика, плиометрика, пауэрлифтинг, гимнастика, гір спорты, жүгіру (спринтерлік жүгіру) және басқа да көптеген спорт түрлері біріктірілген. Жаттығуға қыздырыну және ширату, жаңа жаттығуларды үйрену және жасау, WOD (workout of the day – «күн тәртібіндегі жаттығу») және қателіктермен жұмыс жасау сынды шаралар кіреді. Қателіктермен жұмыс «Arystan CrossFit» клубының сертификатталған жаттықтырушысының тікелей бақылауымен жеке және ұжымдық түрде жүргізіледі, себебі сәнге айналған спорттық бағыт ұжымдағы үйлесімді жұмысты насихаттайды.
Ал «Arystan CrossFit» клубының жаттықтырушысы - Рустам Дәденбеков. Рустам туралы мен алдыңғы мақаламда жазғантынмын. Естеріңізде болса, үстіміздегі жылғы сәуір айының 9 мен 10 жұлдызы аралығында Қарағанды қаласында «Ұлттық пауэрлифтинг ассоциациясы» автономды коммерциялық емес ұйымының мұрындық болуымен спорттың күштік түрлері бойынша «Даланың қуаты» атты Қазақстан Республикасының ашық кубогы өткен болатын. Жерлесіміз қазақ елінің апайтөс зілтеміршілері бас қосып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған республикалық бәсекеде 1-орынды ұтып алады. Осылайша ол, 82,5 келі салмақ дәрежесінде 205 келіні бағындырып, Нұс-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар сынды қалалардан жиналған 12 зілтеміршілердің арасынан топ жарған болатын.
Иә, Рустам өте тәжірибелі және білікті жаттықтырушы. Бір сөзбен айтқанда, ол нағыз өз ісінің маманы.
Енді crossfit тақырыбына қайта оралсақ. Әдетте жаттығулар шағын топтарға бөлу арқылы өткізілетіндіктен, залда үнемі бәсекелестік атмосферасы үстемдік етеді. Ең бір қызықтысы, сізбен бірге жаттығатын серіктесіңіз кез-келген жаста немесе жыныста болуы мүмкін. Және де бұл сіз үшін ең керемет мотивация болса керек–ті: себебі дәл қасыңызда өзіңізден бірнеше жас кіші немесе үлкен адам, иә болмаса әйел адам жаттығуларды сізбен тең дәрежеде жасап жатса, сіздің қарсыласыңыздан қалыс қалуыңыз екіталай.
CrossFit – тің негізгі басымдықтарының бірі – ол тек тіс қаққан спортшылар үшін ғана емес, сонымен қатар әрбір жаңадан келген адамдар үшін де жаттығу жасай алу мүмкіндігінің болуы, ал айырмашылығы тек жаттығулардың өзінде және жүктеме деңгейінде ғана. Егер сіз спорттық жаттығулардан тәжірибелі болсаңыз, мықты әрі шымыр болсаңыз, алайда жалпы формаңызды жақсартқыңыз келсе, онда «Arystan CrossFit» клубы – ең дұрыс һәм мінсіз таңдау. Егер де спортзалға барып, тізесі әбден шығып кеткен бірыңғай көңілсіз жаттығуларды қайталай беру сізді жалықтырған болса, онда сарандық кросфитерлер тобымен әр түрлі қайталанбайтын жаттығулар жасап, өзара тартысты сайыс жүргізу сіз үшін ең дұрыс таңдау болмақ. Бұл тұрғыда кроссфит өз міндетін дұрыс атқарады деп ойламын. Неге десеңіз ондағы кешенді жаттығулар жүйесі сіздің физикалық жағдайыңызды жақсартады және көңіл–күйіңізді көтереді, себебі спорт тек жағымды эмоциялар ғана сыйлауы керек емес пе?!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: CrossFit – бұл бүгінгі таңдағы тұтастай бір мәдениет десем, артық айтпаған боламын. Бұл физикалық және психологиялық дайындықтың қуатты бағдарламасы, сәнді заманауи тенденциялардың қайнар көзі және ерлер мен әйелдерге кез-келген формада және кез-келген жаста жаттығу жасау мүмкіндігі.
Иә, күнделікті өмірде спортты сүйетін жандар көп. Әркімнің санасындағы спорт ұғымы – сан алуан. Расында да, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар етер спорт құдіреті жоғары. Бәріміз білетіндей, «спорт – денсаулық кепілі». Бастысы, талғампаз тәкәппәр өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаң берері мол - сиқырлы әлем.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ