Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында және әліпбиді сараптауға мүмкіндігі бар маман ретінде ғалымдар мен ұстаздар қауымының алдында тұрған басты міндет – қазақ тілін, тиімді нұсқасын таңдау арқылы, латын әліпбиіне көшіру үрдісі болып отыр. Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық» - дей келе, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуының бірден-бір жолы екенін меңзегендей болып көрінеді.

Латынға көшу арқылы тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеміз. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер етеді. Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі.

Біз жаһандану дәуірінде, ақпарат әлемінде, компьютер заманында, интернет желісінде өмір сүрудеміз. Ал, бүгінгі компьютер заманында, интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін күнделікті өмірде көріп және қолданып отырмыз. Яғни латын әліпбиі қоғамға еніп кеткен, қолданыста жүр. Мысалы, бәріміздің электрондық поштамыз бар. Куәлігіміз бен паспортымыз да, пайдаланып жүрген кез-келген карточкаларымызда да латын әліпбиі тұр. Көліктеріміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген.

Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт және тағы басқасына да қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ.

Латын әліпбиі әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді. Кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал дүниежүзі халықтарының 80%-ы осы әліпбиге көшкен. Осының есебінен басқа тілдерді үйренуге мүмкіндігіміз артады. Оның үстіне, латын тілі – жаңа технология тілі, ғаламтор тілі. 1929-1940 жылдары латын әліпбиінде жаздық. Сол замандағы ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбаларын келер ұрпақ қиындықсыз оқи алуы керек. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Қандастарымызбен жақындасудың маңызы айтпаса да түсінікті. Әліпби өзгерту төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектесіп, қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал етеді.

Қорыта айтқанда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз— қорқақ, қол—батыр», - деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нық қадаммен алға басайық! Латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық - тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Қарапайым тілмен айтқанда, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз. Ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамыз.

А. Айдарбекова,

Саран қаласының № 1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі