Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.

Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да, қарсы тұруы тиіс.

Ана тілі – ең басты байлығымыз. Ана тілі – ең ұлы және тамаша тіл. Менің ана тілім – қазақ тілі. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Бұл - ауыр тіл, бірақ әрбір құрметті азаматқа оны білу міндетті.

Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасы – тек қазақ халқының ғана проблемасы» - деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Конституциялық талап осы. Оған қоса мәдениеті жоғары адам басқа тілдерді білуге өзі де ұмтылуға тиісті. Басқа шет елдерде халқының тілін білмесең, лауазымды қызметке орналасуды былай қойғанда, тіпті күніңді де көре алмайсың. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді және тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ыңғайланатын шаруа. Қазақ тілін білуге міндеттеу ешкімнің құқығына қол салғандық болмайды. Мемлекеттік тілді білу – кәсіби талап.

«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»,-деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек.

Тілге құрмет – қазаққа, елге құрмет екенін естен шығармайық. Ана тіліміздің асылын ардақтап, қадірлей білсек ата-бабалар рухына адалдығымыз емес пе?! Тіл – ұлттың тірегі, рухы мен намысы. Оның әлемдегі тілдер арасынан ойып тұрып орын алуы – баршамыздың арманымыз. Ең бастысы, қазіргі жаһандану кезінде ана тіліміздің жойылып, жұтылып кетпеуі үшін күресуіміз керек. Сөз соңында айтарым, ұлттың ұлылығы ұлттық құндылықтарымызда десек, оның ең қастерлісі – тіл екенін әркім жеке сезінсе екен деймін.

Г. Мустафина,

Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі

мен әдебиеті мұғалімі