Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БАЛАЛАР ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ БІЛІКТІ ПЕДАГОГТЕРІ ОБЛЫСТЫҚ КӨРМЕ-БАЙҚАУЫНАН ЖҮЛДЕЛІ БОЛЫП ҚАЙТТЫ.

Таяуда Қарағанды қаласында «О, Казахстан, пою тебе…» тақырыбында дәстүрлі «МастерART» облыстық көрме-байқауы өтті. Көрмеге көркемөнер, өнер мектептерінің, бейнелеу студияларының педагогтері қатысты. Жылдан жылға қарқын алып, облыс педагогтері арасында белең алып жатқан дәстүрлі шараға балалар өнер мектебінің оқытушылары да өз жұмыстарын ұсынып, шеберлік-сыныптарда тәжірибелерімен, көненің көзін дәріптейтін, тарихтан сыр шертетін көркем өнердегі шығармашылық идеяларымен бөлісті.

Биыл «Өнерлі шебер» шеберлік-сыныбының X облыстық практикумы аясында өткен «МастерART» көрмесінде Саран қаласының балалар өнер мектебінің педагогтері: Филатова Валентина, Сүлейменова Гүлсім 1-орынды, Баймагулов Фархат пен Бейсекеева Светлана 2-орынды, Кыдырбаева Айгул, Солодкова Светлана, Филатова Валентина және Чуева Ирина 3-орынды иеленіп, жүлделі болып қайтты.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының қосымша білім беру мекемелерінің бейнелеу өнері педагогтеріне арналған «Мой Казахстан» тақырыбында оқыту және практикалық бөлімдерден құралған X облыстық «Өнерлі шебер» шеберлік-сыныбы өтті. Оқыту бөлімінде мастер-класстар мен әр түрлі тақырыптағы презентациялар ұсынылды, оның ішінде Саран қаласының Балалар өнер мектебі педагогтерінің екі мастер-классы болды: Бейсекеевой Светлана «Нетрадиционные техники в изобразительном искусстве. Джутовая филигрань» және Солодкова Светлана «Художественная живопись шерстью» атты жұмыстарын көрсетті.

«Өнерлі шебер» жобасының практикалық бөлімінде «МастерART» облыстық көрме-байқауының әр қатысушысы графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер және басқада номинацияларда өз шеберліктерінен паш етті. Бұл бөлімге балалар өнер мектебінен Сүлейменова Гүлсім мен Филатова Валентина қатысты.

Балалар өнер мектебінің педагогтері жыл сайын жүлделі орындарға ие болып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. «МастерART» облыстық көрме-байқауына осымен оныншы рет қатысып отырған бейнелеу өнері сыныбының педагогі Гүлсім Сүлейменова 2009 жылдан бастап балалар өнер мектебінде қызмет атқаруда. Өнердің жанашыры ретінде талай жастарға бағыт-бағдар беріп, бейнелеу өнерінің қыр-сырымен, сан-саласымен таныстыруда. Биылғы мерейлі көрме-байқаудың ерекшелігімен жақын танысу үшін Гүлсім Шаймарданқызымен сырласқан едік.

Гүлсім Шаймарданқызы, ең алдымен өнерге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталғанын айтып бересіз бе?

- Мен Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Бала кезімнен бері сурет салғанды ұнатамын. Мектепте оқып жүргенде түрлі көрмелерге, байқауларға қатыстым. Мектептің ішін безендіру дағдыларын игере отырып, бір жағынан университетке түсуге дайындалдым десем де болады. Орта мектепті бітіріп, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына «Көркемсурет-графика» факультетіне оқуға түстім.

Оқуды тәмамдағаннан соң, Талғар ауданында сурет, сызу және еңбекке баулу пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Кейін Семейдегі жалпы білім беретін мектептерде қызмет атқардым. Содан 2009 жылдан бастап Саран қаласына келіп, балалар өнер мектебінде осы күнге дейін еңбек етудемін.

Сіз жыл сайын «МастерART» облыстық көрме-байқауынан бақ сынап келесіз. Осы уақыт аралығында акварельден, былғарыдан, жүннен жасалған көптеген жобаларыңызбен бөлістіңіз. Ал, биыл байқауға қандай жұмысыңызды ұсындыңыз?

- Жыл сайын «МастерART» облыстық көрме-конкурсына және «Өнерлі шебер» мастер-класс практикумына қатысу – кәсіби шеберлікті арттыруды кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы жолғы байқауға мен «Этнические мотивы» деп аталатын киізден жасалған бас киімі бар ұлттық нақыштағы костюмды ұсындым. Оны жасаудың өзі үлкен күшті талап етсе де, сүйікті ісіммен айналысқандықтан одан керісінше ғанибет аламын. Жасаған жұмысымның жемісі ретінде, байқауда «Сәндік - қолданбалы өнер» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломға ие болдым. Өз жұмысымды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнадым.

Жұмысыңызға шығармашылық табыс тілейміз. Сіздің ойыңызша жақсы ұстаз қандай болуы керек?

- Біздің оқушылар облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Біздің мектепті бітіргеннен кейін олар шығармашылық мамандығы бойынша колледждерге оқуға түседі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, біз ылғи ізденіс үстіндеміз. Ұлағатты жолда қызмет атқарғалы әрдайым әдістемелік білімімізді арттырып, әр түрлі іс-шараларға, семинарлар мен шеберлік сабақтарға қатысу арқылы өзімізді шығармашылық тұрғыдан да дамытудамыз. Балалармен білгенімізбен бөлісіп, тек шығармашылық жағын ғана емес әр тәсілдің шығу тарихын үйретеміз. Мәселен, қазір біз 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне дайындығымызды бастап кеттік. Шығармашылық жұмыстарымыз арқылы ел бірлігін, ұлттардың достығын бейнелейтін боламыз.

Керемет! Сонда бірлік күніне орай қандай іс-шаралар жоспарлануда?

- 1 мамыр мерекесі қарсаңында бізде «Страна, обьединившая Народы!» атты сыныптан тыс іс-шараға дайындалып жатырмыз. Қазір балалар мерекеге арналған композицияларын дайындап, суреттерін салуда. Сондай-ақ, сынып сағатында өлеңдер оқылып, сөзжұмбақтар шешіледі, «Қазақстан халқының достығы» тақырыбында практикалық тапсырмалар орындайтын болады. Практикалық тапсырмаларға кіріспес бұрын мұғалімдер оқушыларға бұл күннің құндылығын айтып, елімізде айрықша орын алатын даталардың бірі екендігіне тоқталып кетеді.

- Гүлсім Шаймарданқызы, уақытыңызды бөліп, бізге сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет. Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөленіп, шығармашылық ізденістер мен жақсы жаңалықтарыңыз арта берсін.

Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА