Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ВИТАЛИЙ ФАЛИК ӨЗІ ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛІ БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖЕТІК БІЛЕТІН АБЗАЛ АЗАМАТТАРДЫҢ БІРІ. ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ, КӨҢІЛІ ДАРХАН ДАЛАСЫНДАЙ КЕҢ БЕСАСПАП ШЕБЕР БҮГІНДЕ ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРДІ НАСИХАТТАУДА.

Виталий Сергеевич – Саран қаласында тұратын өнерлі жандардың бірі. Әкесі – орыс, анасы – кәріс ұлтынан болса да, қазақтың ұлттық өнерін насихаттап жүрген, ағашқа жан бітіріп, темірдің тілін таба білген, музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын, сурет салғанда алдына жан салмайтын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан.

Отбасында бір-бірімен қазақ тілінде сөйлемесе де, ағасы екеуі қазақ тілін туған тіліндей жетік меңгеріп алған. Қазіргі таңда Виталий Сергеевич Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте технология пәнінің мұғалімі болып қызмет етуде. Ісмер жаннан ұлттық өнерге, қолөнерге, ағашты кесіп-жонып, күйдіріп одан көзді жауын алтын түрлі бұйымдарды, аспаптарды жасауға деген қызығушылығы қалай пайда болғандығын сұрастырғанды жөн көрдік.

 

Виталий Сергеевич, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасақ.

- Менің туып-өскен жерім - Шет ауданы, Ағадыр кенті, Ортау ауылы. Он бір сыныпты сол жерден бітірдім. 1996 жылы Саран қаласына көшіп келдік. 2003-2008 жылдары академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды университетінде «Бейнелеу өнер мен сызу» факультетінде оқыдым. Одан кейін кәсіптік лицейде (қазіргі Саран техникалық колледжінде) мастер болдым. Оқу оқып жүрген кезде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде жұмыс істеп, бір жағынан практикаданы да сол жерден өттім. Кейін құрылыс саласында еңбек еттім. Енді, міне, бес жыл боп қалды Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте қызмет етіп келемін.

 

Жұмысыңызға шығармашылық табыс тілейміз. Виталий Сергеевич, қазақ тілінде анық сөйлеп тұрсыз. Жалпы қазақ тілін қалай жақсы меңгеріп алдыңыз?

- Білмеймін, өзімнің қызығушылығым шығар. Өзім бала кезден қазақтың салтына қызығатынмын. Енді ол уақытта барлығы орысша еді. Көбісі көлік, мотоцикл жүргізгенді ермек етсе, мен атқа отырғанды жақсы көретінмін. Енді мінезім сондай болатын. Көрші балалармен жақсы араласатынмын. Ол кезде олар орыс тілін білмесе, мен керісінше қазақ тілін білмегенмін. Сөйтіп бір-бірімізбен ойнап жүріп, мен қазақ тілінде сөйлеп кеттім, олар орыс тілін үйреніп алды. (Жымиды)

 

Сонда ою-өрнекке, қолөнерге деген қызығушылығыңыз бұрыннан бері болды ма?

- Иә, барлығы бала кезден бастау алды. Ауылда жүргенде кинодан көрген заттарды, садақ секілді неше түрлі құралдарды жасап үйрендім. Оны жасағанда да өзіме ғана істемей, жора-жолдастарыма да қоса жасап, бір-бірімізбен ойнайтынбыз. Ол кезде ермегім сол болатын. Жалпы ағаштан, пластиктен болсын ою-өрнектерді ойған, түрлі пішіндес заттарды жасаған жаныма жақын.

 

Өзіңіз жасаған ең алғашқы зат есіңізде ме?

- Әрине, ең алғашқы жасаған затым – домбыра болған. Ол кезде мен шамамен жетінші немесе сегізінші сынып оқып жүрген болуым керек. Сонда бір тұтас ағаштан домбыра жасап көргенім бар.

 

Керемет! Ал, қолыңыздан шыққан қандай туынды өзіңізге ерекше ыстық?

- Ерекше ыстық – менің дипломдық жұмысым. Өзімнің дипломдық жұмысымда Қорқыт атамыз ойнаған қобызының сынарын жасағанмын. Тура соның өлшемімен істеу үшін бір жыл уақытым кетті. Ондай аспапты оған дейін тек телеарналарда ғана көргенмін, былай қолмен ұстап, ойнап көрмеген затым. Оны жасау үшін куратор екеуміз арнайы Қарқаралыға бес жасарлық қарағайды іздеп бардық. Қорқыттың жазбасында бес жасар айғырдың қылы, арқардың мүйізінен тиек пен құлақтары жасалады және ешкі лағының терісі тартылады делінген. Шыны керек, сол қобызды жанымды салып істедім. Оның үстіңгі шектерінде 70 қыл болса, астыңғы шектері 40 қылдан тұрды. Аспабым дайын болғанда қалай ойнайтынын тексеріп көрдік. Қобызымның үні жақсы шықты. Өзім ойнай білмеймін, бірақ онда ойнаған жандардың барлығы бірден оған ғашық болды. Бұл мен жасаған ең алғашқы ойнайтын аспап болатын. Әттең, сол дипломдық жұмысыма жасаған қобызым қазір қолымда жоқ. Алайда болашақта тағы бір жақсы қобыз жасау ойда бар.

Домбырада ойнап, ән салатын өнеріңіз бар деп естідік. Осындай жан-жақты болуыңыздың құпиясы неде?

- Ең алғаш рет домбыраны қолыма 6-7 сыныптарда алған шығармын. Мен негізі үрмелі аспаптардан басқа, қалған бүкіл аспаптарда ойнай аламын. Біреу әндетіп тұрса, қосылып ойнай беремін. Біздің ауылда клуб болатын. Онда біз кішкентаймыз, бізден үлкендер эстрадалық әндерді айтып отыратын. Біз сырттан қызықтаймыз. Кейде дайындыққа біреу-міреу келмей қойса, бізді отырғызып қоятын. Сөйтіп қалай үйреніп кеткенімізді де байқамай қалдық. Өз басым эстрадада үш жыл ойнадым.

 

Сіздің басыңыздан өткен қызықты оқиғамен бөлісе кетсеңіз.

- Өмірдің өзі қызыққа толы. ҚарМУ-де оқып жүрген кезде ауылдастарымыз Майқұдықта тұратын, спортсмендер бәрі. Сол бір күні оларға қонаққа бардым. Мен отырмын, қасымда төрт жолдасым ән айтып отыр, келген қонақтар да риза болып, менімен танысады, есімімді сұрайды. Мен «Виталий» деп танысамын. Сол кезде олар мені қалжыңдасып отыр деп ойлап қалады. Қазақша есімін қалай?- деп сұрап қоймайды. Соңына дейін маған сенбей қасымызда отырған жігіттермен бір-бір мың теңгеге бәстесіп шығады. Онда стипендиямыз үш мың теңге. Содан ерінбей біз тұратын үйге барып, менің жеке куәлігімді көреді. Осылай ойда жоқта есімімнің арқасында 15 мың теңгеге олжалы болып қалдым. Одан кейін өзге ұлт өкілдері арасында өткен байқауларға жиі қатысатынмын. Бір байқауда орыс ұлтының өкілі екендігіме сенбей, қазақ деп ойлаған.

Тағы бір оқиға есіме түсіп тұр, өзге ұлт өкілдері арасында өткен Абай оқулары еді. Оған жан-жақтан қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері жиналыпты. Бізден мені жіберді. Сахнаға шығып, өлеңімді айтып болып, басқа қатысушылармен қазы алқасының шешімін күтіп отырмыз. Онда мен үйленгенмін. Сөйтіп жүргізуші келіншек «кімде-кім сахнаға шығамын десе мархабат» деді. Бәрібір бос отырғандықтан, қолымдағы домбыраммен бір ән шырқап бердім. Әділ-қазылар алқасы да ұзаққа дейін шықпай қойды, мен болсам ол уақытта 10-12 білетін әнімді орындап тастадым. Сөйтсек, қазылар алқасы сырттан менің өнерімді тамашалап, бір жарым сағаттық концертімді қалай көріп тастағанын өздері байқамай қалған екен. Енді айта берсек, ондай оқиғаларым жетіп артылады. (Езу тарта күлді)

 

Бәрекелді! Шынымен сегіз қырлы, бір сырлы жан екенсіз. Осы тұста бала тәрбиесі мен отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

- 1996 жылы мен осы жаққа келдім. Сол жылы өзіміздің ауылдан қыз алып қашып, шаңырақ көтердім. Үш баламыз бар. Үлкен ұлым – 25-те, екінші ұлым – 11 жаста, қызым – үште. Менің ойымша, балаға ең бастысы – сүйіспеншілік беру керек. Ал, қалғаны бәрі баланың өзіне байланысты. Сондықтан балаға сүйіспеншілік керек, ата-анасының махаббаты керек.

 

Отбасыңызда қандай мерекелерді атап өтесіздер?

- Әз-Наурыз, Жаңа жыл мерекелерін, 9 мамыр – Жеңіс күнін тойлаймыз. Бұрын 9 мамырда ауылға кетіп, ауылда футбол ойнап, бәйгі берілетін. Сол бала кезімізден 9 мамырды сұмдық тойлаймыз. Енді алдымызда мерекелер келе жатыр, бастысы – еліміз тыныш, аспанымыз ашық, деніміз сау болсын. Барлықтарыңызды атаулы күндермен құттықтаймын!

 

Виталий Сергеевич, сізді де келе жатқан мерекелермен құттықтаймыз! Отбасыңызға амандық тілейміз. Алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет.

Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА