Бірлік пен татулық бейбіт өмірге жетелейді. Тыныштық бар жерде ғана даму бар, береке бар.
«.. Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, береке кетсе нең қалар» деген бабалардың асыл сөзі бар. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» –дейді дана халқымыз. Тірліктің сан қилы теперішін басынан өткерген, қай заманда да қиындықтан қайыспаған халқымыз осы сөздің астарына үлкен мағына сыйғызды.
Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда құрылған Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлі зор. 130 – дан астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, ортақ мүдде, ортақ құндылық үшін бірлесе жұмыс атқарылуда. Әр этностың өмірге деген өз көзқарасы, пайымы бар. Өмірді тануы, қоғамдағы түрлі жағдайлар туралы ой қорытуы да әр түрлі. Сонымен қатар, олардың тарихы, салт – дәстүрі мен әдеп – ғұрпы, діні мен ділі, ұлттық болмысы да бөлек – бөлек. Осындай күрделі жағдайдан шығатын тура әрі әділ жол – Ассамблея. Яғни, біздің Отанымыз ортақ. Тағдырдың жазуымен Атырау мен Алтайға созылған байтақ даламызға келіп, соның бір бөлшегіне айналған көптеген этностар, осы мүмкіндікке толы алып мемлекетте өмір сүріп, қазақ ұлтын құрметтеп, оның тілі мен ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, бір үйдің баласындай өмір кешуде.
«Біз тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткіздік» деген сөздің астарында терең мағына жатыр. Себебі, көптеген көрші елдердің тұрғындары қиындыққа толы ғұмыр кешіп жатқанын көзі ашық, көкірегі ояу жұрт біліп отыр. Өз үйіңде, бала – шағаның қасында, алаңсыз, бейбіт өмір сүргенге не жетсін?! Өзінің тарихын жетік білген әр азамат, Ассамблея құрудағы негізгі мақсатты жете түсінері хақ. «Алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер» деген аталы сөз де осы қазіргідей ұйыған, бейбіт өмірді аңсағаннан туғаны сөзсіз.
Барлық ұлт өкілдері бір – бірін бағалап, тыныштықты сақтауға аз да болса өз үлестерін қосса, еліміз аман, жұртымыз тыныш болады!
Ж. Джумашева,
Саран қаласы ПБ