Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2020 ЖЫЛДАН БАСТАП АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ БАЗАСЫНДА ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҮШІН КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫ АЯСЫНДА ЖЫЛ САЙЫН «ҚАБІЛЕТТІ ЖӘНЕ ТАЛАНТТЫ ЖАСТАР - БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ СЛЕТІ ӨТКІЗІЛІП КЕЛЕДІ.

Ондағы мақсат - облыс жастарының шығармашылық әлеуетін анықтау, қолдау және дамыту, оқушылардың негізгі еңбекке – оқуға деген оң көзқарасын қалыптастыру, дарынды және қабілетті оқушыларды анықтау және қолдау үшін жағдай жасау, талантты және дарынды жастардың жетістіктеріне қоғамның назарын аудару, дарынды оқушылардың кәсіби даму траекториясын таңдауға ықпал ету.

Слет қатысушылары Қарағанды облысы мектептерінің оқушылары болып табылады. Биылғы жылы слет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің 100 жылдығына орайластырылды.

Иә, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стартегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім.

Ендеше ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақтың жан-жақты білімді болып өсуі. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда. Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе. Егер бүгін жастар білім нәрімен сусындап өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп жоғалмақ.

Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек.

Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келбеті емес пе? Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі ел дамуындағы аса маңызды фактор. Қазақстанның алдағы болашағы қандай болатыны көп жағдайда білім алып жатқан студенттерге, жастарға тікелей байланысты.

Осы орайда, келешек үздік маман, еңселі елдің ертеңі болар азаматтар мен азаматшаларға білім беруде Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі үлкен орын алып отыр. Бұған дәлел ретінде колледждің облысымыздың үздік жоғары оқу орындарының қатарына енуін айтуға болады.

Қарағанды облысына қарасты білім ордалары арасынан «Жыл мектебі» кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталған шарада үміткерлер техникалық, шығармашылық, спорттық бағытта бақтарын сынады.

Жастар слетіне облысымыздың 11 мектебі қатысты. Ұйымдастырушылары – Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі, SEVIBA ЖК ақпараттық қолдауымен аталған оқу орнының «Жігер» жастар орталығы. Үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан слеттің биылғы жылғы ұраны хакім Абайдың: «Өзің үшін үйренсең, ашыларсың жылма-жыл» деген қанатты сөздері болды.

Слеттің салтанатты ашылу рәсіміне дейін акт залындағы үлкен экран арқылы барлық қатысушыларға бірлік пен ынтымақты дәріптеп, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты насихаттаған бейнежазба ұсынылды.

Ал слеттңң салтанатты ашылу рәсімінің шымылдығын түрген Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Владимир Закамолкин облыстың білім ошақтарына аталмыш слетке қатысып, іс-шараның мән-маңызын арттырып отырғандықтарына шексіз алғысын жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Біздің колледжіміздің 100 жылдық тарихы сонау қасиетті Қарқаралы өңірінен бастау алады. Алғашқыда Қарқаралы өңірінде қарапайым техникум болып ашылған оқу орны, кейіннен кенді өлке Саран шаһарына көшіріліп, бүгінгі таңда тек облысымызда ғана емес, ел көлемінде де жұртына адал қызмет етіп жүрген талай түлектерді қаннаттандырған қасиетті қара шаңыраққа айналып тырған жайы бар. Бүгінгі таңда облысымыздың түкпір-түкпірінде еліне қызмет етіп жүрген біздің түлектер, кеше сіздер секілді жас өрен болған. Ал сол қабілетті және талантты жастар – біздің болашағымыз, ел ертеңі. Еліміздің әрі қарай гүлденуі мен өсіп-өркендеуі сіздердің, яғни жастардың қолында. Бүгінгі облыстық слетке қатысып отырған әр қатысушы осы шара арқылы біздің колледжімізбен, білікті педагогтерімізбен жақын танысу мүмкіндігіне ие болып, нәтижесінде болашақ білім алатын оқу орны ретінде осы біздің колледжімізді таңдайсыздар деген үміттемін», – деді колледж директоры өзінің құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, 2020 жылы облыстық білім ордалары арасында алғаш рет ұйымдастырылған І облыстық слетке 10 мектеп қатысса, былтырғы жылы 21 мектеп қатысқан болатын. Ал биыл дәстүрге айналған шараға Қарағанды облысының 11 мектеп қатысып отыр. Тағы бір қоса кететініміз, осыған дейін облыстық слет пандемияға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған болса, биыл елдегі ахуалдың оңалуына байланысты оффлайн өтіп отыр.

Техникалық, шығармашылық-гуманитарлық және спорттық бағыттарды қамтыған слет бағдарламасында облыс мектептерінің 8-9 сынып және 10-11 сыныптарының оқушыларынан құралған командалар «Сәлеметсіз бе! Бұл – біз!», «Қазына іздеу», «Қызығушылықтары бойынша алаңдар» атты үш кезең бойынша сайысты. Әр команда құрамы 12 оқушыдан тұрды.

Бірінші кезеңде «Сәлеметсіз бе! Бұл – біз!» көрсетілім алаңы ұйымдастырылған стендтер көпшілік назарына ұсынылды. Стендтердің негізгі бөлігін әр мектеп туралы қысқаша ақпарат алып жатса, қалған бөліктерінде қатысушылардың фотосуреттері, олар туралы мәліметтер, жеткен жетістіктері, табыстары жөніндегі ақпарат жолдары жайғасты.

Ал екінші кезеңде «Қазына іздеу» атты квест-саяхат ұйымдастырылды. Бұл кезеңде 10-12 адамнан тұратын командаларға бөлінген слеттің барлық қатысушылары волонтердің сүйемелдеуімен маршруттық парақ бойынша қозғала отырып, арнайы тапсырмаларды орындады. Командалаға әр кезең бойынша ұпайлар беріліп, сол ұпайлар олардың жеке жол парағында есептеліп отырды.

Соңғы үшінші кезеңде қатысушылардың қызығушылықтары бойынша спорттық секциялар, ғылыми-практикалық конференция, шеберлік сыныптары, кәсіптік сынамалар, арттерапия сынды шараларды қамтыған алаңдар ұйымдастырылды.

Шара соңында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары Жанбол Жаяубаев қазылар алқасының қорытындысын жариялады.

Нәтижесінде «Жыл мектебі-2022» номинациясы және жүлделі кубок Қарағанды қаласының Шәкәрім атындағы гимназиясына бұйырды. Бірінші орынды Қарағанды қаласының Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясы қанжығаласа, екінші орынға Қарағанды қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі жайғасты. Жүлделі үшінші орынды Шет ауданынан ат басын терлетіп келген Шарбан Батталова атындағы Тірек мектебі (ресурстық орталығы) иеленді.

Соның ішінде Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп негізгі аталымдар арасынан «Ең сенімді команда» атанды.

Слеттің жабылуында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Қарымсақұлы: «Құрметті қатысушылар, қонақтар, ұйымдастырушылар шын көңілден сіздерді осындай шараның өтуімен құттықтаймын. Осымен үшінші рет өткізіліп отырған облыстық слетте біздің жастар шынымен де өздерін талантты, креативті, қабілетті екендерін көрсете білді», – деп барлық қатысуға ниет бідірген оқушыларға, мектептерге ризашылығын жеткізді.

Ал жүлделі орындарға іліге алмаған мектептер арнайы номинациялардың иегерлері атанып, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж атынан алғыс хаттармен, сертификаттармен марапатталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ