ТАЯУДА БАЛҚАШ ҚАЛАСЫНДА КАРАТЭ ШОТОКАН СПОРТ ТҮРІНЕН ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ.
Жарысқа Теміртау, Шахтинск, Балқаш және Саран қалаларынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Саран шаһарының намысын талай жекпе-жектерде қарсыластарын тізе бүктірген «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталындағы каратэ-до секциясының «Годан» клубы қорғады. Ката және кумитэ бойынша өткен жарыста 8 жастан бастап 14 жасқа дейінгі 6 спортшымыз өз бақтарын сынап көрді.
Ката түрінде 8-9 жас аралығындағы категорияда Али Измайловке ешкім тең келе алмады. 12-13 жас санатында Альмира Гуреева күміс медальді, 14-15 жас санатында Анастасия Пахомова қола медальді жеңіп алды. Равиль Халитов қола үшін күресте Теміртау қаласының спортшысына есе жіберді.
Ал кумитэ түрінде 30 келіге дейін 8-9 жас санатында Али Измайлов, 40 келіден жоғары 12-13 жас санатында Наталья Курдюкова және 50 келіге дейін 14-15 жас санатында Анастасия Пахомова жеңімпаз атанды.
25 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 8-9 жас санатында Виталий Севостьянов мойнына күміс медальді тақты. Сонымен қатар, «Годан» клубының спортшыларының жақсы өнер көрсеткені үшін естелік кубок табыс етілді.
Жаза кетейік, аталмыш жарыстың чемпиондары 14-15 мамырда Түркістан облысының Кентау қаласында каратэ Шотокан спорт түрінен өтетін ҚР Чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғау құқығына ие болды.
Жерлестерімізді жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз көп болсын. Алдағы болатын жарыстарға тек қана сәттілік тілейміз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА