Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ САРАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Аталған мешіттің Бас имамы Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлының бастамасымен, жергілікті кәсіпкер Саид Сейітгазимов, осы шаһардың тумалары болып келетін, қазіргі уақыттарда Павлодар, Нұр-Сұлтан шаһарларында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жерлестеріміз Қайрат Абуғалиев, Серік Абуғалиев сынды азаматтарымыздың қаржылай қолдау көрсетуімен аз қамтылған отбасы, жалғызбасты және даму мүмкіндігі шектеулі санаттағы жандарға азық-түлік пакеті тапсырылды.

Мүгедек жандар, көп балалы, жетім, жартылай жетім және аз қамтылған отбасы категориялары толықтай қамтылған акция кезінде бір отбасына жалпы салмағы 30 келідей болатын азық-түлік үлестірілді. Әр пакет күріш, астық, күнбағыс майы сынды әлеуметтік маңызы бар тағамдармен толықтырылған.

Қайырымдылық пакеттерін мұқтаж жандарға өз қолымен табыстаған жергілікті кәсіпкер Саид Сейітгазимов ағамыз адамзат арасындағы көзге көрінбейтін бауырмалдылық қасиетті дамыту – исламда құпталатын ең сауапты амалдардың бірі екендігін айтты.

«Қайырымдылық – адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қайырымдылық мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі. Сондықтан да əрбір жан иесі қайырымдылық істеріне араласып, Жаратушының разылығын аңсаған халде бар ықыласымен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі дұрыстың дұрысы», - дейді Саид аға.

Қазақта «Игі істің басына – жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Шаһарда қашанда игі бастамаларды қолға алып, көпшіліктің құрмет-қошеметіне ие болып жүрген азаматтар жетерлік. Олардың қатарында біз айтып отырған кәсіпкерлер де бар.

Саид Сейітгазимов осы Саран шаһарының тумасы. Сораңдының сортаң тартқан топырағына аунап өскен жерлесіміз, қазіргі уақытта Қарағанды қаласында тұрады. Қарағандыда тұрып, кәсібін сол жақта өрге домалатып жатса да, Саид ағамыз жерлестерін бір сәтке болса да естен шығарған емес. Ұйымдастырылып отырған қайырымдылық шарасы осы сөздеріміздің дәлелі болсын.

Қарағанды шаһарынан жерлестеріне қамқорлық танытуға арнайы келген Саид ағамызбен бірге Қайрат Абуғалиев пен Серік Абуғалиев ағаларымыз да сонау Нұр-Сұлтан, Павлодар шаһарларынан ат басын терлетіп келген жайлары бар. Ондағы мақсат «Туған жерге туың тік» демекші, сораңдылық мұқтаж жерлестерінің жоқ дегенде бір мұқтаждықтарына жарау һәм қол ұшын созып, қамқорлық таныту.

«Қайырымдылық ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі. Қасиетті Құран Кәрімдегі Табағұн сүресінің 16-18 аяттарында «Шамаларың келгенше Алладан именіңдер. Оның айтқанына (әміріне) бойұсыныңдар, (Алла жолында) мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетуші. Егер Аллаға жақсылап қарыз берсеңдер (садақа берсеңдер), Алла оның сауабын еселеп қайтарады. Сендерді жарылқайды. Алла береген (аз жақсылыққа, көп сауап беруші) кеңпейіл, жазалауға асықпайды. Ол құпияны да, әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі» деген жолдар бар. Ендеше, жүректерге жылулық сыйлайтын қайырымдылыққа асық болғанымыз абзал», - деп атап өтті өз кезегінде қайырымдылық шарасына мұрындық болған шаһардың бас имамы Мұхамедқали қажы Саликов.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ