Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

КЕҢ ПЕЙІЛДІ, ЖҮРЕГІ ЖОМАРТ ЖАНДАР БІРЛІК КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ВЕЛОЖАРЫСЫНА ҚАТЫСЫП, САУАПТЫ ІСКЕ ӨЗ ҮЛЕСТЕРІН ҚОСТЫ.

30 сәуір күні көпұлтты шаһарымызда бірлік күніне орай қайырымдылық веложарысы өткізілді. Игі шараны қолдау мақсатында қала тұрғындары «Үшбұрыш» қоғамдық кеңістігіне жиналып, патриоттық рух пен ел арасындағы бейбітшілік, ұлттар арасындағы татулық пен достық туралы шырқалған әндермен жігерлене отырып, арнайы аниматорлардың көмегімен денені қыздыратын жаттуғаларды жасап бойды бір сергітіп тастады. Қайырымды іске бағытталған веложарысты Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов бастап берді.

- Қайырымды веложарысқа екі жүзге жуық адам қатысып, жиырма бір шақырымды бағындырды. Қаламыздың тұрғындарынан бөлек, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары, Қарағанды қаласынан келген кәсіпқой велошабандоздар атсалысты. Барлық жиналған қаражат қаламыздағы баспанасыз үй жануарларына арналған «Лучший друг» баспанасына табысталады, - деп атап өтті Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова.

Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің ұжымы мен шәкірттері қалалық спорттық жарыстарға, қайырымы мол игі шаралардан қалыс қалмауға тырысады. Осы жолы да веложарысқа қатысуға бір ауыздан шешім қабылғадан.

- Өте жақсы әсерлі болды. Көпшіліктің арасында жиырма бір шақырымды теуіп өту – үлкен құрмет. Салауатты өмір салтын ұстанамын деген барша адамдар келіп атсалысып жатыр. Жақсы әсер алдық. Осындай шаралар жиі болып тұрса, біз қуаныштымыз, - деп өзінің алған әсерімен бөлісті қалалық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебі басшысының орынбасары Талғат Қуат.

Әрбір адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, оны нығайтуға ұмтылуын, салауатты өмір салтын дәстүрге айналдыруды мақсат еткен шарада өзінің жеке велосипеді жоқ жандар да қатыса алды. Олар үшін арнайы велосипедтер ұсынылды. Қаламыздың кішкентай тұрғындарына да бұл күн жарқын сәттермен есте қалды. Сүйікті мультфильм кейіпкерлеріне енген аниматорлар балалардың көңілін аулап, түрлі ойындар ойнады. Бәрінен жарыстың қатысушылары игі шарадан шабыттанып, мәре сызығын жақсы көңіл-күйде кесіп жатты.

- Маған бәрі ұнады. Осындай жарысқа бірінші рет қатысып тұрған жоқпын. Алайда Саран қаласында өткен веложарысқа алғаш рет қатысуым. 21 шақырымды оңай өткердім. Мен оған дейін 200 шақырымды да енсерген едім, - деді Саран қаласының тұрғыны Карина Шарипова

Қайырымды шарадан жиналған қаражаттың барлығы «Лучший друг» баспанасына беріледі. Баспананың иесі Елена Иванова арнайы шараға арнап үй жануарларының шағын көрмесін назарға ұсынды. Сол күні көрмеге әкелінген бес айлық күшіктің бағы жанды.

- Бүгінгі шара өте жақсы, өте мейірімді және керемет өтті деп айтқым келеді. Бұл іс-шара қала деңгейінде ұйымдастырылды. Қараусыз қалған жануарларды тек қана қарапайым адамдар ғана емес, сондай-ақ, қала басшылығы да ойлайтыны көңілді марқайтады. Бұл жануарлардың еш кінәсі жоқ. Оларды ренжітудің керегі жоқ. Олар да біздер секілді мейірімділікке, махаббатқа зәру. Қайырымдылық веложарыстан түскен барлық қаражат азыққа, тамаққа жұмсалатын болады. Барлығын біздің «Инстаграм» әлеуметтік желіміздегі ресми парақшамызда жариялайтын боламыз, - деді «Лучший друг» баспанасының иесі Елена Иванова.

Бүгінде «Лучший друг» баспанасында үш жүзге жуық жануар бар. Оның жартысы мысықтар болса, қалған бөлігін иттер құрайды. Арасында кішкентай күшіктер, ересектері де бар. Үй жануарларына көмектесу үшін қала тұрғындары, еріктілер шын көңілден азық-түлік апарып, кейде күтім жасауға атсалысып тұрады. Алайда Елена Иванованың айтуы бойынша, баспанаға жануарлардың күнделікті тамақтарынан, ем шараларынан бөлек, қазіргі уақытта физикалық көмек қажет. Жаз мезгілі жақындаған сайын иттер мен мысықтарға екі есе көңіл бөлінеді. Жататын жерлерін ауыстыру, үйшіктерін ішін тазалау сынды бірқатар жұмыстар легі аз уақытты талап етпейді.

Баспаның ашылғанына биыл бес жыл болмақ. Осы уақыт аралығында екі мыңға жуық жануар жаңа отбасын тапты. Кейбірлері, тіпті, Германияға да жіберілген.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА