Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ӘСКЕР – ЕЛДІҢ БАСЫНА КҮН ТУА ҚАЛҒАН ЖАҒДАЙДА ЖҮГІНЕР ЕҢ МАҢЫЗДЫ КҮШ. «САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ» ДЕМЕКШІ, БҮГІНГІ ТАҢДА БЕЙБІТШІЛІКТІҢ ТУЫ ЖЕЛБІРЕГЕН МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ДЕ БЕС ҚАРУЫ САЙ, ӘСКЕРІ МЫҒЫМ. АЛ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – ӘРБІР ЕР-АЗАМАТТЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫ.

Өткенді еске алсақ, әскерге аттану да, келу де той-думанға ұласатын. Поштамен келетін үшбу хаттарды кезектесе оқитын туған-туыстарымыз: «Біздің баламыз пәлен деген жерде екен. Сірә, жердің түбі болар. Көп нәрсені көріп, достар тауып, шынығып келетін болды» деп марқаятын. 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың бел ортасы кезіндегі әскер көріп келгендер батыр секілді көрінуші еді. Ол кезде Кеңестік система әлі де болса сақталған әрі әскерде болу уақыты 2 жыл болатын. Әрбіріміздің әскерден оралған ағаларымыздың әскери костюмдерін, бас киімдерін жарыса әрі таласа киіп, мәз-мейрам болатынымыз да есімізде. Ал олардың әскердегі бастан өткен қызықты оқиғаларын естігенде аузымыздан су ағып, «Біз де тезірек әскерге барсақ» деп армандаушы едік. Қайран бақытты балалық шақ! Қайтып келетін уақыттағы қайта келмейтін сәттер-ай!

Отан қорғаушылар күні қарсаңында 44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарған, ал бүгінде зейнетке шыққан Орумбаев Бауыржан Қуанышұлымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Әскер қатарында болғандар жақсы білуге тиісті, онда «замполит» деген қызмет болады. Міне, Бауыржан Қуанышұлы 44803 әскери бөлімінде осы замполит болып қызмет еткен.

 

- Бауыржан Қуанышұлы, келе жатқан төл мерекеңізбен құттықтаймын! Әңгімемізді алдымен өзіңізден бастасақ деймін...

- Иә, рахмет! Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы. Мұны баршамыз білеміз. Біздің халқымыз жоғары патриотизм рухында тәрбиеленген. Адамзат тарихында жер бетінен жоғалып кеткен халықтар мен мемлекеттер аз емес. Тек патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік қана кез келген мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуіне кепіл болар негізгі күш. Жастарымыз да ерліктің дастаны болған бабаларымыздың жолымен жүріп келеді. Сондықтан болар, бұл мерекенің қазақ елі үшін маңызы өте зор. Содан кейін, Отан қорғаушылар күні әскери салада жүргендердің төл мерекесі болғанымен, бұл барша қазақстандықтарға ортақ мереке дер едім.

Ал өзіме келер болсақ, мен 1972 жылдың 18 қыркүйек Семей облысына қарасты Аягөз қаласында дүниеге келгем. Сол Аягөз қаласындағы № 2 қазақ орта мектебінде 8-сыныпқа дейін оқыдым да, 1987 жылы мына Қарағанды қаласындағы Республикалық әскери мектепке оқуға түстім. Содан 1990 жылы аталған оқу орнындағы оқуымды тәмамдап шығып, Ташкент қаласындағы әскери училищеге барамын. Баруын бардық, оқуға түстік. Алайда Кеңес Одағының ыдырауына байланысты Ташкенттегі оқуымды әрі қарай жалғастыра алмадым.

Енді не істеймін, Советтер Одағы құлады, 15 социалистік республикалар өз алдына тәуелсіз мемлекет атанып, әрбірі жеке-жеке отау тіге бастады. Балалық шағымнан армандаған әскери оқуымды жалғастыруға еш мүмкіндік болмады да елге оралдым. Десекте, уақытты созбай Жезқазған қаласындағы Педагогикалық институтқа «Физика және информатика» мамандығына түсіп, жоғары білімімді сол мамандық бойынша 1995 жылы аяқтап шықтым.

 

- Әскери салаға қалай келдіңіз? Әскери қызметкер болуыңызға не түрткі болды?

- Енді жоғарыда айтып өткенімдей, менің балалық шағым Аягөз қаласында өтті ғой. Кеңес Одағы тұсында көптеген әскери бөлімдер біздің Аягөз қаласында шоғырландырылған болатын. Қалада әскери қызмерлер көп болды. Әскери қатаң форма киген адамдарды күнде көресің. Сонда бала кезімде оларға қызығып қарайтынмын. Содан болар, менде оларға әскери адам болуды армандап өстім. Оның үстіне Кеңес Одағы кезінде идеология өте мықты болды ғой. Теледидардан соғыс, әскер, жауынгерлік, батырлық тақырыбындағы фильмдер көп көрсетілетін. Ол кезде қазіргідей қаптаған телеарналар жоқ. Әлгі киноларды қызығып тұрып көретінбіз.

Содан кейін, жоғарыда айтып өткенімдей, 1987-1990 жылдар аралығында Қарағанды қаласындағы Республикалық әскери мектепке оқыған кезімде алдымнан өзге әлем ашылғандай болды. Әскери жарғыны қатаң сақтау, әскери антқа адал болу, бұйрықтар мен өкімдерді бұлжытпай орындау мен үшін айнымайтын қағидаға айналды. Міне, осы жайттардың барлығы менің әскери саланы таңдауыма ықпал етті деп ойлаймын.

 

- Соңғы жұмыс орныңыздағы қызметіңіз туралы... Яғни, 44803 әскери бөліміндегі тәрбие және идеология жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?

- Әскери қызметшілермен жұмыс жасауда жауынгерлік және моральдық рух негізгі басымдық болып қаралмайтын армия жоқ шығар, сірә. Армия үшін барлық негіздердің негізі және мұндағы маңызды рөл тәрбие және идеология бойынша жұмыстарға жүктелген. Яғни, біздің міндет – нағыз әскери қызметші етіп тәрбиелеу болып табылады. Осы ретте тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаған замполиттердің қызығынан да қиындығы басым айтулы қызметтерін сөзбен суреттеп жеткізудің өзі оңай шағылатын жаңғақ емес. Бірақ қысқаша айтып өтетін болсақ, тәрбие және идеология жұмыстарының негізгі мақсаты – жеке құрамға патриоттық тәрбие беру, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сапалы орындау, курсанттарды тәрбиелеу, жоғары моральдық рух, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Бөлім командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары әскерилердің моральдық-психологиялық жағдайды қалпына келтіру, қастерлі әскери қызметкер мамандығының беделі мен имиджін арттыру, жауынгерлердің ар-намысының қорғалуын қамтамасыз ету, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін үлкен тәрбие жұмысын атқарады.

 

- Әскери қызметкер болу мінезіңізге, өміріңізге қалай әсер етті?

- Адам армандай білу керек екен. Кезінде, жастық шағымда, дәлірек айтқанда мектеп қабырғасында «военный» болуды армандадым. Сол арман жолында көздеген мақсатыма да жеттім.

Әскери салада болғаным өміріме, мінезіме өте жақсы әсер етті. Біріншіден уақытты бағалайсың, жоспарлап жүруді үйренесің, артық сөйлемеуге тырысасың. Сөзге берік, уәдеге серт болуды, жалпы тәртіпке бағынасың. Ал тәртіп туралы көзі тірісінде халық батыры атанған, өмірден өткен соң Кеңес Одағының батыры атағын иеленген, тұла бойы намыстан жаратылған хас қаһарман Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Жалпы, батыр ағамыз әр әскери қызметшінің үлгі тұтар ұстазы ғой. Ол туралы әрбір деректен халқына деген жанашырлықтың, батырлықтың ерен үлгісін, Отанын шексіз сүюді көруге болады.

 

- Запастағы подполковник ретінде еліміздің болашағы үшін алаңдайтыныңыз анық. Қандай ұсыныс айтар едіңіз.

- «Әскері жоқ ел, өзге елдің әскерін бағады» деген данышпандардың ұлы сөзі бар. Әскери қызметкерлеріміз, жалпы погон таққан азаматтар антына, еліне адал болса екен. Әскер қатарына ең мықты азаматтарды шақыртып тұрса, елімізде бәрі жақсы болады деп есептеймін.

 

- Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз...

- Барлық нәрсе тәрбиеден бастау алады. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керек дер едім. Ешқашан ашуға бой алдырмай, қызғаныш деген жаман қасиеттерді бойға дарытпау керек.

Білімін шыңдап, өзі сүйген мамандыққа бет бұрып, қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер жақсы маман иесі болса одан асқан бақыт жоқ деп білемін. Әрбір жас табиғаттың берген бойындағы барлық жақсы қасиетті шығарып, шынайы армандаса барлық армандарына қол жеткізері сөзсіз!

Еңсесі биік, Тәуелсіз ел жастарының патриоты мықты болуы тиіс деп білемін!

 

- Мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз...

- Иә, әрине. Алдымен 44803 әскери бөліміндегі барлық әріптестерімді келе жатқан төл мерекемізбен құттықтаймын! Әр сүйем жер үшін, ата-баба қонысын жаудан көздің қарашығындай қорғап жүрген еңсегей бойлы ерлерді, жаужүрек, қайсар мінезді сардарларымыз бен сарбаздарымызға амандық, денсаулық тілейміз. Еңселеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болсын. Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын. Қайратты, мақсатты болыңыздар. Еңбекте табыс тілеймін. Отанымыз аман, еліміз тыныш болсын!.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ