Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЕЛДЕГІ ЕҢБЕКТІ ЕРЛІККЕ БАЛАҒАН ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ХАС БАТЫРЫ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ АЙТҚАНДАЙ: «ТЫЛДАҒЫ ЕҢБЕК БОЛМАСА, МАЙДАНДА ЖЕҢІС ТЕ БОЛМАС ЕДІ». ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАРДА ҚАСІРЕТ КЕШПЕГЕН ШАҢЫРАҚ, ҚАЙҒЫ ЖҰТПАҒАН АДАМ ЖОҚ. СОЛАРДЫҢ БІРІ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ - ЖЕРЛЕСІМІЗ ИСАБЕКОВА САБИЛЯ ДЖАКТАЙҚЫЗЫ.

Исабекова Сабиля Джактайқызы 1934 жылы 9 қаңтарда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде ол небәрі жеті жаста еді.

1941 жылы маусым айында әкесі Джактай Көпбаевты анасы және әпкесімен бірге майданға шығарып салды. Дәл сол жылдың қыркүйек айында Сабиля Джактайқызы Қарағанды қаласындағы Ж.Жабаев атындағы № 7 мектептің табалдырығын бірінші рет аттап, 1-сынып оқушысы атанады. Алайда ел басына күн туған кезде ол көппен бірге «Всё для фронта, всё для Победы» атты көмек акцияларынан аянып қалмады. Барлығы жұмыла еңбек етіп, игілік жолында жүрді. Жылы киім-кешектерді, металл сынықтарын жинаумен айналысты. Жасөспірімдер теміржолда жиналып қалған қар үйінділерін тазартуға бар күшін салды.

Сабиля Джактайқызының естеліктеріне сүйенсек, сол сұрапыл уақытта ер адамдар жетіспегендіктен, анасы шахтада жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ол кезде әйелдер соғыста жүрген азаматарға жылы киім-кешек тігуге, тоқуға жұмылдырылған. 1945 жылы Джактай Көпбаев Будапешттен аман-есен оралды.

Соғыстан кейінгі жылдары Сабиля Джактайқызы Абай Құнанбаев атындағы Саран педагогикалық училищесін бітірді. Кейін қаламыздағы № 1 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып 37 жыл жұмыс істеді. Тұрмыс құрып, жолдасы Мағруп Балтабайұлы Исабековпен шаңырақ көтеріп, алты баланың ата-анасы атанды. Бүгінде көпбалалы ана 13 немере мен 14 шөберенің қызығын қызықтауда.

«Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында барлық сарандықтарға зор денсаулық, ашық аспан тілеймін. Жастарымыз өмірде биік белестерге жетіп, елдегі бейбітшілікті сақтауға, өз елінің игілігі үшін еңбек етуге атсалыса берсін. Еліміз тыныш болсын», - деп ізгі тілегін білдірді ұлағатты ұстаз.

Биыл Ұлы Жеңіске – 77 жыл. Жеңіс жолында қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды, талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Тіпті, соғыстан аман-есен оралып келгендердің ойларында от оранған күндердің елесі қалды. Отанын қорғаған жауынгерлердің айбыны, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің ерліктері мен жанқиярлықтары, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі. Ашық аспан мен бейбіт өмір үшін біз сіздерге әрқашан қарыздармыз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА